Редакция таңдауы

«Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде…»

Әйел – әлемнің шырағы. Ол – нәзіктік пен мейірімнің, күш пен сабырдың, махаббат пен даналықтың қайнары. Өмірдің өзі әйелмен мәнді. Ол – ана, ол – жар, ол – қоғамның тірегі.

Әйел десе, ең алдымен, ана бейнесі көз алдымызға келеді. Ол – өмірдің нәрін сеуіп, ұрпақтың бойына тәрбие дарытатын тұлға. Ананың әлдиі – ең алғашқы ән, оның алақаны – ең жылы мекен. Бала үшін ананың ақ сүті мен шексіз мейірімі – өмірдің бастауы, ең үлкен қамқорлық. Ұрпағын тәрбиелеген ана ұлттың болашағын қалыптастырады.

Әйел – отбасының жүрегі. Ол – ошақтың ұйытқысы, отбасының жылуы, берекесі. Күйбең тіршіліктің сансыз жүгін арқалап жүрсе де, ол ешқашан отбасының амандығы мен шаңырақтың шаттығын ұмытпайды. Әйелдің махаббаты – шаңырақты берік ұстап тұрған алтын арқау. Ол адалдық пен сүйіспеншіліктің символы.

Нәзік жандылар бүгінгі күні қоғамның барлық саласында ер азаматтармен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Олар – дәрігер, мұғалім, ғалым, саясаткер, заңгер, инженер, кәсіпкер. Қазақ әйелдері – білімнің де, ғылымның да, өнердің де биік белестерін бағындырған қайсар жандар. Батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүк есімдері – әйел бейнесінің шексіз қуатының дәлелі.

Кәсіпкерлік пен бизнес саласында да ер азаматтармен тең дәрежеде жетістікке жетіп жүр. Олар – табысты кәсіпкерлер, жетекші менеджерлер, қаржыгерлер, технологтар. Әйелдің іскерлігі, ұқыптылығы мен интуициясы оны бизнес әлемінде де ерекше биікке көтереді. Нәзік болмыс пен темірдей төзімділікті үйлестіре білген әйелдер экономиканың дамуына, түрлі идеялардың жүзеге асуына ықпал етуде. Мемлекет кәсіпкер әйелдерді қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы әйелдерге бизнес жүргізу үшін жеңілдіктер беріледі. Олардың арасында ірі компаниялардың басшылары, өз брендін қалыптастырған кәсіпкерлер көп. Тіпті кейбірі шет елде танылып жүр.

Ал, басқарушылық қабілетін әйелдер ерте заманнан-ақ дәлелдеген. Бүгінде көптеген елдерде әйел – президент, премьер-министр, министр қызметтерін атқарып келеді. Қазақстанда да мемлекеттік қызметте, әкімшілік басқару салаларында әйелдердің саны артып келеді.

Қазір әйел мен еркек тең, немесе тең емес деген сөзді көп естиміз. Қаптаған психологтар да осы тақырыпты көп қозғайды. Жаратылысынан тең емес. Бірі қара күштің, ақылдың адамы болса, бірі нәзіктік пен эмоцияның адамы. Дегенмен, қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа араласып жүрген әйелдер жетерлік. Аңыздарға назар аударсақ, Домалақ Ана, Бопай ханым сияқты тарихи тұлғалар тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, елдің саяси өміріне де араласқан. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Әйел – саясаткер, әйел – көлік жүргізуші, әйел – бала тәрбиелеуші, әйел – үй күтуші, әйел – заңгер, әйел – экономист. Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін қашанда ардақты саналған. Қазақ қоғамында әйел ең алдымен отбасының берекесін сақтаушы, ана, жар ретінде қарастырылады. Ана – өмірдің бастау көзі, баланың ең алғашқы тәрбиешісі. Қазақтың «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөзі әйелдің қоғамдағы орны тек үймен шектелмейтінін айқындайды.

Ертеде бір данагөй қарияның ұлы мен қызы болыпты. Бір күні олар әкесінен:
«Әке, әйел мен еркектің теңдігі туралы не айтасыз? Шынымен, екеуі тең бе?» деп сұрапты. Қария екеуін сыртқа ертіп шығып, биік бәйтерек пен жанындағы әсем шынар ағашын көрсетіп:

– Мына бәйтерек – ер адам, ал қасындағы шынар – әйел адам. Екеуі де табиғаттың бір бөлшегі, екеуі де әсем, екеуі де мықты. Бірақ олардың күші бірдей емес, айырмашылығы бар, – дейді.

Балалары таңданып, мәнісін сұрайды.

– Егер дауыл соқса, бәйтерек қатты шайқалады, бірақ сынып кетпейді. Ал шынар майысып, желдің ығына қарай иіледі, бірақ тамыры үзілмейді. Бәйтеректің күші – тік тұруында, ал шынардың күші – иіле білетінінде. Ер адам – отбасының қорғаны, ал әйел – оның берекесі. Бірі болмаса, екіншісі де әлсірейді. Сондықтан ер мен әйел тең, бірақ олар әртүрлі, – деп түсіндіреді қария.

Балалары ойланып, бас шұлғып, «Рас екен, әке! Екеуінің рөлі әртүрлі болса да, олар бірін-бірі толықтырып тұрады екен» депті.

Ер мен әйел тең, бірақ бірдей емес. Олардың әрқайсысының өз орны, өз күші, өз даналығы бар. Қоғамдағы үйлесім – осы айырмашылықтарды мойындап, бірін-бірі толықтыруда.

8 наурыз – тек әйелдерге арналған мереке ғана емес, ананың ақ сүтін ардақтайтын, әйелдің нәзіктігі мен күшін дәріптейтін күн. Бұл күні біз әрбір анаға, әпкеге, қарындасқа, жарға алғысымызды айта аламыз. Сондықтан 8 наурыз – тек мейрам ғана емес, әйелдердің қоғамдағы орнын бағалайтын, олардың еңбегін құрметтейтін ерекше күн. Ендеше, әлемнің бар мейірімі мен сұлулығы сіздерден басталады, аяулы әйелдер!

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар