Редакция таңдауы

Берекелі айда бірнеше акция ұйымдастырылады

Қасиетті Рамазан айының келуіне орай Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов пен бас имамның орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров мұсылман парызы мен құлшылық қылудың тәртібі туралы сауалдарға жауап берді.

Күллі қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаған Бақдәулет қажы Абдрахманов бұл ай – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі уақыт екенін еске салды.

Бақдәулет қажы Абдрахманов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биыл Рамазан айының басталатын күнін бірге бекіткен. Ортақ пәтуаға сәйкес, Рамазан айы 1 наурызда басталса, Қадір түні наурыздың 26-нан 27-не қараған түніне белгіленген. Ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесіне түседі. Сондай-ақ, пітір садақа мөлшері биыл 655 теңге болып белгіленген.

Брифинг барысында қасиетті Рамазан айының ережелері мен тәртіптері, қасиетті Қадір кешін өткізу жоралғысы, мешіттерде тарауих намазын оқу мен «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәттісі» секілді қайырымдылық шараларын өткізу, рухани кештер мен іс-шаралар ұйымдастыру, ауызашар рәсімдеріне қатысты көпшілікті қызықтырып жүрген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілді. Тағы бір айта кетерлігі, дін өкілдері биыл Рамазан айы көктем уақытына сәйкес келгендіктен «Рамазанда бір тал ек!» акциясы мен әз-Наурыз мерекесін өткізу сынды тақырыптарда танымдық әрі тағылымдық іс-шараларды қолға алмақ. Бұған қоса, отыз күн ораза кезінде мүфтияттың Call-орталығы жұмыс істейді. Яғни тұрғындардың Рамазан айы мен құлшылыққа қатысты сауалдары болса, +7707233 30 30 және Шымкент орталық мешіті жанындағы «Рамазан «Call-Center» орталығының +7708-478-57-22 нөмірлеріне хабарласуына болады.

Бұдан кейін спикерлер БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желідегі көрермендердің қойған сауалына жауап берді. Шариғатта балиғатқа толған балаға, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз етіледі. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер, балиғатқа толмаған балалар ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат бергенін жеткізді. Ал әйел адамдардың боялған тырнағы тұтқан оразаны бұзбағанымен, бой дәретін бұзады. Сондықтан Рамазан айында ораза ұстаған қыз-келіншектерге тырнақ боямауға кеңес берді. Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан. Ал мүлде ораза ұстауға, садақа беруге жағдайы жетпеген жандар Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, үнемі дұға-тілекте болуы керек.

Бас имамның орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров Ораза тек күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес екенін жеткізді. Спикерлер барша мұсылман қауымын қасиетті айда ҚМДБ ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырып, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсынып қана қоймай, алдыға қоятын ас-суы адал болуына да назар аударса деген өтініш-тілек айтылды.

Спикерлер жастарды да діни терминдерді қазақша айтуға шақырды.

– Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша арылуымыз керек, — дейді дін өкілдері.

Айта кетейік, Рамазан айы қарсаңында мүфтият та арнайы бірнеше жобаны қолға алыпты. Мәселен, MuftyatBot Телеграм-боты іске қосылыпты. Бұл – шариғат мәселелеріне қатысты ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған жоба.

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар