Редакция таңдауы

Ең үлкен жетістік – халықтың сеніміне ие болу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің мәні мен маңыздылығын айқындап, оның халық алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті. Ол «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақдәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деген еді. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету екенін баса айтты. Билік халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселелерін жедел әрі әділ шешуге міндетті. Әрбір қабылданған шешім тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың рөлі ерекше. Себебі, күнделікті өмірде халық тікелей әкімдікпен байланысады, өзекті мәселелерін сол жерде көтереді. Осы орайда, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаевпен мемлекеттік қызметтің рөлі, тұрғындардың өзекті мәселелері және алдағы жоспарлары туралы сұхбаттастық.

– Ерлан Миятбекұлы, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі қандай?

– Мемлекеттік қызмет – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі басқару жүйесі. Ол халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға, экономиканы дамытуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заңның орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік қызметкерлер халық пен билік арасындағы көпір іспетті, олар азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға, күнделікті өмір сапасын жақсартуға жауапты. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесінде ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған бірқатар реформалар жүргізілуде. Ең басты өзгерістердің бірі – цифрландыру. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру арқылы бюрократиялық кедергілер азайтылып, халыққа қызмет көрсету уақыты қысқарды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылдау мен мансаптық өсуді меритократия қағидаттары бойынша жүргізу күшейтілді. Яғни, білімі мен білігі жоғары, тәжірибелі мамандардың қызметке орналасуына басымдық беріледі. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары күшейтіліп, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі арта түсті.

– Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстың басы-қасында жүретін де мемлекеттік қызметшілер. Олай болса, олардың бойында қандай қасиет болуы тиіс?

– Мемлекеттік қызметкерден, ең алдымен, кәсібилік, жауапкершілік және адалдық талап етіледі. Бұл – халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Себебі, қабылданған әрбір шешім тұрғындардың өміріне тікелей әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз қызметін заң аясында адал атқарып, халықтың мүддесін қорғауға және олардың мәселесін шешуге барынша күш салуы керек. Сонымен қатар, ол халықпен тиімді қарым-қатынас жасай білуі, кез-келген мәселені шұғыл әрі сапалы шешуге ұмтылуы қажет. Мемлекеттік қызметшінің шешімдері тек заңға ғана емес, әділет пен тиімділік қағидаттарына да негізделуге тиіс. Мемлекеттік қызметкер болу – бұл халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Қазір заман талабына сай мемлекеттік қызметшілерден цифрлық сауаттылық, заманауи технологияларды меңгеру және өзгерістерге бейімделу қабілеті де сұралады. Қызметті халыққа ыңғайлы әрі жылдам көрсету үшін цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде Egov.kz электронды порталы арқылы тұрғындар қажетті анықтамалар мен қызметтерді онлайн түрде ала алады. Сонымен қатар, Telegram-боттар мен мобильді қосымшалар енгізіліп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, көптеген мемлекеттік қызмет түрін пайдалану мүмкіндігі жасалды. Open Shymkent секілді платформалар арқылы тұрғындар өз өтініштерін жолдап, олардың орындалу барысын бақылай алады.

– Ауданда инфрақұрылым бойынша қандай жобалар қолға алынды?

– Қазір ауданда бірнеше маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Жол жөндеу және көше жарығын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, жаңа мектептер мен балабақшалар салу арқылы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде. Халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында қоғамдық орындарды абаттандыру, жаңа саябақтар мен демалыс аймақтарын құру жоспарланған. Аудан әкімдігінде тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беру мақсатында бірнеше байланыс арнасы жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде де аудан әкімдігінің ресми парақшалары белсенді. Сонымен қатар, Call-орталықтар мен қоғамдық қабылдау бөлімдері арқылы азаматтардың өтініштері қабылданып, оларға дер кезінде жауап беріледі. Open Shymkent платформасы арқылы тұрғындар өз сұрақтарын онлайн форматта жолдап, олардың орындалу барысын бақылай алады.

– Мемлекеттік қызметтегі бюрократияны азайту үшін қандай қадамдар жасалуда?

– Бюрократияны азайту үшін негізгі күш мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен цифрландыруға бағытталған. Қазіргі уақытта көптеген анықтамалар мен рұқсат құжаттарын алу электронды форматқа көшірілді. Бұл процестердің жылдам орындалуына мүмкіндік беріп, қағазбастылықты азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету процедуралары жеңілдетіліп, қажетсіз әкімшілік кедергілер алынып тасталды.

– Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?

– Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру үшін, ең алдымен, ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын нығайту қажет. Жемқорлықпен күрес күшейтіліп, мемлекеттік қызметке қабылдау әділ түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы олардың еңбекке деген ынтасын арттыру маңызды.

– Өз қызметіңіздегі ең үлкен жетістік деп нені айтар едіңіз?

– Мемлекеттік қызметші үшін ең үлкен жетістік – халық сеніміне ие болу. Егер аудан тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарып, олардың өтініші уақытылы орындалып жатса, бұл – атқарылған жұмыстың басты нәтижесі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар