Енді мейіргерлер науқастарды өзі қабылдап «диагноз» қоя алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше ай бұрын айтқан еді. Бұдан дәрігерлердің жүктемесі азайып, медициналық қызмет қолжетімді болады. Оны жүзеге асыру үшін алдымен мейіргерлерді арнайы бағдарлама бойынша оқытып алмақ.
Жан-жақты тәжірбие алмасу мен шетелдік мамандардың біліктілігі бұл тұста аса қажет. Бұл мақсатта өңірлерде арнайы форумдар мен конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Дәл осындай маңызды жиынның бірі Шымкентте өтті. «Meйipгep iciнің дамуы: жетістіктері мен өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық конференцияға Ресей, Литва, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдерінен тәжірбиелі мамандар шақыртылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, «Шымкент қаласының орта буын медицина қызметкерлерінің Ассоциациясы» Қоғамдық бірлестігі, «Авиценна» жоғары медициналық колледжінің профессорлары мен қызметкерлері және А.Молдагазиева атындағы Бішкек медициналық колледжі, Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясы жанындағы медицина колледжінің мамандары қатысты.
Конференция барысында мейіргерлердің кәсіби білімін жетілдіру, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, медициналық қызмет сапасын жақсарту және заманауи әдістерді енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, хирургиялық, акушериялық және жалпы тәжірибелік мейіргерлік көмектің қауіпсіздігін арттыру, мейіргер ісінің менеджменті мен заңнамалық аспектілерін талқылау бойынша пікір алмасулар өтті.
– Шымкент қаласында тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін 11 мыңнан астам мейіргер жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында олардың рөлі орасан. Себебі, кез-келген ауруханада науқаспен ең бірінші кездесетін – мейіргер. Сондықтан бұл мамандық иелері жан-жақты білімді, білікті әрі тәжірибелі болуы қажет. Мейіргерлер – дәрігердің басты көмекшісі ғана емес, сонымен қатар профилактикалық жұмыстарды атқаратын маңызды мамандық иелері. Осы ретте шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу жергілікті медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына ықпал етеді. Форум аясында алғашқы күні теориялық білім берілсе, екінші күні тәжірибеге басымдық берілді. Сондай-ақ, соңғы үш жылда мейіргерлердің жалақысы көтерілген. Еліміздің басқа қалаларындағыдай Шымкент қаласының мейіргерлері шетелдік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие. Бұл шаралар мейіргер ісінің сапасын арттырып, медициналық қызмет көрсетудің деңгейін көтеруге бағытталған, — деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Шара аясында қатысушыларға арнайы шеберлік сыныптары өткізіліп, тәжірибелік дағдылар көрсетілді. Шетелдік профессорлардың қатысуымен Шымкент қалалық №2 ауруханасында емделушілерді қабылдап, жоспарлы операциялар көрсетілді. Бұл туралы аталған аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов мәлімдеді.
– Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, мейіргерлер науқастарға жасалатын емнің 80 пайызын өздері жүргізеді. Олар таңертеңгілік тексеру, жалпы жағдайын бақылау, қан қысымын өлшеу, алғашқы медициналық көмек көрсету секілді міндеттерді орындайды. Ал дәрігерлер тек күрделі операциялар мен жоғары деңгейдегі медициналық шешімдер қабылдауға жауапты. Қазақстанда да дәл осы жүйені енгізу қажет. Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық конференцияда осы маңызды мәселелер талқыланды. Медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін мейіргерлер тек ем-дом жасаушы ғана емес, фармацевтика, анатомия, медициналық заңнамалар мен құқықтық нормаларды меңгерген, жан-жақты білімді маман болуы тиіс. Науқастардың сауығып кетуінде дәрігерлермен қатар мейіргерлердің білімі мен тәжірибесі де шешуші рөл атқарады. Сондықтан алдағы уақытта мейіргерлердің жауапкершілігі артып, олардың медициналық қызметтегі орны күшейе түседі, -дейді Б.Позилов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай конференциялар медицина саласындағы орта буын қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, мейіргер ісінің халықаралық деңгейде дамуына жаңа серпін береді.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ