1 наурыз – «Алғыс айту күні». Бір кездері біздің елімізге «жүздеген ұлттар мен ұлыстардың лабораториясы» деген сөз айтылатын. Осыдан он бес, бәлкім, жиырма жыл бұрын демограф Сәбетқазы Ақатаев ағамыз «бұл қазақ қолдан ұйымдастырылған аштық пен саяси репрессияны көрмегенде бүгіндері 60-70 млн. болып толықсып отырар еді» дегені бар еді.
Солай екені рас. Сонау тың игеру жылдары өз елі, өз жерінде отыз пайызға да жетпей қалған қазақ жүрегінің өз даласындай кең екендігін ғасырлар бойы дәлелдеп келеді.
Саяси репрессия жылдары жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері «саяси сенімсіз» деген желеумен қазақтың сайын даласына жер аударылды. Ешқандай ескертпестен, жиналуға аз ғана уақыт беріп, мал қоралайтын, ашық-шашық эшалондарға тиеп, күз-қыс айлап жүріп қазақ даласына әкеліп, «төгіп» тастаған. Солардың бірі – ит жеккен жерден де алыс Сахалин аралынан жеткізілген кәрістер.
– Біздің ата-бабаларымызды бүкіл Сібірдің үстімен тозығы жеткен эшелонға тиеп Қазақстанға жеткізіпті,-дейді Шымкенттегі корей этномәдени орталығының төрайымы Роза Пак. – Жәйбарақат, дайындықсыз жүрген жерінен ұстап, қарумен қорқытып эшелонға қамаған ағайындарымыздың жартысы жолда аштық пен суықтан қырылып, сүйектері шашылып қалды. Қазақ жеріне осылай келдік…
Ата-аналарымыз «сендердің өмірлерің үшін қазақ халқына қарыздармыз» дегенді жиі айтатын. Жас болдық, мәнін көп түсінбеппіз. Біз ғана емес Қазақстанға айдаумен келген барлық этнос өкілдері осы азапты бастан кешірді. Бауырмал қазақ халқының арқасында аман қалдық. Қазақстан – біздің ортақ отанымыз. Сондықтан да жүрек қалауымызбен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнаттық. Бұл аш-жалаңаш, азып-тозып келген түрлі этносқа құшағын ашқан, қолындағы жарты нанын бөліп, үйінің төрінен орын берген қазақ ұлтына құрметіміз.
Тап осыған мағыналас пікірлерді Қап тауынан жер аударылған ағайындар да жүректері жылап тұрып айтады. Қазақтың шын жанашыры, «қазақтың қазағымын» дейтін Герольд Бельгерді қалай ұмытуға болады?!
Оның да ата-анасы жерлестерімен зұлмат жылдары Павольжеден Қазақстанға жер аударылыпты. Шұрық- тесік вагон. Қыс қаһарлы, аяз көкбеттеніп, сәл ашық қалсаң аяусыз тістейді. Бұларды алып келе жатқан, тұлып киген, ауыздарынан тоқшылық пен самогон иісі мүңкіген айдаушы солдаттар одан сайын зәре-құттарын алады.
«Сендерді қазақтарға әкеле жатыр. Олар жабайы халық. Кісі етін жейді» дейді де тұлыптарының жағасын көтеріп, қарқ-қарқ күледі. Аш-жалаңаш, біразы жолда үсіп өлген немістерде үн де, әл де жоқ.
Топырлатып айдалаға түсіріп кетеді. Күтіп тұрған түйелі, атты қазақтар жақындайды. «Ал, енді тірідей жейді». Жемепті. Ешқайсысын. Жалмауызға ұқсамайды екен. Көздері мейірімге тұнып тұр. Қолдарындағы киіз жамылғы, тондарын үстеріне жабады. Ымдап жүріп әр отбасын өз үйлеріне бөліп алады. Ауызғыны қоспағанда екі бөлмелі қоржын там. Бір бөлмесін босатып қойған. Ыстық қауметін жік-жаппар болып ұсынып жатыр. Араға ай түспей бұрын бірін-бірі көрмеген, ұлты да, діні де, дәстүрі де бөлек екі халықтың адамдары тонның ішкі бауындай дос болып кетті.
Бұл – мәңгілік достық. Негізі, неміс ұлты – ерекше халық. Көпшілігі тарихи отандарына қайтты. Қазақстаннан көшкендердің ұрпағы Германияда дүниеге келді. Сөйте тұра барлығы қазақтан көрген жақсылығын ұмытпайды. Әлі күнге дейін қазақ туын жайнатып, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тамағын пісіріп, қазақша ән айтып, қазақ әуеніне билейді. Осындай бауырмал ұлттың баласы болғандығың үшін жүрегіңді мақтаныш кернейді.
Бұған дейін де Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Бұлардың бәрі бақытын қазақ жерінен тапты.
Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн.
Сөз басында сонау тың игеру жылдары қазақтың өз жерінде отыз пайызға жетпей қалғанын айттық. 1991 жылы Тәуелсіздікке қол созғанымызда қазақтың саны қырық пайызға жетпеген екен. Дәл осы өлара кезде, қазақтың тағдыры сынға түскен зар заманда бізге Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар көмекке келді. Басқалар ұқсап түтініміз түзу ұшпай, қолға мылтық алып қырқысудан аман қалдық.
Әйтсе де ойланатын жайттар жоқ емес. Бүгінде Қазақстандағы қазақтардың үлесі жетпіс пайыздан асты. Алла алқады. Жұрттың тілеуі, арманы орындалды. Бірақ қиын кезде жел тұрса, ыққа ығысатын бәзбіреулерге Қазақстанның тыныштығы жақпайды, білем, «Қазақстан тек қазақтар үшін» дейтіндер де табылып жатыр. Олай емес. Тағдыр талайымен елімізге келген этнос өкілдері Отанымыздың кемелденуіне зор үлес қосып жүр.
«Қазақстан – менің Отаным» дейді. Осы сөз – дұрыс пікір. Қиын-қыстауда қазақтан пана тапқан ағайынға біз де рақмет айтамыз. Не үшін екенін жеткізген сияқтымыз. Мемлекетіміз айдынданып, келешегі мықты болып, тұғырлы болсын!
Бақтияр ТАЙЖАН