Редакция таңдауы

Азаматтық қорғаныстың әлеуеті таныстырылды

1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдарын таныстыруға арналған көрме әрі келушілерге Ашық есік күні ұйымдастырылды.

Қала қонақтары мен тұрғындары құтқарушылардың күнделікті қызметімен танысып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Әсіресе, құтқару қызметінің құрал-саймандары мен техникаларына отырып, қызық көрген балалар «өскенде осы салада қызмет еткім келеді» деген арман-тілектерін де ақтарып жатты.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Нұрханұлының айтуынша, жыл сайын Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келетін сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де ерекше аталып өтіп жүр. Биыл да «Азаматтық қорғаныс – халықтың қауіпсіздік кепілі» атты ұранмен ұйымдастырылып отырған іс-шара ашық есік күнімен аяқталмайды.

Наурыз айында қаладағы барлық білім ордасында, денсаулық сақтау орындары мен әкімшілікте, өзінің қамтамасыз етілетін нысандары, сол сияқты өндірістік орындарда халық пен аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғаныстың іс-шаралары ұйымдастырылмақ. Ал, Шымкент-Цирк аумағында өткен ашық есік күніне Жедел құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы, өрт сөндірушілердің техникалары мен құрал-саймандары қойылған.

– Біздің іс-шарамыз мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ғана емес, өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оятуға негізделген. Себебі, бүгін құтқарушылардың қызметін көзбен көріп, жүрекпен сезінген балалар өскенде ел қорғау жолында аянбай қызмет етуді мақсат етпек. Көріп отырғандарыңыздай, біз халыққа жұмысымызды жақын таныстырып, аспаптар мен техниканы қолданатын жағдайды кеңінен жариялап, түсіндіріп отырмыз, — дейді басқарма басшысы.

Алдағы уақытта мұндай ашық есік күндері Шымкент қаласындағы барлық өрт сөндіру бөлімдерінде жалғасын табады. Ал, көрмеге Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінен 56 адам, 8 техника, бұдан бөлек, 10 ерікті жас келіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетті.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар