Редакция таңдауы

Ғалым, инженер, педагог

Білім мен ғылым саласы секілді қарқынды түрде жаңарып, жаңғырып отыратын басқа бір саланы біздің елімізде айту қиын. Реформалардың күрделі кезеңдерін өткерген ғылым мен жоғары білім саласы, уақытында өздерін қызметтің басқа да салаларында нәтижелі көрсете білген мықты ғалымдар мен педагогтардан айырылып қалды. Жоғары мектепте тек өз саласына мейлінше берілген және өз еңбегін шексіз сүйгендер, өздерін академиялық қабырғадан тыс елестете алмайтындар мен идея үшін қызмет ететіндер ғана қалды. Бүкіл өмірін еліміздің белгілі жоғары оқу орнының гүлденуіне арнаған осындай ғалымдардың бірі – жоғары мектеп ұйымдастырушысы, М.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик
Жамбыл Талхаұлы Әйменов.

Адамның өмірі – оның өмір сүрген жылдарындағы бастан өткерген қиыны мен қызығы, қуанышы мен реніші бірін-бірі алмастырып жататын баға жетпес оқиғалардың маржандар тізбегі секілді. Біздің замандастарымыздың маңдайына ерекше тағдыр бұйырған, ол – тарихи кезеңдер тоғысында өмір сүру бақыты. Заманымыз үздіктерді шыңдап, жоғары деңгейлі кәсіби мамандарды тәрбиелеумен бірге, оларға жаңа елді, оның экономикасын, ғылымы мен білімін жасау мен дамытудың ерекше мүмкіндігін берді. Қазақстанның жоғарғы мектебі үшін осындай тұлғалардың бірі, отандық ғылым жолында өзінің бірегей қабілетін, инженерлік және ұйымдастырушылық талантын жұмсап жүрген техника ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Әйменов. Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті оның 70 жылдық айтулы мерейтойын атап өтуде.

Оңтүстіктің қасиетті топырағында туған ол өн бойына туған өлкесінің даналығын, дәстүрге беріктігі мен адалдығын артығымен жия білді. Сол кездерде іс-сапармен осы өңірде жүрген Қазақстан Компартиясының жетекшісі Ж.Шаяхметов «Ұлы ақын Жамбылдай болсын!» деген батасымен бірге ақынның есімін берген екен.

Қазақта тектілік деген ұғым бар. «Тегіне тартпай қоймайды» дейді. Тектілік – ұрпақтың бойында атаның, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарып, ұрпақтан-ұрпаққа жететін қасиет. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Жамбылдың әкесі Талха Әуелұлы Әйменов – Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі, 1945 жылғы Мәскеудегі Жеңіс шеруінің қатысушысы, еліміздегі су мен ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушыларының бірі. Ол ұжымшар төрағасы, жылжымалы механикалық колонна, аудан басшысы, Кеңес Одағының су шаруашылығы министрлігінің «Главриссовхозстрой» одақтық бірлестігінің жетекшісі, ондаған кеңшарлар мен 5 үлкен құрылыс трестін біріктірген Оңтүстік Қазақстан облыстық өндірістік-құрылыс бірлестігінің төрағасы болып қызмет істеп, дербес зейнеткерлікке шықты. Тәкең ағамыз басқарған Одақтық бірлестік республикамыздың оншақты облысында су қоймалары мен каналдар салып, мақта, күріш, көкөніс өсіретін жаңа кеңшарлар құрып, ауыл шаруашылығының алтын қоры болып есептелетін суармалы егіншілікті дамытуда орасан зор үлес қосты.

Тәкең ағамыз құшағы кең, кісілігі мен кішілігі тең, жүрегі дархан, көңілінен шуақ шашып тұратын текті азамат болатын. Сөйлесе тереңінен қозғап, ағынан жарылып, ақыл айтса шын пейілімен, жетеңе жеткізіп айтатын, үлкенге кішіпейіл, ініге мейірімді жан еді. Ол кісіде намысқа тиіп, ашу шақыру, адамдарды алалау деген болмайтын. Дәлелді сөзге тоқтап, дәлелсіз сөзге мойнын да бұрмайтын. «Әкенің үлгісі – балаға сабақ» деген. Су шаруашылығы ұйымдастырушылары саңлақтарының тұтастай бір буынын тәрбиелеген әке беделі, оның білім мен ғылым алдында бас июі мен өз балаларын сауатты мамандар ретінде биіктен көруі Жамбыл Талхаұлының таңдау жолын анықтап берді. Әке өсиетімен ол 16 жасында Қазақ химия-технологиялық институтының инженерлік-құрылыс факультетіне түсті. Өмірінің осы кезеңі Жамбыл Әйменовтің тағдырына ерекше ықпал етіп, оның бойында ер мінезді,

ұйымдастырушылық қабілетті, көшбасшылық талант пен адамдармен жұмыс істей білуді қалыптастырды.

Жамбыл студенттер арасында ең жасы болатын. Институтта оқу үрдісі орыс тілінде болғандықтан қазақ мектебін бітірген балаға оңайға соқпаса да, оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, 21 жасында ғылыми және оқытушылық қызметін бастады. Дәл осы жылдарда оның инженерлік таланты мен техникалық мәселелерді шешудегі соны тәсілдерді табу қабілеті байқалды.

Ғылыми ізденіс жүргізу шеберлігі оқу барысында байқалған Жамбыл институттың Ғылыми Кеңесінің шешімімен Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының мақсатты аспирантурасына жолдама алды. Әйгілі ғалым-профессорлар Т.М.Штоль мен В.С.Абрамовтың жетекшілігімен тәлім алған Жамбыл Әйменов білімді жастардың қатарын толықтырды. Оның ғалым ретінде қалыптасуында үнемі ғылыми зерттеу мәселелері жөнінде құнды кеңестер беріп отырған ҚР ҰҒА Президенті, академик М.Ж.Жұрыновтың еңбегі орасан зор.

1982 жылдан 1985 жылға дейін Ж.Әйменов жолдама бойынша Жамбыл гидро-мелиоративті-құрылыс институтында доцент, құрылыс факультетінің декан орынбасары, институттың жас ғалымдар кеңесінің және Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің облыстық жас ғалымдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1985 жылы ҚазХТИ-ға Құрылыс факультеті деканының орынбасары қызметіне қайта оралды, 33 жасынан 1988-1993 жылдар аралығында осы факультеттің деканы қызметін атқарды. Осы кезеңде оның ұйымдастырушы және ғалым ретіндегі қабілеті көзге түсті. Оның ғылыми жетістіктері Ресейде, Украинада, Германияда, Болгарияда, Өзбекстанда танылып, құрылыс өндірісінде қолданылды.

Ерекше ұйымдастыру қабілеті мен мәселелерді шешуде мемлекеттік тұрғыдан келуі Ж.Әйменовтің 1993 жылы институттың кешкі және сырттай оқыту жөніндегі проректор қызметіне тағайындалуына себепші болды. Осы қызметі барысында ол оқытудың аталған түрлерінің дамуына зор үлес қосты.

Жамбыл өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыра отырып, 1996 жылы Ресейде докторлық диссертациясын қорғады және институттың ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор қызметіне тағайындалды. Сол кездерде ол өз саласы бойынша Қазақстандағы екінші ғылым докторы еді.

Бұл қызметтерде істей жүріп Ж.Әйменов Білім министрінің Құрмет грамотасымен және басқа да көптеген дипломдармен, грамоталармен наградталды. Мұндай жетістіктер оның көп жылдық ғылыми ізденістері мен жемісті ұйымдастырушылық қызметінің нәтижесі болатын.

Ж.Әйменовтің ғылыми бағытына үш жүзге жуық мақалалары және сегіз ғылыми монографиясы дәлел бола алады. Ол әрдайым өндіріспен тығыз байланыста болумен қатар, ғылыми кадрларды даярлаумен айналысты. Оның ісін төрт ғылым кандидаты мен магистранттар жалғастыруда. Ж.Әйменовтің ғылыми жұмыстары Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Германия, Жапония, АҚШ, Болгария және басқа да көптеген елдерде өткен ғылыми конференцияларда баяндалды.

1996 жылы Ж.Әйменов Халықаралық экология және табиғатты пайдалану академиясының (Мәскеу қ.) академигі, 1999 жылы – Халықаралық педагогикалық ғылымдар академиясының (Мәскеу қ.), Халықаралық психология, кәсіпкерлік және менеджмент академиясының (Петербор қ.) толық мүшесі болып сайланды. 2008 жылы Жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының академигі және 2013 жылы Халықаралық психология ғылымдары академиясының академигі (Мәскеу қ.), Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі (2012ж.), 2018 жылы ҰҒА Құрметті профессоры, 2024 жылы Ресей Сәулет және Құрылыс Ғылымдары Академиясының академигі болып сайланды.

Алматы Стромпроект ҒЗИ-дің, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің, Қ.Сәтбаев атындағы ҰЗТУ-нің диссертациялық кеңестерінің мүшесі, ХҚТУ «Хабаршы» журналының, «Оңтүстік Қазақстан ғылымының жаршысы» журналының және Ресейдегі бірнеше ғылыми журналдың редакция алқасының мүшесі бола отырып, Ж.Т.Әйменов республиканың ғылыми кадрларын дайындауға сүбелі үлес қосуда.

1997 жылы профессор Ж.Әйменов Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің президенті, академик М.Жұрыновтың шақыртуымен осы университеттің оқу ісі жөніндегі проректор болып ауысты, ал 2004 жылдан бастап ХҚТУ вице-президенті болды. 2004-2012 жылдар аралығында институттың директоры және университеттің вице-президенті қызметін атқарумен қатар, ЖОО-ның дамуына, оның әлемнің жетекші университеттерімен халықаралық және ғылыми байланыстарын нығайтуға, инновациялық оқыту тәсілдерін енгізуге қомақты үлес қосты.

Бұл жылдары Ж.Әйменов облыс пен республиканың қоғамдық өміріне белсенді қатысты. 2007 жылы «Нұр Отан» партиясының ұсынуымен облыстық маслихаттың депутаты болып сайланып, Түркістан қаласының дамуына, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, «Таза су» бағдарламасының жүзеге асырылуына елеулі үлес қосты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ж.Әйменов 2000 жылы «Отырар ауданының құрметті азаматы», ал 2008 жылы «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атанды.

Жамбылдың кеңдігі, азаматтығы да бір өз алдына бөлек тақырып. Меценат ретінде меншігіндегі ұзындығы 36 км, ауданның көптеген мақта және жүгері алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған ірі гидротехникалық құрылыс Т.Әйменов атындағы магистральді каналды (бұрынғы «Көк-Мардан») Отырар ауданының коммуналдық меншігіне тегін сыйға берді.

2012 жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Ж.Әйменов М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірінші проректоры қызметіне тағайындалды. Ірі көпсалалы ЖОО-ның бірінші проректоры ретінде Ж.Әйменов ЖОО-ны жаңашаландыру, зерттеуші ЖОО мәртебесіне ауысу жөнінде қомақты ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарын жүргізді.

Ж.Әйменов ірі көпсалалы университеттің стратегиялық дамуының жаңа жоспарына жетекшілік етті және білім беру сапасын арттыруды басты мақсат тұтумен қатар, оқу үрдісіне жаңа әдістемелерді енгізу жөнінде ауқымды үлес қосты. Ол ЖОО-ны басқару жүйесін жетілдіруге, ғылыми-зерттеу институттарының, орталықтарының жұмысын дамытуға, ғылыми және инновациялық қызмет деңгейін арттыруға сүбелі іс атқарды. Білім беру сапасын арттыру, электронды пошта мен электронды хат алмасуға көшу мәселелеріне көп көңіл бөледі. 49 жыл бойы республиканың ірі-ірі екі бірдей жоғары оқу орнындағы басқарудың күрделі қызметі Жамбыл Талхаұлына ауқымды ғылыми-зерттеу жүргізуге кедергі келтіре алмады.

Профессор Ж.Әйменов негізгі ғылыми бағытты айқындап алған соң, оларды жаңа технологиялармен біріктіруге кірісті. 2013 жылы оның ғылыми жобасы жалпы сомасы 36 млн. теңге болатын, ал 2015 жылы 22 млн. теңге болатын БҒМ гранттарын ұтып алды.

Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша Ж.Әйменов 8 монографияны, 24 оқулық пен оқу құралдарын, 62 әдістемелік құралдар мен нұсқауларды жарыққа шығарды. Ол 2015 жылы халықаралық ғылыми ұйым мойындаған дүниежүзілік ғылыми ашылымның авторы ретінде танылды.

Білікті мамандар дайындау мен жоғарғы мектеп модернизациясы саласындағы оның еңбектері «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10, 20 жыл» (2001, 2011ж.), БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының «Адами фактор» ғылыми еңбектері үшін» (Мәскеу қаласы, 2013 ж.), Қазақстанның «Ұлттық олимпиада комитетінің құрмет белгісі» (2014ж.), «ОҚО дамуына сіңірген еңбегі үшін» (2012 ж.) медалдарымен, «Білім беру үздігі» (1996 ж.), «Білім беру саласының құрметті қызметкері» (2004 ж.), «Қазақстан ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» (2013 ж.), «Спорт дамуына сіңірген еңбегі үшін» (2012 ж.) төсбелгілерімен, Білім және ғылым министрлігінің (1993ж.) және Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облысы, Шымкент қаласының мәслихаттарының Құрмет грамоталарымен, КСРО және Қазақ ССР халық шауашылығы жетістіктері көрмелерінің дипломдарымен марапатталған.

Республиканың білімі мен ғылымына қосқан зор үлесі үшін Ж.Әйменовке Президент Жарлығымен 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ол 2020 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

49 жыл бойы оқытушыдан ЖОО-ның бірінші проректорына, ірі ғылыми зерттеу институтның директорына дейінгі жолды жүріп өткен Ж.Т.Әйменов өзінің айналасына пікірлестер тобын жинап, оқушыларға ұлағатты тәрбие беріп, еліміздегі жоғары мектептің білікті мамандарының бірі бола білді. Тумасынан тұғыры мықты, кісілігі мен кішілігі тең, мен демей ел деп жүрген Ж.Әйменов өмірінің сегізінші белесіне қадам басса да, әлі сол жігіт қалпы, байсалды, байыпты, асықпайды, аптықпайды.

Інім Жамбыл Талхаұлына әрқашан осындай қарапайым қалпынан танбай, кісілік пен кішіпейілдікті қатар алып, құдай қосқан қосағымен бірге бала-шағаларының, немерелерінің қызығын көріп, дені сау, ұзақ та бақытты ғұмыр кешіп, абыройы асқақтап, ел құрметіне бөленіп жүре берсін дегім келеді. Оның ғалым-педагог әрі мықты ұйымдастырушы ретінде танылған таланты әлі де талай жылдар бойы ұлтымыздың зияткерлік дамуы мен еліміздің инновациялық әлеуетін арттыруға қызмет ете бермек.

Қ.АЙТАХАНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика
ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан университетінің Құрметті профессоры

Соңғы жаңалықтар