Редакция таңдауы

Тазалық табалдырықтан басталады

Шымкент қаласында қала тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауқымды сенбілік өтті. Бұл шараларда мыңдаған қала тұрғыны, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық ұйым өкілдері, еріктілер мен жастар ұйымдары белсенділік танытты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбіліктер тек шаһарды қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

Шымкенттегі Тұран ауданында өткен жалпықалалық сенбілікке 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Қатысушылар Шымкент каналының 2000 метр аумағын, көп қабатты тұрғын үйлердің маңын, білім беру мекемелері мен кәсіпкерлік нысандар орналасқан жерлерді қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, ұзындығы 2300 метр ирригациялық арық пен 4000 метр аяқжолды ретке келтірді. Сенбілікке аудан ардагерлері, тұрғындар, үй басқарушылары және коммуналдық қызмет өкілдері атсалысты.

Құрсай елді мекенінің тұрғыны Исенбек Битаев өз сөзінде табиғатты таза ұстаудың маңыздылығын атап өтіп, жастарды экологиялық жауапкершілікке шақырды. Ол мұндай шараларды жиі ұйымдастыру қажет екенін айтып, қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеді.

Әл-Фараби ауданында да республикалық акция аясында сенбілік өтті. Оған аудан әкімі Рашид Мыңбаев жетекшілік етті. Сенбілікке қатысушылар Ордабасы алаңынан бастап, Қошқар ата өзені бойындағы аумақтарды тазартты. Табиғи су көздерін қорғау мақсатында өзен маңындағы қоқыс жиналды.

– Табиғатты, су көздерін қорғау – болашақ ұрпаққа қалдырар үлкен мұра. Сенбілік – осы бағытта жасалған маңызды қадамдардың бірі, — деді аудан әкімі Р.Мыңбаев.
Сенбілік Абай ауданында да жалғасын тапты. Бұл жолы тазалық шарасы Әл-Фараби көшесі, «Бадам» көпірінен Алматы тас жолына (А2) дейінгі аумақта жүргізілді. 8 шақырымнан аса аумақ тазартылып, нәтижесінде 40 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке әкімдіктің 60 қызметкері, коммуналдық мекеменің 250 жұмысшысы және аудан тұрғындары қатысты. Қала билігінің ұйымдастыруымен 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Мұндай сенбіліктер қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін дамытуға, табиғатты аялауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Болашақта да мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, Шымкенттің тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар