Өткен жылы Шымкентте құрылыс саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл саладағы қол жеткізілген жетістіктерді саралай отырып, Шымкент алып құрылыс алаңына айналды деп сеніммен тұжырым жасауға болады. Былтыр қалада жоспарға сай жалпы ауданы 379,2 мың шаршы метрді құрайтын 92 көп қабатты тұрғын үй салынды. Бұл үйлер, негізінен, қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарда бой көтерген. Атап айтар болсақ, Тұранда — 18, Бозарықта – 43, сондай-ақ, Ақжайықта 31 үй салынып, барлығы 4 830 пәтер пайдалануға берілді.
Мемлекет, әсіресе, жеңілдетілген несие арқылы берілетін және арендалық тұрғын үйлердің құрылысына ерекше назар аударып келеді.
– 2025 жыл қала тұрғындары үшін маңызды жыл болмақ. Өйткені, биыл жалпы ауданы 161,9 мың шаршы метрді құрайтын көп қабатты 55 үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 53-і кредиттік үй болса, ал, 180 пәтерлік 2 үй арендалық тұрғын үй ретінде беріледі. Сонымен қатар, 2024 жылы басталған көп қабатты 37 тұрғын үйдің құрылысы жалғасады. Жалпы, жаңа үйлердің ауданы 217,2 мың шаршы метрді құрайды, ал пәтер саны – 2 736. Бұл үйлер Тұран, Бозарық және Ақжайық шағын аудандарында орналасқан, – дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.
Қала басшылығы әлеуметтік осал топтар мен жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Мамандардың айтуынша, бұл мақсатқа 29,6 миллиард теңге бөлініп, 454 пәтер жұмысшы жастарға, ал 1 060 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазірдің өзінде 1 454 пәтер сатып алынып, тағы 60 пәтерді мемлекеттік сатып алу процесі жүріп жатыр.
Шымкентте тұрғын үй құрылысы ғана емес, қала инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да атқарылып жатыр.
– Шымкенттегі тұрғын үй құрылысы – бұл тек тұрғын үймен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қалалық инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру. Былтыр құрылыс басқармасы 181 миллиард теңгеден астам қаражатты түрлі жобаларға бағыттады. Бұл қаражат есебінен 154 нысанды қамтитын 114 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында тұрғын үйлер ғана емес, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар бар, – дейді Олжас Пердебайұлы.
Атап айтқанда, 2024 жылы 13 инженерлік инфрақұрылым жобасының алтауы аяқталды, қалғандары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, 12 білім беру мекемесі, 5 қалалық инфрақұрылым нысаны, 2 спорт кешені, 1 заманауи саябақ, 3 әлеуметтік нысан, 2 ауыл шаруашылығы нысаны, 1 төтенше жағдайлар департаментінің ғимараты, 1 қорғаныс комитетінің нысаны, 4 әкімшілік ғимарат және 12 жаңа үлгідегі мектеп салынды.
2023-2024 жылдары қаладағы көпқабатты үйлердің күрделі жөндеуіне ерекше назар аударылды. 2023 жылы 1,041 миллиард теңге бөлініп, 16 үйдің күрделі жөндеуі жүргізілген болатын. Сонымен қатар, 233 көп қабатты үйге техникалық зерттеу жүргізіліп, оның 68-і сейсмикалық нығайтуды қажет ететіні анықталды. 2025 жылғы бюджетке осы жұмыстарды қаржыландыру ұсынысы енгізілді. Бұл мақсатқа 1,139 миллиард теңге қарастырылды. Тиісті қорытынды алғаннан кейін 2025 жылға арналған бюджетке сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге ұсыныс енгізіледі. 2024 жылы тексерілген 10 382 пәтердің 368-інде кемшіліктер анықталған. Комиссия шешімімен 360 пәтерге мердігерлер кепілдік мерзіміне сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қалған 8 пәтердегі ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы басқарма мердігерлерден, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау ұйымдарынан келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 176,5 млн теңге айыппұл өндірді. Кейін тағы, 81 көпқабатты үйдің техникалық зерттеуі жасалып, 15 үйдің жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Қаланың тұрғын үйлеріндегі лифтілерді жаңарту мәселесі ерекше назарға алынды. 28 ескі лифт техникалық сараптамадан өтіп, апатты жағдайда деп танылды. Оларды ауыстыруға 367,2 миллион теңге бөлінген. Қазір бұл жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. 2024 жылы тағы. Сонымен қатар, қаладағы 28 тозығы жеткен лифт арнайы тексеруден өтті. 367,2 миллион теңге бөлініп, 29 лифт жаңартылған. Қазіргі уақытта лифтілерді ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын. Әл-Фараби ауданында 6 үйде 12 лифт, Тұранда 5 үйде 10 лифт, Еңбекші ауданында 1 үйде, Қаратау ауданында да 1 лифт ауыстырылды. Қаражатты үнемдеудің арқасында алдағы уақытта қаладағы 4 көп қабатты үйге тағы 3 лифт орнату жоспарлануда.
Шымкент әлеуметтік нысандардың құрылысы мен реконструкциясына салынған қомақты инвестицияның арқасында қарқынды дамып келеді. Іске асырылып жатқан жобалар қала өмірінің маңызды салаларын қамтиды. Бұл білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және әл-ауқат салалары. Осының ішінде қалада білім беру саласының инфрақұрылымы қарқын алды десек болады. Білім беру нысанын салу бағдарламасы аясында 12 нысанның, оның ішінде жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелерінің қосымшаларын салу жоспарлануда. 2024 жылы Сайрам кентіндегі 300 орындық №39 мектептің, №10 колледждің, 40 орындық мектеп-интернаттың қосымша құрылыстары аяқталды. №8, №48, №80, №120 мектептеріне және ауылшаруашылық-техникалық колледжінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында 17 300 орындық тағы 12 мектеп салынуда. Сондай-ақ, 12 нысанның, оның ішінде 300 орындық жатақхананың және оларға мұқтаж кейбір орта мектептердің қосымша ғимараттары құрылысының жобалары әзірленді.
Әрине, мұның барлығы ондаған мың шәкірттің сапалы білім алуына жасалған жағдай. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, былтыр №12 спорт мектебі пайдалануға берілсе, биыл №15 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, көп функционалды теннис орталығы мен олимпиада резервіне арналған мамандандырылған спорт мектептерінің жобалары әзірленді. Бұл нысандар оқу-жаттығу алаңы ғана емес, қалалық және халықаралық жарыстар өтетін алаңдарға айналады. Қалада, сондай-ақ, екі әлеуметтік нысанның, соның ішінде 50 төсектік арнайы қызмет көрсету орталығына арналған қосымша ғимарат пен 150 төсектік мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы жалғасуда. Бұл нысандардың құрылысын аяқтау осы жылға жоспарланған. Сондай-ақ, 200 орындық перинаталды орталықтың және қан орталығының жаңа ғимаратының құрылысы жоспарлануда.
Шымкент дамудың жаңа белестеріне сенімді қадам басып келеді. Әлеуметтік инфрақұрылымға салынған инвестициялар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, ең бастысы, экономикалық өсуді негізге алған. 2024 жылы қаламыз жайлы мегаполис мәртебесіне сенімді түрде алға жылжыды.
«Заманауи мектептер, инженерлік жүйелер, спорт және әлеуметтік нысандар, сондай-ақ жаңа лифтілері бар толық жөндеуден өткен ғимараттар – мұның барлығы – әрбір қала тұрғыны үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі. Салынған барлық нысандар, мейлі тұрғын үйлер, мектептер немесе инфрақұрылым нысандары болсын, заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті коммуникациялармен толық жабдықталған, бұл жоғары сапа стандарттарына сай келеді»,- деп атап өтті сала басшысы.
Қалада мәдени инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Бозарық, Қайнарбұлақ, Көкбұлақ және Өтеміс елді мекендерінде мәдениет үйлері ашылып, халықтың көзайымына айналып үлгерді. Сондай-ақ, опера және балет театрының құрылысы жоспарланып отыр.
– Соңғы жылдары қалада заманауи әлеуметтік нысандардың саны айтарлықтай артты. Атап айтқанда, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Көкбұлақ Өтеміс шағын аудандарында, сондай-ақ Абай, Қаратау және Тұран аудандарында жаңа, заманауи Мәдениет үйлері бой көтерді. Бұл ғимараттарда қажеттінің бәрі бар, осы аудандардың тұрғындарының демалыс кездерінде уақыт өткізетін орталыққа айналды. Әрбір жаңа Мәдениет үйі 90-100 орындық кең концерт залдарымен ерекшеленеді. Мұнда тұрғындардың қоғамдық іс-шараларын өткізуіне де, мәдени демалуына да қолайлы жағдай жасалған. Биыл да қала әкімдігі мәдениет мекемелеріне аса қажеттілік бар аймақтарда осындай нысандарды салу жұмыстарын жалғастырады. Қазіргі уақытта жаңа форматтағы Мәдениет үйлерін жобалауға және салуға өтінімдер қабылданып жатыр, – дейді Олжас Тәжібаев.
Сала басшысының айтуынша, жаңа ғимараттар жергілікті тұрғындардың барлық қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа үлгіде соғылады. Әр мәдениет үйінің аумағы абаттандырылады. Мұнда жайлы саябақтар, демалыс орындары мен спорттық нысандар пайда болады. Бұл қала тұрғындарының бос уақыты мен мәдени дамуы үшін жасалған оң қадам екен.
Ауылшаруашылық бастамалары аясында қазірдің өзінде үйсіз жануарларды уақытша орналастыруға арналған баспана пайдалануға берілді. Ал Шымсити шағын ауданында аумағы 27 гектардан асатын демалыс саябағының құрылысы аяқталды, оның ішінде 100 метрлік флагшток, 2171,7 шаршы метр көл, сыйымдылығы 2 мыңнан астам тұрғынға арналған аяқжол төселген. Тұран ықшам ауданында демалыс саябақтарын құру жобалары да сәтті жүргізілуде. Әкімдік бұл нысандар қаланың бірегей көрікті жеріне айналады деп есептейді. Сайрам шағын ауданында өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, алты нысанның, соның ішінде апаттық-құтқару кешендерінің жобалық құжаттамасы әзірленуде. Бүгінде Қан орталығына қосымша ғимарат салу жобасы да дайын. Қазіргі уақытта қала тұрғындарын заманауи медициналық қызметпен қамтамасыз ететін 200 төсектік перинаталдық орталық пен перзентхананың жаңа ғимаратының жобалары да әзірленуде.
Шымкент қаласы қарқынды дамып, заманауи мегаполиске айналып келеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп жатыр. 2024 жылғы жетістіктер қаланың даму қарқынын көрсетсе, 2025 жылға жоспарланған жобалар Шымкентті одан әрі көркейте түсетіні сөзсіз.
Әрине, қаланы дамыту бағдарламасының тағы бір маңызды бөлігі – қолжетімді тұрғын үй құрылысы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 200 мың шаршы метрден астамы бюджет қаражатына салынған. Осылайша, спикердің айтуынша, қала басшылығы белгілеген барлық жоспарлар ойдағыдай жүзеге асып, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін қала билігі «Жеке құрылыс салушылардан тұрғын үй сатып алу» арнайы бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама бойынша өткен жылы 1500-ден астам пәтер сатып алынған. Олар қазірдің өзінде кезекте тұрғандарға, соның ішінде көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және тұрғын үй алуға құқығы бар халықтың басқа топтарына арендалық баспана ретінде бөлініп жатыр.
– Бұл бағдарламаның ерекшелігі, баспананы жеке меншікке сатып алуға рұқсат берілмеген. Есесіне, ұзақ жылдарға жалға беріледі. Ешкім келіп «үйді босат» деп айта алмайды. Яғни, пәтерді ұзақ мерзімге мемлекеттен жалға алған отбасылар өз болашағына алаңдамай, жайлы жағдайда өмір сүре береді. Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жоспарланып жатыр. Сонымен қатар, жаңа шағын аудандарда салынып жатқан үйлердің құрылыс сапасына және инфрақұрылымын жасауға көп көңіл бөлінеді. Мәдениет ошақтары мен қолжетімді тұрғын үйлер салынып, аулалар мен көшелер абаттандырылып, жаңа шағын аудандардың барлық тұрғындары үшін жайлы орта қалыптасып келеді, – дейді Олжас Пердебайұлы.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА