Редакция таңдауы

Қала құрылысын басқаруды цифрландыру – дамудың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел алдында тұрған бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президент тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін қала құрылысын жоспарлаудан бастап, объектілерді пайдалануға беруге дейінгі барлық процестерді толық цифрландыруды қамтамасыз ететін құрылыс саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн. шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн» деді.
Иә, қала құрылысын цифрлық форматқа көшіру – құрылыс саласының жаңа кезеңі. Өйткені, Шымкент шаһары урбанизацияның қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының бірі ретінде құрылыс және тұрғын үй басқару жүйесін жетілдіруде маңызды қадамдарды жүзеге асырып келеді. Мәселен осы күні тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жүргізуде жаңа реформа жемісті жұмыс істеп, қала құрылысын жоспарлаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерістерді цифрлық форматқа көшіру уақыт талабына айналып отыр. Бұл орайда құрылыс барысын бақылау заңнамалық тұрғыда бекітіліп, тиісті ережеге сәйкес қадағаланады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жүргізудің жаңа реформасы іске асырылып жатыр. Яғни тұрғын үй қорын сақтау мақсатында  көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау үшін жаңа басқару нысандарына көшу көзделген. Қазір қала аумағында 2570 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 155 мүлік иелері бірлестігі әділет басқармасында тіркелген. Аудан әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, 1699 жай серіктестік жұмыс істеп жатыр. Бөлім тарапынан тұрғындармен тұрғын үйді басқару жүйесін түсіндіру жұмысы тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен бұған қатысты жиналыстар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихаттауға да көңіл бөлініп отыр. Жаңадан құрылған МИБ төрайымдары және МИБ құруға ықылас білдірген үй төрайымдарын оқытуға да ерекше назар аударылып келеді.
Осындай нәтижелі әрі жүйелі жұмыстың арқасында қазір МИБ-нің жауапкершілігі артты. Тұрғындар да тұрғын жайын күтіп ұстаудың маңыздылығын түсіне бастады. Қаладағы жүк көтергіш механизмдер мен лифт шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи бақылау жүйелері енгізілді. Қала әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде шаһардағы лифттердің жалпы саны – 1235. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерде – 943, денсаулық сақтау мекемелерінде – 58, білім басқармасының ұйымдарында-50, қоғамдық орындарда, сауда орталығы мен қонақ үйлерде –184. Ал Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы осы лифттердің жағдайын да бақылауға алады. Өйткені соңғы жылдары елімізде қауіпті лифтілерден зардап шеккендер туралы жиі айтыла бастады. Сондықтан бұл бөлім тұрғын үйді күтіп-ұстау және басқаруда Мүлік иелері бірлестігін және Жай серіктестіктер институтын енгізу жөніндегі реформаның іске асырылуын мемлекеттік бақылауға тиіс. Олардың міндетіне қауіпті техникалық құрылғылардың, жүк көтергіш механизмдердің қауіпсіз пайдаланылуын қадағалау да кіріп отыр. Бұған сәйкес, 2012–2024 жылдар аралығында көпқабатты тұрғын үйлерде  71 лифт ауыстырылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын таппақ. Айталық, осы жылы 25 лифтіні ауыстыру жоспарланса, соның ішінде  25 жыл пайдалану мерзімі өткен 7 лифт бар.
Басқарма тарапынан былтыр әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде орнатылған лифтілерді пайдалануға беру алдында комиссия мүшелерімен  198 лифтіге сынақ жұмыстары жүргізіліп, Egov.kz платформасы арқылы  97 лифт мемлекеттік тіркеуге алынған. Соның негізінде лифтіні қолдану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары сақталмағандығы үшін лифт иелеріне және лифтіге қызмет көрсетуші мекемелерге 8 әкімшілік іс қозғалып, 701 480 теңге айыппұл салынған.
«Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына» сәйкес, басқарма тарапынан лифтілердегі қауіпсіздік шараларын бақылау және алдын алу мақсатында лифттерге қызмет көрсететін  сервистік компаниялардың қызметін «i-komek-109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграциялау жүргізіліп, келіп-түскен өтініштерге тұрақты бақылау жүргізілді. Былтыр қала тұрғындарынан осы байланыс орталығына лифт мәселесіне қатысты 866 жолданым түскен. Оның 864 жолданымы орындалып, 2 өтініш жұмыс барысына алынып отыр. Сонымен қатар қалалық білім және денсаулық басқармасына қарасты мекемелерде орнатылған жүк көтергіш механизмдерді мемлекеттік тіркеуге алуға қатысты жиналыс ұйымдастырылып, 27 лифт мемлекеттік тіркеуге алынған.
Бұдан бөлек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, лифттер тұрғын үйдің ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан тұрғындарға лифтілерді күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізуді, оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеттелген. Алайда көріп отырғандай, тұрғындар көбінесе істен шыққан бөлшектерді өз есебінен ауыстырғысы келмейді. Бұл шығындарды қызмет көрсететін компанияларға немесе әкімшілікке аударуға әуес. Ал бұл өз кезегінде қала тұрғындарының төмен белсенділігі тұрғын үй қорын тоздыруға әкеледі.
Баспана бөлудегі басым бағыт
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы да тұрғын үй саясатын жетілдіру мақсатында цифрлық технологияларды енгізуге басымдық беріп отыр. Қазір kezekte.kz платформасы арқылы азаматтар тұрғын үй кезегіне тұрып, өз мәртебесін онлайн тексере алады. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй алған азаматтардың тізімі ашық жарияланып, тұрғын үй кезегінің әділетті бөлінісін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Былтыр 161,9 мың шаршы метр 55 тұрғын үй пайдалануға берілсе,  биыл 57 көпқабатты үйдің құрылысы жоспарланған. Жаңа тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде экологиялық стандарттар мен энергия үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары назарға алынады.
Шаһар мегаполис мәртебесін алғалы бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны артқан. Бүгінде 51 933 адам кезекте тұр.  Оның 15 861–і көпбалалары отбасылар болса, 1 748-і ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар. Ал 18 088-і  халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын және 23-і жалғыз тұрғын үйі апатты адамдар. Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндер, сондай-ақ, әскерилерді қосқанда бүгінде 16 213 адам үй кезегінде тұр.
 Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген еліміздегі тұрғын үй саясаты мен тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаңғырту қажеттігі туралы тапсырмасы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы үшін де маңызды бағдар. Қала халқының қарқынды өсуі, урбанизация деңгейінің артуы тұрғын үй саясатын жаңа деңгейге шығаруды талап етеді. Сол үшін басқарма өз алдарына бірнеше басым бағытты міндеттеп отыр.
Мәселен тұрғын үйдің қолжетімділігі мен әділетті бөлінісін қамтамасыз етуге басымдық берілген. Қазір шаһардағы мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып келеді. Алайда халықтың барлық санаты үшін тұрғын үй қолжетімді болуға тиіс. Осы мақсатта «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдар аралығына дейінгі Тұжырымдамасы» аясында  берілетін «2-10-20», «5-10-20», Qamqor  өңірлік бағдарламасы және «Наурыз» несиелік бағдарламасына қатысты халыққа кеңінен түсіндірме жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл орайда мемлекеттік тұрғын үй кезегін басқару жүйесін ашық әрі әділ етуге байланысты шаралар күшейтіле береді.
Екіншіден, тұрғын үй құрылысының сапасын арттыруға да басымдық берілген. Басқарма бұл бағытта Құрылыс басқармасымен бірлесе отырып, құрылыс материалдарының сапасын тексеру жүйесін және бақылауды күшейтіп, мердігерлерге қойылатын талаптарды арттырды. Жаңа тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде экологиялық стандарттар мен энергия үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандырады. Мемлекет басшысының халықты баспанамен қамтуға байланысты берген тапсырмасы аясында Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп келеді. Құрылыс басқармасы тарапынан биыл 283,5 мың шаршы метр 3 592 пәтерлі 57 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін Тұран шағын ауданында 16 үй, Бозарық шағын ауданында 36 үй, Ақжайық шағын ауданында 5 үй салу жоспарланған.  Бұл тұрғын үйлер кредиттік пәтер ретінде бірқатар санаттағы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Мысалы былтыр да 161,9 мың шаршы метр 55 тұрғын үй құрылысы аяқталып, баспана кезегіндегі тұрғындарға тапсырылған.
Ал цифрландыру – тұрғын үй саласындағы ашықтықтың кепілі. Бұл бағытта бірыңғай ақпараттық тұрғын үй қорын басқару жүйесін енгізу, электронды тұрғын үй кезегін жетілдіру және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының орындалуын бақылау механизмдерін күшейту қолға алынып отыр. Қазір Тұрғын үй басқармасы Президент тапсырмаларының аясында тұрғын үй саясатын жаңа деңгейге көтеруге дайын. Қабылданатын реформалар халықтың баспаналы болу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, тұрғын үй саласындағы ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді. Баспана кезегіне тұру үшін өтінішті kezekte.kz сайты арқылы да беруге болады. Сондай-ақ тұрғын үй кезегіне алынған азаматтар өз мәртебесін осы платформа арқылы тексеруге мүмкіндік жасалған. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес  тұрғын үй алған азаматтардың тізімі kezekte.kz сайты арқылы және Тұрғын үй басқармасының ресми интернет ресурстарында, сондай-ақ, жергілікті «Шымкент келбеті» газетінде жарияланып тұрады.
Құрылыс қызметін  реттеу жетілдіріліп  жатыр
Бұл үрдіс құрылысты басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, рұқсат беру, сараптама жүргізу және бақылау үдерістерін автоматтандыру арқылы жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ бұл халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізіп отыр. Айталық, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес, қазір елді мекендердің аумақтарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Заңның 30-бабы 1 және 2-тармақтарына сәйкес, елді мекендердің аумақтарында жергілікті жерлерде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттейтін Ұлттық экономика министрінің  бұйрығы бар. Осы қағидалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жер учаскелерін пайдалануынан бастап елді мекендер мен қала маңындағы аумақтарды жобалау, салу жөніндегі шарттар мен талаптарды айқындайды. Бұдан бөлек, мұндай қағида қолданыстағы жылжымайтын мүлік пен функционалдық мақсаттағы жаңа объектілерді орналастыруға, салуға, өзгертуге, рұқсат беруге, үй-жайларды пайдалануға, жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалануға беру рәсімдерінен өту тәртібін белгілейді. Ал бұл қағидалардың 22-тармағына сәйкес, құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру жер учаскесіне тиісті құқықтық негізде бірнеше кезеңмен жүзеге асып жатыр.
Құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу, эскизді әзірлеу және келісу де осы ережемен жұмыс істейді. Қазір қала аумағындағы жүргізілетін жаңа құрылыстарға СЖТ ұсыну және эскиздік жобаны келісу ақысыз мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі және бұл электрондық үкіметтің gov.ggk.kz веб-порталы арқылы қызмет көрсетіледі. Яғни қызмет толығымен автоматтандырылған.  Бұдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу құрылыс жобалары бар. Әзірленген жобалау-сметалық құжаттаманы және құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу де автоматтандырылып, қазір id.epsd.kz жобалардың кешенді сараптамасының бірыңғай порталы арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын органдарды құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабардар ету, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру қызметі де цифрландырылған. Мәселен бұл қызмет бүгінде equrylys.kz құрылыстың бірыңғай цифрлық платформасы жүйесі арқылы жүзеге асып отыр. Ал салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру қызметі «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ арқылы өтініш берумен қаралады.
Мұндай жүйенің басты мақсаты – құрылыс жобаларын жүзеге асырудың барлық кезеңдерін цифрландыру және оларды ашық әрі қолжетімді етуге негізделген. Құрылыс саласындағы белсенді түрде қолданылып отырған жаңашылдық құжаттарды қарастыру мерзімін қысқартып, кәсіпкерлер мен тұрғындардың уақытын үнемдеуге де септігін тигізеді. Мысалы жобалардың кешенді сараптамасының бірыңғай порталы жобалаушылар мен сарапшылар арасында ашықтық орнатқан. Ал құрылыстың бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс барысын онлайн бақылауға және заң бұзушылықтарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үдерісі мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірудің кезекті кезеңі десек болады.
Жалпы алғанда Шымкент қаласы тұрғын үй саясаты мен құрылыс саласындағы цифрландыру реформалары жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Өйткені жаңа реформа – бұл уақыт талабы ғана емес, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Мемлекет тарапынан енгізілген жаңа технологиялар мен платформалар құрылыс үдерісін барынша жеңілдетсе, басқару жүйесінің оңтайлы тәсілі халықтың баспаналы болу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді. Осы реформаларды толық іске асыру арқылы Шымкент қаласы заманауи, технологиялық дамыған мегаполиске айналмақ. Алдағы уақытта цифрлық форматтағы қызметтердің одан әрі кеңеюі – қала құрылысы мен тұрғын үй саласындағы тиімділікті арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарта түсеріне сенім жоғары.
Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар