Шымкентте құқық қорғау органдары былтыр 4 есірткі зертханасын анықтап, жойды. Бір ғана Бозарық шағын ауданында анықталған есірткі зертханасынан 11 келіден астам синтетикалық есірткі мен 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленген.
Жалпы құқық қорғау органдары өткен жылы 30 келіден астам синтетикалық есірткіні тәркілеп, жойған. Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы жастармен өткен кездесуде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев баяндады.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі А.Бейсенбаев және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, подполковник К.Исмаилов және өзге де құқық қорғау саласының тәжірибелі мамандары қатысты. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» тақырыбындағы пікір алмасуда сала мамандары қала жастарының құқықтық сауаттылығын арттыруға барын салды. Есірткі және нашақорлық, лудоманияға қарсы күрес, қаржылық сауатты жетілдіру мен қаржы пирамидасынан сақ болу сынды өзекті құқықтық мәселелер бойынша тың мәліметтер айтылды. Кинолог мамандар Айбар есімді иттің қатысуымен шағын тәжірибелік көрініс сахналады.
Мамандардың айтуынша, осы жылдың қаңтар айында есірткімен байланысты 47 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, бүгінде есірткі саудасы көбіне интернет арқылы жүзеге асырылып отыр. Өткен жылы есірткімен ұсталғандардың 70 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар екені белгілі болған. Оның ішінде студенттердің үлесі басым. Тіптен кәмелеттік жасқа толмаған 13 жасөспірім анықталып, қамауға алыныпты.
Құқық қорғау органдары жастарға есірткіге қатысты заң талаптарын және жауапкершіліктің қаншалықты ауыр болатынын түсіндірді.
– Биылдан бастап заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, есірткі бизнесін ұйымдастырған және есірткі өндіргені үшін қылмыскер 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Есірткі заттарын жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза қатаң. Яғни кінәлі азамат 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан жігерлі жастар өмірлерінің ең қымбат кезеңін арзан, зиянды дүниеге тәрк етпей, өзіне, қоғамға пайдалы іске арнаса дейміз, — деді Арман Арун-Рашидұлы.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Камилхан Исмаиловтың айтуынша, қалада жыл сайын қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты оншақты қылмыстық іс тіркеледі.
– Әрқайсысында кемі 100-200 мың теңгеге дейін қаржы салып, қаржы пирамидасының құрбанына айналған адамдар жетерлік. Мұның бәрі қаржылық сауаттың төмендігінен, табысқа оңай жетуге құмарлықтан туындап жатыр. Букмекерлік кеңселерге ақша тігу, лохотрон, құмар ойындарға үйір болу – жастар арасындағы өзекті проблема. Лудоманияға қарсы күрес тоқтамайды, — дейді К.Бахтиярұлы.
Жиын барысында студенттер құқықтық нормалар, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, есірткі қылмысының алдын алу, интернеттегі заң бұзушылықтар және басқа да маңызды мәселелерге қатысты ақпарат алды. Спикерлер құқықтық білімнің қоғамдағы рөлін түсіндіріп, жастарға өз құқын қорғау жолдарын үйретті. Сонымен қатар, қатысушылар мамандарға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жан-жақты мағлұмат алды.