Трихомоноз – мал шаруашылығына үлкен зиян келтіретін, жыныс мүшелерін зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол негізінен сиырларда бедеулікке, іш тастауға, эндометритке әкеледі. Аурудың белгілері жіті және созылмалы түрде өтеді, ал кей жағдайларда сырттай байқалмауы мүмкін.
Бұқалар – трихомоноз тасымалдаушысы, ұзақ уақыт ауруды таратушы қызметін атқарады. Ауру негізінен шағылысу арқылы беріледі, ал емделмеген жағдайда малдың көбею қабілетін төмендетіп, экономикалық шығындарға алып келеді.
Трихомоноз – ірі қараның жыныс мүшелерін мекендеп, оларды зақымдайтын, бір торшалы қарапайымдылар қоздыратын протозооз. Қоздырғышы «Trichomonas foetus» қарапайымының пішіні алмұрт тәрізді, дөңгелек, сүйір дөңгелекті болуы мүмкін. Денесінің ұзындығы 8-30 мкм, ені 3-15 мкм. Паразит цитоплазмадан және ядродан тұрады. Паразиттің бір жағында жұқа жарғағы, ортасында денесіне тірек болатын өзегі бар. Ядросы алдыңғы жағына орналасқан.
Трихомонодалар қарапайым жолмен, ортасынан жарылып екіге бөліну арқылы өсіп, көбейеді. Көп бөлшекке бөліну кездері болатыны анықталған. Олар эритроциттерді, микробтарды және шырышты жеп, қоректенеді. Трихомонадалар көбейгенде шығатын улы заттары жыныс мүшелеріне патогендік әсерін тигізіп, оларды қабындырады.
Трихомоноз қоздырғыштары сиыр қынабының және жатырының кілегей қабығын, бұқалар шыбығының уретрасын, қосымша бездерін мекендеп, оларды қабындырады. Трихомонадалар іштегі төлде, төл жанындағы сұйықта да кездеседі.
Ірі қара трихомонозы – дүние жүзі елдерінде кеңінен тараған ауру. Ол біздің елімізде де жиі тіркеліп, көптеген экономикалық зиян келтіретін індеттер қатарына жатады. Трихомоноз әдетте малдың табиғи шағылысу кезінде жұғады. Ауру бұқалар сырттай қарағанда сап-сау болып көрінуі мүмкін. Ауру ластанған құрал-сайман, аспап арқылы да жұғуы мүмкін. Трихомонозбен әдетте шағылыс жасына жеткен мал ауырады. Трихомоноз шыққан шаруашылықта көптеген сиырлар қысыр қалады, кейбір буаз сиырлар іш тастайды, не құрсақтағы төлі іріп-шіріп кетеді. Ауру бұқалар белсіздікке шалдығады.
Трихомоноз Қазақстанда, әсіресе Оңтүстік аймақта жиі кездеседі. Ауру бұқамен шағылыстырылған сиырдың бірнеше күннен кейін ыстығы 40,8° C дейін көтеріледі. Ауру сиыр күйзеліп, аяғын тыпыршытып, арт жағына қарай береді. Тәбеті төмендейді, сауын сиыр сүтін кемітеді. Сиырдың сыртқы жыныс мүшелері қабынады, қызарады. Қабынған қынаптың ішінде үлкендігі тары түйіріндей бөртпелер шығады. Қынап ішіне шырышты жалқаяқ жиналып, олар паразиттерге қорек болады, себебі құрамында көптеген лейкоциттер мен эпителий торшалары бар. Емделмесе, ауру созылмалы түріне айналады. Төлдің дамуымен қатар жатырда трихомонадалар жедел өсіп-өнеді. Жатырдың кілегей қабығы қабынып, жалқаяқтың мөлшері көбейеді, ол ірің аралас қоймалжыңға айналады. Жалқаяқтың қоюлығы мен түсі жатырға тускен микроб түріне байланысты. Бұл катарльді-іріңді эндометритке тән белгілер. Мұндайда буаз мал ішінде төл 2-3 айлық кезінде өліп қалады. 1-3 айлық буаз сиырлардың іш тастауы әдетте байқаусыз өтеді. Кейбір жағдайларда іштегі төл іріп-шіріп, жатыр ішіне көптеп ірің жиналады. Ауырған сиырдың жыныс айналымы бұзылып, көп рет күйлейді, бірақ ұзақ уақыт қысыр қалады.
Қорыта келгенде, трихомоноз ауруы дамуының үш түрі кездеседі:
1. Катаральді-іріңді қынап кіреберісінің қабынуы;
2. Катарльді-іріңді жатыр кілегей қабығының қабынуы;
3. Қабынған жатырдың іріңге толуы.
Трихомоноздың созылмалы түрінде аурудың сыртқы белгілері байқалмайды, тек қана сиырдың сүті кемиді, қанында кейбір өзгерістер болады.
Диагнозды дәл анықтау үшін клиникалық белгілермен қатар лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Ауруды дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын қолдану маңызды. Бұған инфекция таралуының алдын алу, жұқпалы малды уақытылы емдеу және сау малды қорғау шаралары жатады.
Қ.ӘБДІМӘЛІК,
ОҚҒЗВС-ның аға зертханашысы,
С.ҚАНАТБАЕВ,
БҚҒЗВС-ның меңгерушісі,
А.АДИЛОВ,
БҚҒЗВС-ның ғылыми қызметкері