Шымкенттің мәдени көкжиегінде жаңалық көп. Биыл Шымкентте «Shanin fest» республикалық фестивалі өткізіледі. Бұл туралы Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы
Бауыржан Орынтаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.
– Фестиваль аясында республика театрлары мен әртістері арасында ынтымақтастық орнап, тәжірибе алмасады. Еліміздегі үздік оркестр ұжымдарының қатысуымен «Оркестр шеруі» өткізіледі. Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауға бағытталған «Бабалар аманаты», «Қошқар ата сейілі» іс шараларымен қатар, халықаралық ағаш шеберлерінің фестивалі мен халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылады, — деді осы жылдың жоспарына тоқталған басқарма басшысы.
Сондай — ақ, алғаш рет Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында Уильям Шекспирдің трагедиясы негізінде жазылған француз композиторы Шарль
Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсы сахналанбақ. Бұдан бөлек, қаладағы театрлар жыл соңына дейін 31 премьера ұсынады.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне келсек, «Наурызнама» онкүндігі аясында қала аумағында өткізілетін іс-шаралар легі 14 наурызда «Көрісу күні – Амал мерекесінен» басталады. Қаланың орталық алаңдары мен қоғамдық орындарында мәдениет саласының қызметкерлері шерулетіп, тұрғындармен көрісу жоралғыларын өткізеді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері Ордабасы ауданындағы «Бірлік монументі» кешенінде екі өңірдің мәдени-рухани байланысын нығайту мақсатында көрісу жоралығысын ұйымдастырады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Халықтың әлеуметтік осал топтарына «Мейірім жүректен» акциясы өтеді. Онда әлеуметтік бағдарлама шеңберінде баспана кілттері табысталып, сауда орындарында жәрмеңкелер өтеді 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Қошқар ата өзені бойында «Қошқар ата сейілі» өтеді. Шара барысында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттауға арналған іс-шаралар, көрмелер мен жәрмеңкелер, ұлттық ойындар және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Бақытты жанұя» орталығының ұйымдастыруымен Арбат демалыс аймағында насихаттық шаралар өтеді. Осы күні дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» сыйлықтары табысталады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Шымкент қаласының ұлттық киімдер брендін қалыптастырған ірі кәсіпкерлер мен отандық дизайнерлердің қатысуымен сән фестивалі мен көрмесі ұйымдастырылады.
19 наурыз – Жаңару күні. Қала аумағында жүргізілетін «Таза өлке», «Рахмет, Жер ана!» экологиялық акциялары аясында 1000 түп көшет отырғызылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Спорт ұйымдарында ұлттық ойындардан түрлі байқау өтеді.
21 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Астана алаңында және қаламыздың барлық аудандары мен тұрғын алаптарында Наурыз мейрамына арналған мәдени-бұқаралық іс-шаралар, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. «Астана» алаңында халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмысынан көрініс беретін этноауыл жасақталады.
22 наурыз – «Жыл басы». Бұл күні «Шымқала» этноауылында «Жарамазан Fest» және «Бесікке салу» республикалық байқаулары өтеді. Қала өнерпаздары дәстүрлі әндер шеруін, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін ұйымдастырады.
Айта кетейік, Наурыз айында өткізілетін барлық іс-шаралар Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарланады.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ