1 наурыз – түрлі этнос өкілдері тағдырдың қилы соқпағында бауырына басып, қонақжайлық танытқан қазақ халқына алғыс айтатын күн. Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың жиырмасыншы-елуінші жылдары аралығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адам өзінің туған жерінен кетуге мәжбүр болып, қазақ жеріне келіп қоныстанған еді. Осындай қиын жағдайға тап болған этнос өкілдерін қазақ халқы шаңырағына шақырып, төрінен орын берді. Бүгінде елімізде олардың ұрпақтары бір шаңырақ астында бейбітшілік пен бірлікте тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр.
Жер-дүниенің жаңарып, жасанатын кезеңінде Алғыс айту күнінің аталып өтілуі де мерекеге ерекше көрік береді. Бұл күні біз еліміздегі этнос өкілдерінің басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймаймыз. Ертеңге деген сенімімізді күшейте түсеміз. Өйткені ұлттардың бір-біріне деген ыстық ілтипаты елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайтады.
«Әлемде қазақтан асқан мейірбан халық жоқ»
Менің ата-бабам Грузия Республикасы Аспиндза ауданы Ван ауылынан түріктермен бірге Қазақстанға көшірілген екен. Олар Түркістан облысы Сайрам ауданы Көмешбұлақ колхозына қарасты болған Ленинжол ауылына қоныстаныпты. Әкем Гүләлі Қочалыұлы ол кезде небәрі 13 жастағы бала болған. Анам Фикош Құрбанова да Грузия Республикасы Аспиндза ауданы Ван ауылында туған.
Әкем 1939 жылы Грузия Республикасы Аспиндза ауданы Ван ауылындағы мектепке бірінші сыныпқа барған екен. Ол әзербайжан тілінде білім алып, қосымша грузин және орыс тілдерін де оқыпты. 1944 жылы Қазақстанға жер аударылғаннан кейін Ленинжол ауылындағы 10 жылдық жалпы орта мектептің 2 сыныбына қабылданып, оны 1956 жылы бітіріп шығады. Әкем қазақ балаларымен жақын бауырдай бірге ойнап өскенін жиі есіне алады.
— Әлемде қазақтан асқан мейірбан халық жоқ. Үдере көшкенімізде мал-мүлкімізді де, ас-ауқатымызды да, киім-кешектерімізді де ала алмадық. Осындай қиын жағдайда қазақ халқы өзінің атамекеніне тағдырдың тәлкегімен келген ұлттарды бөліп — жармай, қолынан келген бар жақсылығын жасады. Соның арқасында қазір қазақ жері қаншама этнос өкілдерінің құтты қонысына айналып отыр. Біз қазақтай құшағы кең, қайсар халыққа әрқашан алғыс айтуымыз керек», — дейді ол.
Әкем Шымкент қаласындағы медициналық училищеде фельдшер мамандығында оқып, Шымкент қаласы «Қайтпас-1» шағынауданындағы медициналық пункте 36 жыл үздіксіз жұмыс істеді. «Қайтпас-1», «Қайтпас-2», «Бозарық» шағын аудандардағы тұрғындардың алғысына бөленген жан. Бірінші санатты дәрігер атанған. Қазір ата-анам зейнет демалысында. Өмірге әкелген 9 перзенттен бүгінде немере сүйген бақытты ата-әже. Олар қазақ елінде өсіп-өніп отырғандарын, қазақ жерінің отбасы үшін құтты мекен болғанын мақтанышпен айтып жүреді.
Мен де осы жерде туып, білім алып, отбасын құрып, қызмет етудемін. Қазақ елінің азаматы ретінде қазақ халқына шын жүректен алғыс айтамын. Мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге әскерге аттандым. Әскерден оралып, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне «орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Еңбек жолымды Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің практикалық қазақ тілі және қазақ тілін оқыту әдістемесі кафедрасында оқытушы болып бастадым. Кейіннен аға оқытушы болдым. 2003 жылы Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және шетел тілдері университетінде, ф.ғ.д., профессор Н.Авазбаевтың жетекшілігімен «Түркі тілдерінде лингвотипологиялық талдау жасау» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғап, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие болдым. 2010 жылы «Тіл білімі» мамандығы бойынша «доцент» ғылыми атағын алдым. Қазір Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доцентімін. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Алтын Бірлік» алтын медалімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының «АЛҒЫС» төсбелгісімен марапатталғанмын.
Жұбайым екеуміздің үш ұл, бір қызымыз бар. Біз де 7 немеренің ата-әжесіміз. Шымкент қаласында «Ахыска» Түрік этомәдени орталығы төрағасының мәдениет саласы бойынша орынбасары қызметін атқарып келемін. Бүгінде Шымкент қаласында 80 мыңнан астам Ахысқа Түріктері этносының өкілі тұрады. Олардың да ата-бабасы аштық жылдарын, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қиындықтарды қазақ халқымен бірге бастан өткеріп, осы жерде мәңгі тұрақтап қалған. Бүгінде қаладағы барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, туған жеріміздің көркеюіне бірге атсалысып келеміз. Сөз соңында егеменді еліміздің мәртебесі биіктеп, халқымыздың бірлігі нығая берсін дегім келеді.
Ағапаша ҚҰРБАНОВ,
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық
бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ»
Мен де, менің ата-анам да Қазақстанда туып-өстік. Сондықтан, біздің құшағы кең, қайсар халыққа айтар алғысымыз бөлек. Әкем білікті дәрігер болған. Қаланың біз тұратын аймағына өзге ұлт өкілдерінің келіп, қоныстанғаны еміс-еміс есімде. Туған елінен үдере көшуге мәжбүр болған этнос өкілдерін жатсынбай қабылдаған қазақ халқы осындай кеңпейілдігінің арқасында барлығының басын бір шаңырақтың астына жинап, тұтас ұлт ретінде біріктіре алды.
Кейіннен күштеп жер аударылған халықтардың өз Отанына қайтуына рұқсат берілгенімен, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Қазір қарап отырсам, Шымкент қаласының біз тұратын аймағында Қазақстанды «Отаным» деп санайтын этнос өкілдерінің жаңа буыны өсіп, олар еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп келеді. Тіпті, біз бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп құда болып, жақын араласып кеттік. Барлығымыз қаншама этнос өкілінің құтты қонысына айналған қазақ жеріне, қонақжай қазақ халқына дән ризамыз.
Мен де әке жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдадым. Түркістан облыстық балалар ауруханасында жоғары санатты дәрігер болып жұмыс істеймін. Жұбайым да – ақ халатты абзал жан. Мал шаруашылығымен айналысып, ет пен сүт өнімдерін экспортқа шығаруды да кәсіп етіп келемін. “Байтерек Агро” ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтайшысымын. 2014 жылдан бері «Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін де қатар атқарудамын. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау атаулы датаға орай 30 игі іс-шара өткізуді жоспарлап, қызу дайындық үстіндеміз.
Соның бірі ретінде Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылып жатқан көрмені айтуымызға болады. Онда өңіріміздің экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан шаруалар өздерінің өнімдерін жұртшылыққа ұсынбақ. Іс-шараның мақсаты — бірлігімізді нығайта түсіп, ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелеу. Қандай жағдай болмасын ел тағдыры үшін ұйыса білетін халқымыздың бейбітшілігі — баға жетпес байлығымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» деген болатын. Расында да елімізде тұратын халықтың барлығына бірдей жағдай жасалған. Жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да бірдей. Балаларымыз өзбек мектебінде өздерінің ана тілінде білім алып жатыр. Өзбек драма театры да бар.
Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да.
Тахирбек НИШАНБАЕВ,
Шымкент қаласы Қазақстан халқы
Ассамблеясы төрағасының орынбасары,
«Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Өзара сыйластық пен құрмет артатын мереке
Әкемнің әкесі отбасымен 1962 жылы Қытайдың Шыңжаң деген аймағынан көшпен бірге Түркістан облысы Арыс қаласына қоныс аударып келген екен. Біз ұйғыр ұлтының өкіліміз. Анам – қазақтың қызы. Әкем екеуі интернатта бірге оқыпты. Әкем Ақдала ауылындағы совхозда ұзақ жыл қойшы болды. Балаларының бәрін кішкентайынан еңбекке баулып, өсірді.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, әкем өздері қиналып отырса да тағдырдың жазуымен жер аударып келген маыңдаған адамды аман алып қалған қазақ халқының жақсылығын аузынан тастаған емес. Өзге деп өгейсімей, өзектен теппей, бауырмалдық танытқан қазақтың кеңпейіл халық екеніне өзіміз де талай рет көзіміз жетті.
Әкем өнерді ерекше сүйетін жан. 1975 жылы Шымкентке көшіп келіп, жеке кәсіппен айналыса бастады. 2000 жылы Өзбекстан Республикасынан арнайы әртістерді шақырып, кино түсірді. Әкем таспалаған екі фильмде де алғаш рет өзімнің әртістік қабілетімді сынап, жауапты рөлдерді сомдадым.
«Мен Қазақстанда туып-өстім. Отаным – Қазақстан» деген сөз санамда мәңгі жаңғырып тұрады. Басқа елге көшуді ойламаймын да. Жұбайым екеуміз 3 ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде осы перзенттерімізден 4 немере сүйіп отырмыз. Балаларымның кіндік қаны қазақ топырағында тамды. Осында өсіп, ержетті. Мен де әкем секілді олардың жастайынан еңбекпен тапқан нанның дәмі тәтті болатынын сезініп өсуіне ерекше көңіл бөлдім. Ұлдарымның жолымды жалғап, кәсіпкерлік саласында әбден ысылған мамандарға айналып, еліміздің экономикалық жағынан өркендеуіне үлес қосып келе жатқаны шексіз қуанышқа бөлейді.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 2 512 ұйғыр ұлтының өкілі тұрады. Олардың барлығы да «Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігіне мүше. Біздің бірлестік 1992 жылы ашылып, қаладағы түрлі мәдени іс-шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Сонымен қатар, этносқа қатысты кез келген оқиғаға араласып, ел аумағында жүргізіліп жатқан мемлекеттік этносаясатқа қолдау білдіріп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қайырымдылықпен де айналысып, осал топтағы азаматтарға қол ұшын созуды азаматтық парызымыз деп білеміз.
Қазақстан халқы Алғыс айту күнін 2016 жылдан бері атап өтіп келеді. Диаспора өкілдері қысылтаяң шақта бар қиындықты бірге көтерген қазақ халқына дән риза. Жер аударылған адамдардың өздері де, ұрпақтары да Қазақстанды Отаным деп санайды. Бұл – патриотизмнің, бірлік пен ынтымақтың жарқын мерекесі. Сондықтан, оны бір күн ғана емес, мәңгі тойласақ артық етпейді деп білемін.
Өзара сыйластық пен татулық, құрмет артатын осынау мерекеде мен де қазақ халқына алғысымды айтқым келеді.
Дінмұхамед ЕСКЕНДІРОВ,
«Шымкент қалалық ұйғырлар
қауымдастығы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы