Редакция таңдауы

ТЕОРИЯ ТӘЖІРИБЕМЕН ҰШТАСТЫРЫЛАДЫ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде 1 наурыз – дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай Азаматтық қорғаныс сыныбының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға университеттің бірінші проректорының міндетін уақытша атқарушы Құрманғалы Сарықұлов және Шымкент қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзов, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Бұл бастама жоғары білім беру жүйесінде төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға бағытталған.

– Университетте «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасында 1991 жылдан бері мамандар даярлануда. Осы күнге дейін үш деңгейлі білім беру бағдарламасымен 1000-нан астам бакалавриат, 150-ден астам магистрант мен PhD докторанттар бітіріп шықты. 2024 жылы үш деңгейлі білім беру бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтті. Бұл –үлкен жетістік. Айта кету керек, университет пен төтенше жағдайлар департаменті арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Біз үшін студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, оларды нақты өмірде қолдануға үйрету маңызды. Азаматтық қорғаныс сыныбы – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді, — деді Құрманғалы Рахымбердіұлы.

Іс-шара барысында университет пен департамент арасында екіжақты меморандум түзілді. Бұл құжат тараптардың төтенше жағдайлар саласындағы білім беру, тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар жүргізу бағытында тығыз байланыста жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Ынтымақтастық аясында оқу ордасында азаматтық қорғаныс сыныбының лентасы салтанатты түрде қиылды. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың апат аймағында қолданатын құрал-жабдықтары қойылған көрме ұйымдастырды. Ары қарай ғалымдар мен сала мамандары азаматтық қорғаныс бағытында семинар-тренингте басқосты.

– Азаматтық қорғаныс – әрбір азамат үшін маңызды сала. Біз университетпен өзара ынтымақтастықты нығайтып, жастарға төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын үйретуге баса мән беріп отырмыз, – дейді Н.Қаракөзев.

Айта кетейік, Азаматтық қорғаныс сыныбы заманауи құралдармен жабдықталып, студенттерге өрт қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету сияқты маңызды дағдыларды үйретуге арналған. Сонымен қатар түрлі техникалық жабдықтармен жұмыс істеуді, түрлі тренингтер мен оқу-жаттығуларды білікті мамандардан үйренеді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар