Қазақтың «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген даналығы бекер айтылмаса керек. Бүгінде тірнектеп тапқан табысының бір бөлігін депозитке салып, баспаналы болғандар саны артқан. Бұны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің статистикасы растап отыр. Жалпы 2024 жылдың қорытындысында елімізде рекордтық 18,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артық. Саланың нақты көлем индексі бір жылда 113,1 пайызды құраған. 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метрге жеткізу жөнінде Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыс жүргізілуде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі екені даусыз.
Бұл бағытта шырайлы Шымкент шаһарында да оңды істер атқарылуда. Айталық, тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға 2024 жылы 1 000 арендалық пәтер беру жоспарланып, бүгінгі таңда оның 597 азаматтарға берілген. Қалған пәтерлер құрылыс басқармасының тұрғын үй кешендерін пайдалануға берулеріне қарай азаматтарға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек, 2025 жылы 379 (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 76, көпбалалы отбасыларға – 141, әлсіз топтарға – 162) арендалық пәтер берілуі жоспарлануда дейді мамандар. Баспаналы болғысы келетіндер үшін де биыл көлемді жобалар көп. Бұл туралы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Исламов айтып берді.
Тұрғын үй кезегінде келеңсіздік жоқ
Былтырғы жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй кезегін ХҚО-да емес, «Отбасы банкі» жүргізетіні туралы заң күшіне енген еді. Тұрғын үй кезегіне ревизия жүргізіліп, қайта өзектендірілді. Кезектің бірыңғай операторға өтуі тұрғындар үшін де, мемлекет үшін-де қолайлы болып отыр. Жаңа жүйе арқылы тұрғындар «Отбасы банк» ұлттық даму институты жанынан ашылған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық база арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан өтінімдер қабылдайды. Өтініштер otbasybank.kz платформасы арқылы онлайн режимде жолданады. Бұл азаматтардың жұмысын едәуір жеңілдетеді. Себебі, бұрынғыдай мекемелерді аралап, анықтамалар тапсырудың қажеті болмайды. Қазірдің өзінде Шымкент қаласында «Отбасы банк» ұлттық даму институтының 16 негізгі кеңсесі жұмыс жасайды. Мамандар бұған дейін тек кеңес беріп, депозит ашумен шектелетін енді, қазір тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап 1 кеңседен шешілетін болған. Мәселен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматардың жылжымайтын мүлкі бар-жоғы, олардың отбасылық жағдайы автоматты түрде тексеріліп, тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесі мен санаты цифрлық жүйеге енгізіледі. Цифрландырудың басты артықшылығы – барлық құжаттар жүйе арқылы қабылданатындықтан, басқа тұлғалардың араласу мүмкіндігі шектеледі. Яғни қандай да бір келісім немесе таныстық арқылы түрлі әділетсіз жолдармен мәселені шешу мүмкін болмайды. Барлық өтініштер мен құжаттар бірдей талаптар бойынша қаралады, сондықтан әрбір азамат тең мүмкіндікке ие болады. Бұл жүйе банк қызметтерін халыққа қолжетімді етіп қана қоймай, процестерді жылдамдатып, кез келген құжаттың қозғалысын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Енді үй кезегінде тұрғандар өз өтініштерінің қалай жылжығанын онлайн түрде көре алады. Ал банк қызметкерлері тек жүйенің бекіткен ережелері бойынша ғана әрекет етеді. «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласындағы филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев «Отбасы банкке» салымшылардың саны жыл сайын артып келе жатқандығын айтады.
«Отбасы банктен» қолдау көп
Баспана алуға саналы түрде дайындалатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұрын тұрғындар үй алу үшін тек несие ресімдеуге немесе мемлекеттік бағдарламаларға сенім артуға мәжбүр болса, қазір көпшілік Отбасы банкте депозит ашып, қаражат жинауды ең тиімді шешім деп санайды. Бұл – халықтың қаржылық сауатының артып, өз болашағына саналы түрде жауапкершілікпен қарай бастағанының айқын көрінісі. Тіпті 18 жасқа толған жастардың өзі алдағы бірнеше жылда баспаналы болуды мақсат етіп, ертерек жинақ жасауды әдетке айналдырып жатыр. Бұрын тұрғын үй бағдарламаларына тек әлеуметтік осал топтар мен белгілі бір санаттағы азаматтар ғана қатыса алатын. Ал қазір баспанасы жоқ кез келген адам Отбасы банкте депозит ашып, кемінде екі жыл тұрақты қаражат жинаса, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, төмен пайызбен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйенің басты артықшылығы – адамдарға қаржылық тұрғыда салмақ түсірмей, жоспарлы түрде баспаналы болуға мүмкіндік беруі. Алдын ала қаражат жинаған салымшы кейін жоғары бастапқы жарна төлеуге қабілетті болып, банк ұсынатын ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен несие ресімдей алады. Бұл әдіс азаматтарға қымбат ипотекаға тәуелді болмай, өз жағдайын нарықтағы ең тиімді жолмен жақсартуға мүмкіндік береді. 9,7,5,2 пайыздық несиелердің барлығы адамның әлеуметтік жағдайларына байланысты көзделген. 2 пайыздық несие тек көпбалалы аналар мен 1 топтағы мүгедектерге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар дәл осы пайыздық мөлшерлемесі арқылы несие алады. Дәл осылай әлеуметтік жағдайларына қарай іріктеліп, соған сай бағдарламаларға бөлу «Отбасы банк» ұлттық даму иниститутының құзырына кіреді.
«Қамқорға» кімдер қатыса алады?
Мемлекет басшысы 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық мамандарға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін атап өткен еді. Дәл осы тапсырмаға сәйкес, өңірлік «Қамқор» бағдарламасына қатысушы мамандардың ауқымы кеңейе түскен. Сәйкесінше, бөлінетін қаражат пен баспана саны артқан. Енді мәдениет қызметкерлері, дәрігерлер мен мұғалімдер, БАҚ өкілдері қатысатын бағдарламаға энергетика саласы, өрт сөндірушілер мен тағы да басқа сала мамандары қатысатын болады. Жауапты мамандардың айтуынша, 2023 жылы «Қамқор» өңірлік жобасына 150 адам іріктеуден өткен. Сол жылы «Қамқор» бағдарламасына 3 млрд теңге қаражат бөлініп, іріктеуден өткен 150 адамға 20 миллион теңге, яғни бастапқы жарна берілген. Ал биыл 400 адамға сәйкестендіріліп 8 млрд теңге бөлінген. Алдағы уақытта бұл сандар тағы да еселенеді,- дейді Азат Исламов.
Төмен пайызбен баспана ала аласыз
Қазақстанда жеңілдетілген несиемен алуға болатын екі ипотека түрі бар: «2-10-20» – бұрынғы «Бақытты отбасы», «5-10-20» – бұрынғы «Шаңырақ».
Бұлар мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, сыйақы мөлшерлемесі басқаларға қарағанда төмен. Бағдарлама бірінші рет пәтер сатып алғысы келетін азаматтарға арналған. Бұл екі бағдарламаның кез-келгеніне қатысу үшін келесі шарттарды орындау қажет. Қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда пәтер тіркелмеген болуға тиіс. Пәтерге мұқтаж азаматтардың тізімінде тұруы маңызды. Кезекке Kezekte сайты арқылы тіркеле алады. «2-10-20» бағдарламасы арқылы сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз, ал алғашқы жарна 10 пайыз болуы керек. Осы бағдарлама арқылы несиелеу мерзімі 20 жылға дейін беріледі. «5-10-20» бағдарламасы несие мөлшерлемесі 5 пайыз, алғашқы жарна 10 пайыз, несиелеу мерзімі 20 жылды құрайды. Айта кету керек, бұл екі бағдарламаға әлеуметтік осал топтағы пәтерге аса мұқтаж азаматтарға арналған. Бұл тізімге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала бағып отырған немесе асырап отырған отбасылар кіреді. 2023-2029 жылдарға арналған «5-10-20», «2-10-20» бағдарламалары бойынша 1 573 пәтерден қаржы жергілікті бюджетке түскен. «Шымкент қаласының құрылыс басқармасы» тарапынан 2025 жылдың ақпан айының соңына дейін несиелік бағыттар бойынша 2 094 пәтерлік 55 несиелік тұрғын үйлерді «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» теңгеріміне өткізу жоспарланған. «Шымкент қаласының құрылыс басқармасы» арқылы 2025 жылы 3592 пәтерлік 57 көпқабатты несиелік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беру жоспарланған.
«Наурыз» бағдарламасына барлық Қазақстан азаматы қатыса алады. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, «Отбасы банк» салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарына арналған. Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін тиісті шарттарды орындау керек. Мәселен, өтініш берушінің «Отбасы банкіндегі» жинақ шотында кемінде 2 миллион теңге болуға тиіс. Бұл ретте салым мерзімі ескерілмейді. Қажетті қаражатты бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға да болады. Алайда бағдарламаға қатысушылар тізіміне ену мүмкіндігін арттыру үшін депозитті қазір ашып, оған қаражат жинай бастаған жөн,-дейді мамандар.
Арендалық үй мәселесі заң аясында шешімін тапты
Тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға былтыр 1 000 (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 200, көпбалалы отбасыларға – 351, әлсіз топтарға – 449) арендалық пәтер беру жоспарланып, бүгінгі таңда оның 597 азаматтарға берілді. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Исламовтың айтуынша, арендалық баспаналардың 28 иесі өз еркімен үйлерді қайтарып берген. Қайтаруға негізгі себеп, тұрғылықты мекен-жайының басқа қалаға ауысуы және тағы басқа да жағдайларға байланысты. Ал бұл пәтерді жалға берген тұрғындардың 12-сі анықталған. Бастапқыда тұрғындарға ескерту беріледі. Егер бұл іс қайталанған жағдайда үй мемлекетке қайтарылатын көрінеді. Сондай-ақ, бұл азаматтар баспаналы болуға арналған барлық мемлекеттік бағдарламалардан шеттеледі. Арендалық үй бойынша 2025 жылға арналған жоспарда басқарма тарапынан нақтыланған. Мәселен биыл 379 пәтер беріледі деп күтіліп отыр.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ