Ұлы Отан соғысының ардагерлері – бүгінгі бейбіт өміріміздің басты қаһармандары. Солардың бірі – Нина Егоровна Мосунова. Ол 1943 жылы Можайск маңындағы шайқаста пулеметші болып, жауынгерлік жолын «Зенит» бригадасының радистер бөлімінің командирі ретінде жалғастырды. Оның жанқиярлық ерлігі мен әскери қызметі ел тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде есте сақталады.
Осы күндері Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері – капитан Сырым Сүндетов пен сержант Мейрамкүл Пазыл – ардагердің үйіне арнайы барып, оның хал-жағдайын сұрап, құрмет көрсетті. Бұл – ардагерлерге деген құрметтің, олардың ерлігін бағалаудың айқын көрінісі.
Нина Егоровна 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол 1939 жылы мектепті бітірген соң, ауылдағы фермада жұмыс істеп, бір жылдан кейін ферма меңгерушісі болып сайланады.
1942 жылы қазан айында елді қорғау үшін әскери қызметке шақырылып, Қазан қаласында телеграфист мамандығын алады. Кейін Горький қаласына ауысып, радист ретінде әскери дайындықтан өтеді.
1943 жылы майдан даласына аттанып, Можайск түбіндегі шайқасқа қатысады. Ол 36-әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында байланысшы болып қызмет атқарады. Жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындап, байланыс орнату арқылы командалық штабтың тапсырмаларының уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді.
Оның ерлігі елеусіз қалған жоқ. 1945 жылы Нина Егоровна «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, бейбіт өмірге оралады.
Соғыстан кейін ол Башқұртстанның Октябрьск қаласына қоныс аударады. 1948 жылы Қазақстанға, Шымкент қаласына көшіп келіп, 1975 жылға дейін «ҚазЮгВзрывпром» басқармасында хатшы-машинистка болып еңбек етеді. Оның адалдығы мен еңбекқорлығы сол кездегі әріптестері мен басшылық тарапынан жоғары бағаланған.
1967 жылы көру қабілетінің нашарлауына байланысты зейнетке шыққан Нина Егоровна бүгінде үлкен әулеттің анасы. Ол – бір баланың анасы, екі немере мен бес шөберенің ардақты әжесі.
6698 әскери бөлімінің өкілдері ардагердің үйіне арнайы барып, оның ерлігіне тағзым етіп, сый-сияпаттарын ұсынды. Бұл – жас ұрпақтың майдангерлерге деген құрметінің жарқын үлгісі.
Ардагерлеріміздің батырлығы мен жанкештілігі – біздің бүгінгі бейбіт өміріміздің іргетасы. Сондықтан оларды ұмытпау, олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау – әрбір азаматтың борышы.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері – ел тарихындағы алтын әріптермен жазылған есімдер. Олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – келер ұрпақтың қасиетті міндеті.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА