Редакция таңдауы

«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Халықтың құқықтық сауатын арттыру және заң көмегін көрсету мақсатында «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Мұнда қала тұрғындары еліміздің заң қоғамдастығындағы білікті мамандардан тегін кеңес ала алады.

Кеңес берушілер арасында жергілікті атқарушы органның, аумақтық және құқық қорғау органдарының басшылары, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылар, адвокаттар, нотариустар бар. Жиын барысында тұрғындар өзекті мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.

Қала тұрғындарының басым бөлігі заңгерлерге жер қатынастарына қатысты сауалмен жүгінген. Атап айтар болсақ, жер кезегі, мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскелері, жер учаскесін заңдастыру, тұрғын үй кезегі, тұрғын үйді приватизациялау, қала аумағындағы жол, инфрақұрылым проблемалары қозғалды.

Сондай-ақ азаматтар өз құқын қорғау мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдеріне, адвокаттар мен заң консультанттарына жүгінді. Одан бөлек, қала аумағындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы баяндалып, жұмысшылардың жалақы қарызын өндіру мәселесі қаралды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар