Редакция таңдауы

Қауіпсіз жол қалыптастыру қоғамның да міндеті

Жол инфрақұрылымы мен көлік қатынасы – қала өмірінің күретамыры іспетті. Өйткені қазіргі жағдайда көлік ағыны көп мегополистерде ғана емес, шалғай ауылдың өмірі де тақтайдай тегіс жолдағы көлік қатынасына келіп тірелетіні рас. Яғни қоғамдық өмірдегі кез келген сала үшін маңыздылығы жоғары деуіміздің де сыры осында. Сондықтан Шымкент қаласының дамуы жолында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндеттеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұл бағытта басқарма тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстар аз емес.

Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы – автокөліктің көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Сол үшін соңғы жылдары қалада жол саласы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Осы орайда көше-жол желісін паспорттау және диагностикалауға аса ден қойылып отыр. Шаһарда бүгінде жолдардың жалпы ұзындығы 3899 шақырымды құрайды. Соның ішінде асфальтобетонды жабынды – 2847, 6, шағал тас – 564,4, топырақ жолдар – 487 шақырым. Бұл сандар қала жолдарын паспорттау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде анықталған екен. Ал биылдан бастап Шымкент қаласының көше — жол желісінде, оның ішінде магистралды, орталық, ішкі орам көшелерін зерделеу, паспорттау, жолдың техникалық жағдайы, жол электрондық жүйеге енгізу және мониторингілеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, қазір электронды база құрылып, іздестіру жұмыстарын цифрландыру, паспорттау, жол қабаты ақпараттарын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Соның арқасында жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 75%-ға жетті. Былтырмен салыстырғанда бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүргізілді. Мәселен 2023 жылы 254 нысан немесе 232,7 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтыр жалпы қала аумақтағы көшелер желісінде құрылыс-жөндеу жұмыстармен 501 көше немесе 365,8 шақырым қамтылған. Сонда бір жылдың өзінде 424 көше мен 1 көпір пайдалануға берілді.

Құрылыс және қайта құру жұмыстары да жемісті жүзеге асып келеді. Айталық, былтыр 20 нысанда құрылыс-қайта құру жұмыстарына қаржы қаралып, бір жылда 23,1 шақырым жол пайдалануға берілді. Соның ішінде А-2 автомобиль жолының 4-ші кезеңі, Оңтүстік айналма жолы, Өтегенов көшесінің 1,2 және Қонаев даңғылының жалғасын салудың 6-шы кезеңі сәтті іске асты. Сонымен қатар, биыл жол құрылыс жұмыстары басталған ірі нысандардың арасында Алтынсарин, Жандосов көшелерінің жалғасы, Тіленшин, Момынов көшелері бойында теміржол жол өтпесін салу, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңақоныс, Ізенді, Шұбаркөл және Ю.Сареми көшелерін күрделі жөндеу, А-2 автомобиль жолының 5-ші кезеңі мен Асар шағынауданы мен Шымсити шағынауданын қосатын жолдың құрылысы бар. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 310 көше қамтылып, бір жылда 247 көше, 1 көпір пайдалануға берілді. Қазіргі жөндеу жұмыстарымен 181 көше немесе 79,3 шақырым тағы қамтылып отыр.

Былтыр жол құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Мәселен, Шымкент қаласы Сіргелі көшесінің жалғасының құрылысы Төлеметов көшесінен Тұран шағын ауданына дейін, шығыс айналма жолдың құрылысының 2 кезегі, Қойкелді батыр көшесіндегі күрделі жөндеу, Қазиев көшесінің жалғасының құрылысы Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі аралық, Исрайлов көшесі КХ-39 көшесінен Қапал батыр көшесіне дейін қайта құру жұмыстары кіргізіліп отыр. Бұдан бөлек, Қонаев даңғылы мен Қошқар ата өзені маңындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері, Ақсүмбе көшесінің жалғасы мен Нұртас шағын ауданындағы Кәусар көшесінің құрылыстары да назарға алынған.

Автомобиль жолдарын салу – айрықша назарда

Сондай-ақ, А-2 автомобиль жолын қайта құруға қатысты да жұмыс тиянақты атқарылып жатыр. Қала аумағы арқылы республикамыздың Оңтүстік-Шығыс, Батыс өңірлеріне және Түркістан облысына негізгі көлік ағыны және транзиттік жүк көліктері А-2 автомобиль жолы арқылы қатынайды. Бұл жол – қаланың негізгі жолдарының бірі. Қала аумағындағы А-2 автомобиль жолының жалпы ұзындығы 32,3 шақырымды құрайды. Ал жөндеуден өтіп жатқан учаскелерінің жалпы ұзындығы 28,2 шақырым. Қазіргі жоба 8 кезеңнен тұрады және жұмыстар 4 кезеңде аяқталған. Биылдың өзінде 1 кезеңі аяқталса, қалған кезеңдердегі жұмыстар да жалғасын тауып отыр. Жобаны іске асыру барысында қала аумағындағы көлік кептелістері мен магистралдық көшелердің асфальт төсемінің бұзылуы секілді мәселелер оңтайлы шешілетін болады.

Қаладағы автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында Қонаев даңғылының жалғасы салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайды. Жоба 6 кезеңнен тұрады. Бүгінгі күні осы жұмыстар 3 кезеңде аяқталған. Биыл құрылыс жұмыстары қалған 3 кезеңде жүргізіліп, жоспарға сәйкес биыл аяқталуға тиіс.

Сонымен қатар қаладағы Тіленшин және Момынов көшелері магистралды теміржолмен қиылысады. Қиылысу орнында теміржол көлігінің жиілігі бірнеше есе артқан. Сәйкесінше теміржол көлігі өту барысында автомобиль жолы жабылып, ұзын-сонар көлік кептілістері болғандықтан, әкімдік тарапынан осы екі нүктеде теміржол өтпелі құрылысын салу туралы шешім қабылданған. Жобаны іске асыру өңірдің шығыс бөлігінде орналасқан кәсіпкерлік, өндірістік, арнайы экономикалық аймақтар және логистикалық орталықтарына тікелей қатынау мүмкіндігін бере отырып жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында теміржол өткелдерінің құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру барысында қала аумағындағы көлік кептелістері мен магистралдық көшелердің асфальт төсемінің бұзылуы секілді мәселелер оңтайлы шешіледі деген жоспар бар.

Ал Тұран ауданы, Жаңаталап тұрғын алабында орналасқан Бадам өзені үстінен өтетін көпірдің құрылысы 1974 жылы салынып пайдалануға берілген екен. Алайда осы уақытқа дейін көпірдің құрылымдық бөліктерінде ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Көпір жобасы 18 метрлік балкалар арқылы салынған және 5 тіректен тұрады. Бұл көпір Жаңаталап тұрғын алабын қаланың орталығымен байланыстыратын негізгі жолдың бойында орналасқан.

Соңғы жылдары Бадам өзеніндегі су деңгейінің 2-3 метрге төмендеуі салдарынан көпірдің 2-тірегінің түбі шайылып, оның іргетасының жер деңгейінен төмен бөлігі ашылып қалыпты. Бұл жағдай көпірдің пайдалану мүмкіндігін толығымен шектеп, оны апатты деп тануға негіз болды. Осыған байланысты көпірде шұғыл түрде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу кезеңінде тұрғындардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін уақытша көпір ұйымдастырылып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен жөндеу жұмыстарының мерзімі 9 ай деп белгіленгенімен, нысанның маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстары 4 ай ішінде аяқталыпты. Бүгінде нысан толықтай жөнделіп, қайта пайдалануға берілді. Өйткені жаңартылған көпір жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіз және қолайлы қозғалысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Шаһардағы көлік ағыны ең көп көшелердің бірі – Қонаев даңғылы. Сондықтан жауаптылар осы даңғылдағы Рысқұлов көшесі мен Түркістан көшесі аралығындағы аумақты орташа жөндеуді қолға алуға ерекше мән берген еді. 2007 жылы салынған бұл жолдың да асфальт жабындысы биыл толығымен ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары барысында ескі асфальт жабындысы толықтай алынып, оның орнына екі қабатты жаңа асфальтті бетон төселген. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жолдың 4 жолағы жаңадан сызылды. Бұл жұмыстар да көлік қозғалысын жақсартып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасап бергені рас.

Көшелердегі кептеліс азайды

Тұран шағын ауданын қаланың орталығымен байланыстыру және Бәйдібек би даңғылының көлік жүктемесін азайту мақсатында Таңбалы тас көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шара да көлік қозғалысының реттелуіне және кептелістердің едәуір азаюына ықпал етті. Тұрғындар тарапынан түскен көптеген өтініштердің негізінде Жандосов көшесінен Арғынбеков көшесіне дейінгі аралықтағы Ерімбетов көшесінің асфальт қабаты да жаңартылды. Мұндай жұмыстар қала жолдарының сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасап берді.

Бұл ғана емес, Шымкент қаласының Жібек жолы және Сайрам көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын жеңілдетіп, кептелісті азайту мақсатында оң жақ бұрылыс өткелі ұйымдастырылған еді. Сонымен қатар, Сайрам көшесінен Жібек жолы көшесіне оң жақ өткел салынған. Соның нәтижесінде Сайрам көшесіндегі кептеліс мәселесі тиімді шешілген. Айта кету керек, Сайрам көшесінің Уәлиханов және Жібек жолы көшелері арасындағы учаскесінің жағдайына қатысты қала тұрғындарынан жол жабындысының, жиек тастарының және арық жүйесінің тозуына байланысты шағымдар жиі түсетін еді. Сол үшін биыл жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары аясында осы учаскеде асфальт жабындысын төсеу, жиек тастар мен ирригациялық арықтарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңадан жол таңбалары сызылған.

Бұдан бөлек, қалада веложол мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақ ашылды. Балалар теміржолының орнына заманауи веложол мен аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп, қараусыз қалған аумақ жаңа серуен аймағы ретінде пайдалануға берілді. Бұл аймақ Қажымұқан атындағы стадионнан бастап Дендросаябақтағы бұрынғы теміржол стансасына дейінгі аумақты қамтиды. Жалпы ұзындығы – 5,5 шақырым болса, орташа ені – 5 метр. Көлік өтетін жолдарда жаяу жүргіншілер үшін арнайы жол таңбалары сызылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жобаның аясында веложол, жүгіру жолдары және бірнеше воркаут алаңдары салынған. Сондай-ақ, аумақ толық көгалдандырылып, соның арқасында тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.

Жалпы, Дендросаябақ пен Қажымұқан стансасы аралығындағы 8 шақырымды қамтитын балалар теміржолы 1979 жылы сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровтың басқаруымен салынған екен. Иә, осы уақытқа дейін теміржол қайта жаңғырту жұмыстарынан өткен. Бірақ қала басшысының айтуынша, жаңарту жұмыстарына қарағанда кәсіпкерлердің демеушілігімен бұл аумақты қайта құру әлдеқайда тиімді әрі заман талабына сай жүзеге асырылды. Бүгінде жаңа аймақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып отырғаны шындық.

Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа аялдама павильондары да орнатылып жатыр. Қазір қала аумағында жалпы саны 2335 аялдама орны бар. Биыл қажетті аймақтарға 877 жаңа аялдама павильоны орнатылып отыр. Аялдамалар екі үлгіде қойылып жатыр. Біріншісі – берік, темірден жасалған құрылымдар болса, екіншісі – заманауи, шыны павильондар. Сонымен қатар, қазір қала көшелерінде орналасқан аялдама павильондарының атаулары қазақ тілінде орнатылып жатыр. Мәселен, қазір 600 атау қазақша жазылған, сондай-ақ 300 аялдама ақпараттық тақтайшалармен жабдықталған.

Ақылды көлік жүйесі

Жаңадан енгізілген интеллектуалды көлік жүйесіне де ерекше назар аударылып келеді. Айталық, биыл кептелісті азайту мақсатында бағдаршамдарға интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) енгізілді. Жүйе жолдар мен қиылыстарға орнатылған сенсор арқылы көлік ағыны туралы ақпарат жинайды. Яғни арнайы жүйе көлік ағынына байланысты бағдаршамдағы қызыл мен жасыл түстердің уақытын автоматты түрде өзгертіп отырады. Сенсорлы құрылғылар микротолқынды — жолдағы кептеліс пен көлік ағымын нақты уақытта анықтаса, инфрақызыл жылу сенсорлары — баннерлер мен ағаштарға қарамастан көлік қозғалысын есептеп, бақылау мүмкіндігін береді. Ал радолокациялық жүйе Темірлан тас жолы, Қонаев даңғылы сияқты магистрал көшелердің толық енін қамти алады. Жүйенің нәтижесінде қаладағы 246 қиылысты интеллектуалды басқаруға, көлік қозғалысын автоматты түрде 24/7 бақылауға болады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайларға жылдам әрекет ету қауіпсіздік деңгейін арттырып, кептелісті азайтуға септігін тигізіп отыр. Қазір жаңа жүйе қаланың барлық бағдаршамы орналасқан қиылыстардың 71%-ын қамтиды. Оның артықшылығы сонда, ыңғайлы және қауіпсіз көлік қозғалыс ғана емес, кептеліс пен апаттар санын азайтып, қала тұрғындары үшін заманауи, жайлы инфрақұрылым ретінде жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ, былтыр жол инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Айталық, шаһарда бір жылда 1301 көшеге жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Соның ішінде көшеге заманауи жарық шамдар орнатылып, түнгі уақыттағы көшелердің жарықтандырылуы айтарлықтай жақсарды. Бұл жұмыстар қала қауіпсіздігін арттырумен қатар, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасады. Әсіресе, мектептер мен балабақшалар, қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланған аумақтардағы көшелер ерекше назарға алынған болатын. Қала әкімдігі алдағы уақытта да жарықтандырылмаған көшелерді қамтып, тұрғындарға барынша жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды қолға ала бермек. Ал былтыр Шымкент қаласының Тұран және Шымкент сити шағын аудандарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 32 жаңа бағдаршам нысаны орнатылған. Атап айтқанда, Тұран шағын ауданының қажетті аймақтарына 20 бағдаршам орнатылып, өз кезегінде бұл жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартты. Сонымен қатар, Шымкент сити шағын ауданында 12 бағдаршам орнату жоспарланып, оның басым бөлігі пайдалануға берілген екен. Мұндай шаралар жол қозғалысын реттеп қана қоймай, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысы үшін бұл жұмыстар ары қарай жалғасын таба беретін болады. Сонымен бірге былтыр Шымкент қаласының көше-жол желісінде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруда да біраз жұмыс атқарылды. Қалада арнайы үлгідегі, күндіз-түні анық көрінетін заманауи жарықтандырылған жол белгілері 50 орынға орнатылды. Бұл шаралар қала жолдарындағы апаттардың алдын алу, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал еткені де шындық.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әкімдіктің басты жоспары. Былтыр шаһарда жол белгілерін орнату және ауыстыруда да жүзеге асқан жұмыс айтарлықтай. Мысалы, бір жылда 6000 дана жол белгісі орнатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Бағдаршам нысандарына келсек, 46 жаңа бағдаршам орнатылып, іске қосылды. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне байланысты 3 белсенді жаяу жүргінші өткелі ұйымдастырылып, 409 орында жаңа құдықша орнатылды. Сондай-ақ 1236 метр жасанды жол кедергілері орналастырылып, қаланың орталық магистрал көшелерінде 100 шақырымға аяқжол жөнделіп, жаңадан салынды. Бұл ғана емес, жол жолақтарын сызу және жаңартуға қатысты да біраз жұмыс істелген. Былтыр 1050 шақырым жол белгіленіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп орындалған. Ал 420 мың м² көлемінде шұңқыр жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен бөлек, 103 көшеде ирригациялық арықтар салынды. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Халық сұранысы орындалды

Қазір қаладағы 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Осы маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетіп отыр. Жалпы көліктердің саны 1150 болса, қолданыстағы тариф құны — 70 теңге. Бұл еліміздегі өзге қалалардан қарағанда ең төменгі баға. Маршруттарда қызмет көрсететін автобустардың 100%-ы GPS треккерлермен жабдықталған екен. Қала әкімдігінің хабарлауынша, тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып, биыл да 26 жаңа автобус сатып алынған. Сонымен қатар биыл жыл ішінде 200 жаңа автобусты сатып алу жоспарда бар.

Қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру үшін зерделеу және талдамалық жұмыстар жүргізіліп, бұған сәйкес бірнеше өзгерістер енгізу қолға алынған. Айталық, «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы қатынайтын №3 жаңа айналма маршрутты және «Оңтүстік» шағын ауданындағы Бөгет, Қамысты, Баян батыр көшелерімен №4 жаңа маршруттың жұмысы қайта жүйеленген. Сондай-ақ 22 маршруттың қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестелері ұлғайтылған. Ал 9 маршруттың жұмысы сағат 23:00-ге дейін ұйымдастырылып отыр.

Айта кету керек, қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүретін адамдардың санаты да өсті. Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, былтыр 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте 14 жекелеген санаттағы азаматтарға тегін жүру құқығы берілді. Бұл шешім қала тұрғындары мен ұйымдардың көптеген өтініштерін ескере отырып қабылданды. Жалпы алғанда, жеңілдікпен 319 мың азамат қамтылды. Жеңілдік карталарын алу үшін Абай, Тұран, Қаратау аудандарының әкімдіктерінде және Әл-Фараби алаңдарында арнайы 4 пункт ашылды. Бұл бастама әлеуметтік тұрғыда көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету және қоғамдық көлік қызметтерін барынша қолжетімді ету мақсатында жүзеге асқанын да айта кеткен абзал.

Қала әкімінің тапсырмасымен арнайы қаулы қабылданып, былтыр 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жүйесі жойылды. Енді төлемдер тек электронды әдістермен жүзеге асырылады. Олардың қатарына көлік карталары, QR-код, SMS, банк карталары, сондай-ақ NFC және Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay арқылы төлем жасау мүмкіндіктері кіреді. Жүргізілген талдауларға сәйкес, автобустарда төлемдердің 97%-ы электронды жүйелер арқылы жасалып келген, тек 3%-ы ғана қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш жолаушылардың электронды жүйелердің тиімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеп отыр. Мұндай өзгерістер көлеңкелі ақша айналымын жоюға, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешікпеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік берді.

Шымкентте жаңа электронды билеттендіру жүйесі – Avtobys іске қосылуы да жаңашылдыққа бастап отыр. Қоғамдық көліктердегі қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесінде туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында шаһарда жаңа Avtobys электронды билеттендіру жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе жолаушыларға да, тасымалдаушыларға да ыңғайлы қызмет көрсетіп, қоғамдық көліктерде қызмет сапасын арттыруға ықпал етіп келеді.

Жолаушыларғажайлы қызмет жалғасын тауып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын мультимодальды орталық ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылысы жүзеге асырылған. Бұл жобаның стратегиялық маңызы өте зор. Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары ЅСАТ АҚ инвестициялары есебінен жүзеге асырылып жатыр. Есте болса, былтыр жыл соңында жаңа әуежай терминалының техникалық ашылуы өтті. Артынша Scat әуе компаниясының күндізгі ішкі рейстері орындалды. Бүгінде әлемдік әуе компанияларымен тарифтер мен ынтымақтастықта келіссөздер жалғасын тауып жатыр.

Шымкент халықаралық әуежайы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны, алыс және Таяу Шығысты байланыстыратын әуе дәліздерінің тоғысында орналасқан. Жаңа терминалдың іске қосылуы 9 көрші мемлекетпен және 15 еуропалық, азиялық елдермен, оның ішінде Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Мысыр, Вьетнам, Оңтүстік Кореямен әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазір халықаралық жүйелерге интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуежайдың инфрақұрылымын дамыту және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшу-қону жолағын салу, аэродромды қайта жаңарту, рульдеу жолдарын салу жобасының сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп келеді. Ең маңыздысы, жаңа әуежай Оңтүстік өңірінің авиациялық хабын құрып, жолаушылар мен жүктердің үлкен ағынына қызмет көрсететін тиімді әрі қауіпсіз орталыққа айналды.

Шымкенттің көлік инфрақұрылымының дамуы қаланың экономикасы мен жергілікті бизнестің өсуіне ықпал етеді. Жаңа әуежай терминалы жолаушылар ағынын көбейтіп, әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік беріп, қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі қызмет пен жайлылық ұсынып отыр.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан әуежай аумағында автотұрақты абаттандыру, кірме жол салу жұмыстары және инженерлік желілер жүргізу жұмыстары толық атқарылған. Осыдан бес жыл бұрын Шымкент теміржол вокзалы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-нан қала әкімдігіне өтті. Теміржол вокзалы кейіннен сатып алу құқығынсыз 2022 жылы 10 жыл мерзімге Vostok Trade Pro ЖШС сенімгерлік басқаруына берілді. Қазір темір жол вокзалының ғимаратын қайта жаңғыртуға 1,1 млрд.теңге инвестиция салынды. Қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы басталып былтыр бір жылдың ішінде толық аяқталған еді.

Ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді құраған болса, соңғы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайды. Ал жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін өскен. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды. Соның арқасында шаһарға келіп-кететін жолаушылар үшін теміржол вокзалында тәулігіне 27 бағытта пойыз қызметі ұйымдастырылып отыр

Жыл ішінде атқарылған шаруа аз емес. Десе де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік қатынасын тиімді реттеу – әкімдіктің ғана емес, қала қоғамның әр мүшесі үшін жауапкершілікке айналуы керек. Өйткені жол ережелерін сақтау, инфрақұрылымды жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің мәдениетін арттыру – көлік қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы етудің негізгі жолы. Бұл бағыттағы кешенді шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға да ықпал етеді. Сондықтан әрбір азамат жол қозғалысының қатысушысы ретінде өз міндетін түсініп, қауіпсіздік ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауға тиіс.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар