Редакция таңдауы

Қыр гүлі өзімізде де өседі

Енді шымкенттік сұлулар қыр гүлі қызғалдақты тек көктем мезгілінде ғана күтпейді. Біз әңгімеге тартқан Балқия Жандарқызы қызғалдақты жылдың төрт мезгілінде өсіру мақсатында отбасымен бірге жылыжай ашып, осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Қазір оның ауласындағы 6,5 соттық жылыжайда қызғалдақпен қатар раушан гүлі де өсіп түрі жайқалып тұр.

Балқия апай тәуекел етіп бастаған кәсібінің нәсібі аз болмайтынына бек сенімді. Өйткені, кейіпкерімізбен оның жолдасы бұл еңбектің тәтті нанының дәмін татып, рахатын көрген жандар. Бәрін басынан бастайық.

Балқия апай мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде есепші мамандығында оқыды. Еңбек жолын сондағы аурухананың бухгалтерия бөлімінен бастады.

Бір ауданда 8 аурухана болатын. Сол ауруханалардың бухгалтериясы бір жерге шоғырландырылған еді. Сонда есепші болып жұмысқа орналастым. Алайда, көп ұзамай жолдасым Исабек Базарбековке тұрмысқа шықтым. Мен босаға аттаған әулет гүл өсіру бизнесімен айналысты. Қайын атам Исақ Базарбеков гүл өсіретін плантацияда агроном болған екен. Сол кісі кейін мұны балаларына үйретіпті. Мен келін болып түскен жылы қайын ағам мен күйеуім гүл өсіретін аймақты кеңейтті. Олардың баптап, өсіріп берген гүлдерін дүкенімізде саттым.

2016 жылы Шымкентке көшіп келдік. Жолдасым 5 ағайынды. Сол кісілердің балалары бүгінде Шымкентте тұрады. Біздің бір ұл, екі қызымыз бар. Ұлымның бауырларының қасында болғанын қалап, осында қоныс аудардық. Жолдасым үйіміздің алдындағы 6,5 соттық жерге жылыжай салып, кәсібін қайта қолға алды. Алғашқыда гүлдерді гүл сататын арнайы орындарға өткізетінбіз. Қазір өзіміздің шағын дүкеніміз бар. Гүлдерімізді сонда сатуға шығарамыз. Бағасы нарықтан әлдеқайда арзан. Үйден де келіп алып кетушілер көп, – деді Балқия апай.

Әрине, кез келген гүлді күтіп-баптаудың мехнаты оңай емес. Ол үшін жылыжайдың іші күндіз-түні бір қалыпты температурада болу керек, қатты жылып кетуге де, суытып алуға да болмайды. Оның бәрі гүлдердің уақытында бүр жаруына әсер етеді. Соған қарамай, ата-бабасынан келе жатқан кәсіпті жалғастырған ерлі-зайыпты оны алдағы уақытта жетілдіре түсуді мақсат етіп отыр.

– Қолға алған кәсіпті дөңгелетіп алып кетуді ойлаған адам барлығының ретін табады екен ғой. Бізде де басында қиындықтар болмады емес, болды. Жолдасым сол сынақтардың бәрінен жол тауып өте білді. Қазір ол кісі раушан гүлі мен қызғалдақтың бірнеше түсін өзі ойлап шығарды. Және оған сұраныс өте үлкен болуда, – дейді кейіпкеріміз.

Ендеше жылыжайда жайқалған гүлдердің жұпар иісін сіз де аңсаған болсаңыз, Балқия апайға барыңыз. Қыр гүлі қызғалдақты жылдың төрт кез келген қолыңызға ұстап, иіскей аласыз.

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар