Редакция таңдауы

Шағын бизнестен ірі өндіріске: кәсіп бастау қиын емес

Мемлекет кәсіптің көзін тауып, іс қылғысы келгендерге қолдауды кенже қалдырған емес. Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік тарапынан қайтарымсыз грант, субсидия алған жергілікті кәсіпкерлердің өнімі өзге өңірлерге де жіберіліп, ішкі өнімді қамтамасыз етуге қолғабыс болып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен қала әкімдігі, Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері Шымкент шаһарындағы шаруалардың айтарына құлақ түріп, қаржылай қолдау алып отырған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Олардың қатарында екі жыл бұрын шағын кәсібін ашып, бүгінде Izmir Trade ЖШС-ін құрған Измир Лапаевтың басқаруындағы сүт өнімдерін өндіретін зауыт та бар. Зауыттың ірімшіктері қазір Шымкенттегі қоғамдық тамақтану орталықтарына ғана емес, Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда қалаларына да жіберіледі екен. Серіктестік басшысының сөзінше, мұнда күніне үш жарым тонна дайын өнім шығарылады. Осылай, халықтың табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырғаны үшін жергілікті әкімдік те қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Айталық, серіктестік сүтті қайта өңдеп, дайын өнімдерді сату үшін мемлекеттен субсидия алады. Яғни олардың өндіріп отырған сүтінің литріне ақша төлейді.

– Біздің құрал-саймандарымыз бен технологияларымыздың барлығы Түркиядан алынған және технологтарды да бастапқыда сол жақтан алып келдік. Қазір түркиялық мамандар біздің жұмысшыларға өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, технологиялардың тілін меңгертіп жатыр. Бізде қазірдің өзінде жиырма қызметкер бар. Ал жалпы біздің технологияларымыз бес тоннаға дейін өнім шығаруға қабілетті, — дейді И.Лапаев.

Кәсіпкерлік мемлекеттің беріп отырған көмегін тиімді пайдаланудың арқасында қазір өз шаруасын бұдан ары кеңейтіп, алдағы уақытта жаңа зауыт салуды да мақсат етіп отыр.

Ал үш жылдан бері Шымкент қаласында ғана емес, республиканың өзге қалаларына он екі түрлі сүт өнімін жіберіп отырған BIO FOOD KZ ЖШС-і де шаруасын дөңгелетіп отыр. Серіктестік директоры Санжарбек Абдуахитовтің айтуынша, сүт фирмасы күніне 25-30 тонна сүт өнімдерін шығарады. Олардың таза сапалы сүт өнімдері қазір қаладағы барлық сауда орталықтарында сатылымда тұр. Тіпті осы аз уақыттың ішінде олардың сүт өнімдеріне сұраныс тек Шымкентте ғана емес, Қарағанды, Алматы Қызылорда мен Ақтаудан да артып келеді.

– Біз сары май, қатық, айран, ірімшіктің бес түрін, сүзбе, қаймақ, барлығы 12 түрлі сүт өнімін шығарамыз. Осынша өнімді фирмамыздың 25 жұмысшысы атқарып жатыр. Оларды осында түркиялық мамандар бір жарым жыл оқытты. Қазір біздің өнімдерді жергілікті мамандар істейді. Технологияларымызды Түркиядан алып келдік. Ең маңыздысы, біздің ісімізге қолдау білдіріп, кәсіптен нәсіп тауып отырғанымыз мемлекеттің қолдауының арқасында екенін де айта кетейін. Себебі үкіметтен алып отырған субсидия өнімдеріміздің өтімді әрі сапалы болып шығуына көп көмегін тигізіп келеді, — дейді серіктестік басшысы.

Мұндағы сүт өнімдерінің жасалу процесі ұқыптылық пен сабырлықты талап етеді екен. Мәселен, алдымен сүттен қаймақ алынады, қаймақтан таза сары май алынады. Ең маңыздысы, сүт өнімдеріне ешқандай зиянды қоспалар мен дәмдеуіштер араластырмайды. Тағы бір айта кетерлігі, бір кесе сүт те ысырап етілмейді. Яғни қаймақтан ажыратылған сүттің өзінен дәмі тіл үйіретін сүзбе алынады.

Қала аумағында қазір дәл осындай сүт өнімдерін қайта өңдеп, табиғи өнім беріп жатқан 12 кәсіпкер бар. Соның ішінде BIO FOOD KZ ЖШС орташа кәсіпкерлікке жатады. Өйткені, мұнда бір күнде 30 тоннаға дейін сүт өңделеді.

Шымкент қаласы Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғайдың айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп. Айталық, бүгінде олардың сары май мен қатты ірімшігі үшін қайтарымсыз субсидия беріледі екен. Демек кәсіпкерлер мемлекет қолдауына ие болу үшін бұрынғыдай әр есікті сығалап, әуре-сарсаңға түспейді. Шығарған өнім көлеміне қарай құжаттарын электрондық базада ауыл шаруашылығы басқармасына өткізе алады. Жұмыс орнында отырып, субсидия алуға өтініш қалдыру да қиындық тудырмайды.

Баспасөз туры барысында төрт гектар аумақты алып жатқан жылыжай жұмысы таныстырылды. IGM Corparation ЖШС-нің қызметкері Есалы Аңсат төрт жылдан бері жергілікті халықты көкөніспен қамтамасыз етіп отырған жылыжайдағы жұмыс жыл бойы тоқтамайтынын айтты. Өйткені жылыжай аумағында көктемде қияр егілсе, күзде қызанақ себіледі. Сонда жылына жылыжайда өсірілген жүз тонна көкөніс Шымкенттегі сауда орындары мен жәрмеңкелерге жіберіледі. Ал серіктестікте 50-60 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жиын-терім кезінде олардың саны 100-120 адамға жетеді екен. Сондай-ақ, серіктестік өкілі жылыжайдың жұмысы жүйеленіп, өнім сапасының артуына мемлекеттің берген қаржылай қолдауы да көмек болып отырғанын тілге тиек етті.

– Бізге мемлекет дәрі-дәрмек пен тыңайтқыштардың субсидиясын береді. Соның бәрін уақтылы алып, тиімді игеріп отырмыз. Себебі сапалы әрі мол өнім алу үшін тыңайтқыштың маңызы зор. Біздегі жұмыс автоматтандырылған. Технологияның барлығы Түркиядан әкелінген. Агрономдар компьютермен тапсырма беріп қойып, жұмыс барысын телефон арқылы бақылап отырады. Шығын болмай, кіріс кірмейтіні тағы бар. Бірақ үкіметтен алып отырған несиені уақытында төлеп, ісімізді алға қарай дамытып келеміз. Соның арқасында қазір біздің өнімді Алматы, Қарағанды, Қостанай мен Өскеменнен келіп алып кететіндер бар,- дейді Есалы Аңсат.

Шымкент өңірінде қазір 94 гектар жылыжай бар. Бұл орайда қала халқын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған жылыжайлардың үлесі 70-80 пайызды құрап отыр.

– Қазір жылыжайларда ерте көктемгі өнімдерді алып отырмыз. Ертең осы отандық өнімдерді қала аумағындағы базарлар мен жәрмеңкелерге шығарамыз. Сонда біз қала халқын өзіміздің жергілікті сапалы әрі бағасы тиімді өніммен қамтамасыз ете аламыз. Өйткені біз өнеркәсіп жылыжайларына мемлекет тарапынан гектарына сегіз миллиондай субсидия береміз. Соңғы жылдары мемлекет шаруалардың бір шетіне шығысып, жарығы мен газына, суына жеңілдік жасап отыр. Айталық, оларға жиырма пайызға субсидия беріледі. Бүгінде фермерлік жылыжайларға гектарына бес миллиондай қарастырған. Былтыр өңірге келген түрік компаниясы 650 гектар жер алған. Бұл серіктестіктің жүз гектар жылыжайы іске қосылады. Оларға да қазір 30 пайыз инвест-субсидия береміз. Түрік компаниясы биыл жылыжайдың 100 гектарын іске қосса, келесі жылы тағы да 250 гектар, ал 2028 жылға дейін 650 гектарды толық кезең-кезеңімен қосатын болады, — деп отыр Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғай.

Сонымен қатар, жұмыс істегеніне бір жыл ғана болған «АйМар құс» ЖШС-не көрсетілген қолдау үмітті ақтап отыр десек әбден болады. Өйткені аз ғана уақыттың ішінде кәсіпкерлік сапалы табиғи жұмыртқа өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын деңгейге жеткен. Алдағы уақытта жұмыртқа шығарып қана қоймай, табиғи сапалы құс етімен айналысуды да мақсат етіп отыр. Серіктестіктің бас директоры Өмірбек Сәбитұлының сөзіне сүйенсек, фабрика күніне 200 мың жұмырқа шығарады. Олардың өнімдері қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысы ғана емес, Қызылорда, Тараз, Алматы, Астана, Петропавл, Өскемен, Қарағанды қалаларындағы дүкен сөрелерінде тұр. Ал кәсіпкерлікте жоғары өнім шығаруға арналған голландық және неміс технологиялары қолданылады екен. Яғни мұндай сапалы технология сағатына 36 мың жұмыртқа жинауға мүмкіндік береді.

– Басқа шағын және орта бизнес секілді біз де мемлекеттің қолдауын көрдік. Біздің фабрикамызға бірінші кезеңде 4 миллиард 800 миллион теңге жұмсалды. Қазір біз екінші кезеңді бастап, тағы бір зауытты салып жатырмыз. Бүгінде бізде 200 мың тауық, 100 мың балапан болса, биыл біз бройлер фабрикасын ашуды көздеп отырмыз. Құрылыс жұмыстарын бастап қойдық, — дейді серіктестік басшысы.

Әңгіме арасында Өмірбек Сәбитұлы енді ғана басталған жұмысқа мін таққандар да болғанын жасырмады. «Халал жұмыртқаны хиджиб киетін тауықтардан аласыздар ма?» дегендердің де сауалына жауап беріп, іс жүзінде сапалы әрі таза өнімнің қалай жасалатынын көрсетіп жатқанын жеткізді.

– Мұсылман болған соң, әрбір ісіңді адалынан істеу керек. Біздің құстарға беретін жем – табиғи, таза өнім. Қазір тауықтарға тек табиғи жүгері, жергілікті бидай мен майды береміз. Мысалы, көп фабрикалар қоспасы бар аралас ұн мен өлген тауықтан жем өндіріп, құстардың өзіне беріп жібереді. Ал бұл каннибализм десек те болады. Сол себептен қазір кейбір жұмыртқа адамдардың асқазандарын ауыртып жатады. Ал жұмыртқаның сарысы сап-сары болу үшін табиғи жүгері беріледі. Қосымша кафтизол дәрумені қосылады. Адал асты білетін тұтынушылардың арқасында бір жылдың ішінде өнімдерімізді ел ішіндегі бірнеше өңірге жібере бастадық. Тіпті қазір Ауғанстаннан да тұтынушылар келіп, өнімдерімізге қызығушылық танытып отыр. Алайда біз жұмыртқаларымызды шетелге шығара алмаймыз. Алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз еті үшін жұмыс істейміз,- дейді ол.

Жалпы елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының маңызды басымдықтарының бірі. Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары – жеңілдетілген несиелер, гранттар, салықтық жеңілдіктер мен білім беру бағдарламалары бизнесті өркендетуге елеулі ықпал етеді. Дегенмен мемлекет қолдауын көрген кәсіп иелері жұрттың да жағдайына қарап іс қылса, ел экономикасына үлесін қосқан болар еді.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар