Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Онда қала басшысы Қ.Қазиев көшесінің Ұ.Арғынбеков көшесінен Қ.Төлеметовке дейінгі, ал О.Жандосов көшесінің Ә.Сасбұқаевтан Ұ.Адырбековке дейінгі ұзарту жобасымен танысты. Құрылыс компаниясының өкілдерімен жобаның жүзеге асырылуын және бюджеттік шығындарды оңтайландыру үшін құнының түзетілуін егжей-тегжейлі талқылады.
Сонымен қатар, Ә.Сасбұқаев көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмысын тексерді. Сондай-ақ, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына осы құрылыспен қатар, көгалдандыру мен абаттандыру жұмысын қатар жүргізуді тапсырды.
Қала әкімі Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның жөндеу жұмысымен танысты. Стадиондағы газонның 1969 жылы ашылғалы бері жаңартылмағаны айтылды. Бұл мәселеге қатысты
Ғ.Сыздықбеков алдағы уақытта аренаға табиғи шым төселіп, автоматты суару жүйесі орнатылатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, футболшылардың физикалық дайындығы үшін жаттығу залының құрылысы жоспарланған болатын. Мұнда қала басшысы стадион басшылығы мен мердігер ұйымға мүгедектігі бар және әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екенін ескертті.
Апта ішінде қала әкімі
Ғ.Сыздықбеков бірнеше білім беру нысанын аралады. Алдымен Тұран ауданында орналасқан дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ-лицей-интернатының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, бүгінде жөндеу жұмыстарына байланысты бұл мектептегі оқушылардың бір бөлігі уақытша №35 орта мектепте білім алып жатыр.
Сонымен қатар, Ғ.Әбдімажитұлы О.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарына байланысты оқушылардың бір бөлігі уақытша №11 орта мектепке ауыстырылған. Сонымен қатар, жуырда күрделі жөндеу жұмысы басталатын 779 бала білім алатын Ақпан Батыр атындағы №10 орта мектепті аралады. Мұндағы оқушылар жөндеу кезеңінде №12 және №14 мектептерге орналастырылады.
Қала әкімі аралау барысында Мукими атындағы №13 орта мектепке барып, №99 мектеп-гимназиясының ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Жауапты тұлғаларға барлығын мұқият бақылап, жұмыстың сапасына назар аудару қажеттігін ескертті. Әсіресе, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде – жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау маңызды екенін атап өтті.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ