Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында 1 наурыз – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – әртүрлі этнос балаларының бірлігі мен татулығын сақтап, оларға патриоттық тәрбие беру. Мерекелік шараға Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Арофат» мектебінің директоры Пак Роза Викторқызы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демократиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Баян Жандосова, Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, А.С.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының директоры Наталья Сергейқызы қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің қадір-қасиетін құрметтеу, еліміздегі этностар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту мәселелері ерекше атап өтілді.
Жиын барысында кәріс, түрік, шешен, орыс, армян, неміс этностарының өкілдері Қазақстанға қоныс аударғандары жайлы қысқаша баяндап, қазақ халқына алғыс айтты. Іс — шара соңында оқушылар мектеп ұстаздарына өз ыстық ықыластарын білдіріп, жиналған жұртқа өз өнерлерін көрсетті.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ