Шымкентте 2025-2027 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 423,6 млрд теңгеге 12 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында 3 тауарлы сүт фермасы (инвестиция құны – 4,8 млрд. теңге), 3 жеміс-көкөніс сақтау қоймасы (инвестиция құны – 8,9 млрд. теңге), 2 құс фабрикасы (инвестиция құны – 33,0 млрд. теңге), 3 жылыжай кешені (инвестиция құны – 372,7 млрд. теңге), 1 құрама жем зауыты (инвестиция құны – 4,2 млрд. теңге) бар.
Биыл 2 тауарлы сүт фермасы және 3 жеміс көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр. Нәтижесінде 12,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Құрылыс аяқталған соң 7,5 мың тонна сүт, 6,3 мың тонна жеміс пен көкөніс сақталатын болады.
Сонымен қатар, 2024 жылдың тамыз айында Шымкентте Орталық Азиядағы ең ірі қызанақ өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысын бастау туралы шешім қабылданған-ды. Қазіргі таңда инвестор кезең-кезеңімен бетон құю мен болат конструкцияларын монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары жоспар бойынша 2026 жылы аяқталады.
Ауқымды инвестициялық жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды, ал жалпы ауданы – 650 гектар. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, толықтай аяқталған соң 5 мың жұмыс орны құрылмақ. Жылыжайдың жылдық жалпы өндірістік қуаты 155 мың тонна қызанақ болады деп жоспарланған.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ