Азаматтық болмысын, тұлғалық рөлін өскелең ұрпаққа көрсетіп, еліне өлшеусіз қызмет еткен біртуар перзенттің бірі – Төлеген Тәжібаевтың атын халық ешқашан ұмытпақ емес. Соның ішінде адал ұлының атқарған сара жолы жерлестері үшін үлгі-өнеге, зор мақтаныш. Бүгін Шымкент қаласында ел үшін еңбек етіп, оның дамуы мен гүлденуіне орасан зор үлес қосқан азаматтың өмірі мен ғылыми- ұйымдастырушылық қызметін зерттеу, оны өскелең ұрпақтарға насихаттау азаматтық парыз. Биыл қоғам қайраткерінің туғанына 115 жыл толып отыр. Осы бағытта биыл да көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, дипломат, ірі қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтың артта қалдырған мұрасын зерттеу, өзі өлсе де сөзі мен ісі мәңгілік жасайтын алып тұлғаға құрмет көрсету іс-шаралары жалғасын тауып келеді.
Былтыр Шымкент қаласында жерлестерінің қолдауының арқасында біртуар перзентіне арнап алып ескерткіш бой көтерген. Ал биыл алтын ұя есімін иеленген Т.Тәжібаев атындағы мектеп-гиназиясы мерейлі датаны мерекелеу шараларын өткізуді тау тұлғаның ескерткіші алдындағы жиыннан бастап отыр. Бұдан кейін мектеп ұжымы да ары қарай игілікті іс-шараны жалғастырып, ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді арттыру мақсатында ғалымның өмір жолын таныстыру жұмыстарын жалғастыратын болады.
Осылайша бүгін қала жұртшылығы мен мектеп ұжымы, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері академиктің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым қылды. Бұдан кейін жиналғандар алып тұлғаның атқарған қызметі мен өмір жолын, азаматтық әрі адамгершілік асыл қасиеті туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Кенжехан Төлебаев Төлеген Тәжібаевтың қиын кезеңдерде де өз басын қатерге тіге отырып, қалаға арман қуып келген жастарға қолдау білдіріп, білім алуына жағдай жасағанын жеткізді. «Мектепті үздік бітіріп оқуға түсе алмай қалған ауыл балалары ҚазҰУ-нің ректоры Тәжібаевты іздеп келген екен. Сол кезде ағамыз ауыл балаларын бөліп-жармай, ешқандай емтихансыз оқуға қабылдауға шешім шығартып берген. Түлектердің арызының бұрышына «Деканға берілсін, оқуға қабылдансын, шәкіртақы тағайындалсын, жатақханамен қамтамасыз етілсін» деп қол қойып береді. Оның осы бір азаматтық болмысының арқасында болашақ білікті кадрлар шыққан. Өз басын қатерге тіге отырып, балалардың тағдырын шешіп отыр. Ал енді сол балалар кейін ұстаздарының сол ұлағатты сөздерін айтып, өле-өлгенше алғысын айтып келеді. Олардың арасында үшеуі ғалым болған. Үшеуінің екеуі ғылым докторы, профессор атанған адамдар», дейді ол. Бірақ өзгеге қол ұшын созған азаматтың тағдыры өте ауыр болған.
Кенжехан Төлебаевтың айтуынша, 1917 жылы оның ата-анасы, бауырлары, ет жақындарының барлығы ашаршылықта көз жұмған. «Тұлдыр жетім қалған жеті жасар бала жалғыз өзі қалып, Арыс қаласына аязды күні жалғыз келеді. Сөйтіп аш-жалаңаш қардың үстінде жатқан жерінен темір жолда істейтін бір ақсақал тауып алып, өзіне бала қылып алады. Өзінің бес-алты баласы болған бұл кісіде. Төлегенді жетінші баласы қылып бағады. Баланың ізденімпаздығын, білімпаздығын, тәрбиесінің жақсы екенін көріп, Төлегенді білімге баулиды. Сол кезеңде жеті жасар бала Арыс халқының бір отар қойын жалғыз баққан екен. Қазіргі жеті жасар балалар жылап отырып, тамағын зорға жейді. Жасыратын түгі де жоқ. Ал жеті жасар баланың істеген тірлігі мынандай болғаннан кейін ол кісілер шын жанашырлық жасап, оқытып, қазіргі Төлеген Тәжібаев атындағы Арыстағы балалар тәрбиелейтін мектеп-интернатқа тапсырады. Төлеген бұл мектепте де өзін жақсы қырынан танытып, оқуда үздік болады. Жетінші сыныпта асырап алған қария Шымкентке келіп, Төлегенді мұғалімдер дайындайтын техникумға түсіреді. Бұл жерде де үздік оқиды. Техникум директоры Жүсіпбек Аймауытов болар баланың бетін қақпай, ары қарай жетілуіне жәрдем береді. Жастайынан талапты болған Төлеген Тәжібаев отызында орда бұзған, қырқында қырдан асқан азаматтардың бірі болды», деп тұлғаның даралығын айтып, өзі білетін естелігімен бөлісті.
Шындығында да ол өз уақытында жоғары лауазымды қызметтерді атқарып кетті. Қазіргі тілмен айтқанда Білім министрі, Сыртқы істер министрі болып істесе, кейін елші де болды. Білімдарлығының арқасында бірнеше тілді меңгеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының трибунасында ағылшын тілінде баяндама жасаған бірінші қазақ атанды.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекшүкір Қаршалов Төлеген Тәжібаев қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңінде ірі саясаткер, тұлға болғанын еске салды. Сондай-ақ кезінде ірі қызмет істеп, елге бар жан-тәнімен аянбай қызмет еткен ардақты азаматтың Кеңес үкіметінің сыңаржақ саясатының салдарынан қызметтен шеттетіліп, ауыр кезеңдерді де басынан өткізгенін айтты. Кейін егемен ел атанып, өз тізгінін қолына алған кезеңде ардақты азаматтың алып тұлғасы қайта ақталып, қызметі ескеріліп, заманының заңғар тұлғасы болғанын дәріптеліп, көше мен мектептерге аты берілді. Былтыр бой көтерген ескерткіші де соның бір белгісі.
Бұдан кейін ғалымның атына берілген мектеп оқушылары, жас Тәжібаевшылар біртуар перзентке арналған өлең жолдарын оқып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, 1994 жылы №47 мектепке ұлы академик, ғұлама ғалым Төлеген Тәжібаевтың аты берілді. Ал 1997 жылы бұл мектеп таза қазақ мектебіне айналды. 1999 жылы жалпы орта білім мектепке «мектеп-гимназия» мәртебесі берілсе, дәл сол жылы мектеп қаланың үздік «Таңдаулы мектебі» номинациясын жеңіп алған. 1999 жылы 21 сәуір күні мектепте педагог-психолог, академик Төлеген Тәжібаевтың мемориалдық музейі ашылды.
Бүгінде бұл ескерткіш қаланың қақ ортасында шырай беріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық сезімді оятуға септігін тигізіп келеді. Расында да ендігі жерде бұл ескеркіш өрендерге ғалымды өнеге ретінде ұлықтау, ғылыми мұрасын дәріптеу әрі кейінгі буын алдындағы ұшан-теңіз парызын, борышын бір мысқыл болса да орындауға деген ұмтылыс пен ізгі ниетті оятарына шүбә жоқ.
Жадыра МҮСІЛІМ