Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкенттегі «Достық» үйінде ұйымдастырылған «Бірлік пен бейбітшілікке толы 30 жыл» атты кітап көрмесі еліміздегі этносаралық келісім мен ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап берді. Бұл іс-шара елімізде бейбітшілік пен татулықтың қалыптасу жолын, көп ұлтты қоғамның тұрақтылығы үшін атқарылған жұмыстарды паш ететін маңызды мәдени оқиға болды.
Көрменің Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылу тарихын таныстыру, оның ел бірлігі жолындағы рөлін көрсету, сондай-ақ жас ұрпаққа ынтымақ пен келісімнің маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Ассамблеяның түрлі кезеңдерін қамтыған көрме кітаптар мен басылымдар арқылы түрлі мәдениет тоғысқан қоғамдағы татулық пен бірліктің сақталуына бағытталған жұмыстарды насихаттады.
Іс-шара барысында келушілерге ҚХА-ның құрылу тарихы мен оның ел ішіндегі қоғамдық-саяси орны туралы ғылыми еңбектер, монографиялар, баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар, Ассамблеяның әлеуметтік және мәдени салалардағы ықпалы жайлы мағлұмат беретін материалдар да көрмеге қойылды. Көрме қатысушылары Қазақстанның этносаралық келісім жолындағы жетістіктерімен танысып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қалыптасуына бағытталған жобалар туралы ақпарат алды.
Бұл шараға қаладағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы, Абай кітапхана, А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхана, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы, қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өздерінің бай кітап қорымен қатысты. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты құнды материалдарды ұсынып, оқырмандарға тереңірек ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Ал іс-шараға қала тұрғындары, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапхана мамандары, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері мен «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері қатысты. Көрме аясында олар Ассамблеяның 30 жылдық тарихи кезеңдерімен танысып, Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылықтың қалыптасу жолдары туралы мол мағлұмат алды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы ең маңызды институттарының бірі. Осы 30 жыл ішінде Ассамблея этностар арасындағы татулықты сақтау мен нығайтуда үлкен рөл атқарды. Бүгінгі көрме – осы жетістіктерімізді көрсетуге, жастарға бірліктің құндылығын түсіндіруге арналған маңызды шара. Біз болашақта да еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін сақтау жолында еңбек ете береміз, – дейді Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов.
Бұл көрме – тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар беретін, қоғамдағы бірлік пен бейбітшіліктің маңызын ұғындыратын мәдени шара болды десек қателеспейміз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА