Редакция таңдауы

АИТВ: мегаполис мамандары тәжірибе алмасты

Медициналық көмек сапасын жақсарту Шымкент қаласының жоғары медициналық колледжінде медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, орынбасарлары, трансфузиолог мамандарының қатысуымен «АИТВ инфекциясының гемотрансфузиялық жолмен таралуының алдын алу» тақырыбында семинар өтті.

Семинар Шымкент қаласындағы АИТВ-инфекциясы мен басқа да гемотрансмиссивтік аурулардың эпидемиологиялық жағдайымен таныстыру, АИТВ-жұқпасына зертханалық зерттеудің аналитикалық алдындағы кезеңінің сапасын қамтамасыз ету, диагностикалық емшаралар кезінде медицина қызметкерлерінің кәсіби тәуекел қауіпін болдырмау, гемотрансфузия және АИТВ-инфекциясы бойынша ҚР ДСМ-нің қолданыстағы бұйрықтарымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Онда Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, ЖИТС және қан орталықтарының мамандары баяндама жасап, биоматериал донорлары мен реципиенттерін АИТВ-инфекциясына міндетті тексеріп-қарау жағдайы, трансфузиологиялық көмектің өзекті мәселелері талқыланды.

– Донорлық қан қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қалалық қан орталығының донорларына, әр донация кезінде барлық гемотрансмиссивтік инфекцияларға, соның ішінде АИТВ-инфекциясына, В және С вирустық гепатиттеріне, мерезге, заманауи тестермен тексеру жүргізіледі. Реципиенттер 3-рет, (гемотрансфузияға дейін, 1 және 3 айдан кейін) тексерумен қамтылған. Қан және оның компоненттері құйылған реципиенттердің тізімі тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген медицина ұйымына беріледі, реципиенттердің қан құйылғаннан кейін 1 және 3 айдан кейін АИТВ инфекциясына тексерілуі қадағаланады, гемотрансфузия алған науқастың ауруханадан шығару эпикризіне 1-3 айдан кейін АИТВ инфекциясына тексерілу қажет. Көп жағдайда көпсалалы ауруханаларда өте көп қан құйылады, сондықтан медициналық ұйымдардың басшылары гемотрансфузия мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, басты назарға алуы қажет, — деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары С.Дүйсенбаева.

Семинар барысында мен ДСБ штаттан тыс АИТВ, ЖИТС бойынша бас маманы ретінде Шымкент қаласындағы АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалымен, соның ішінде донорлар мен реципиенттер арасында анықталған АИТВ-жағдайларымен таныстырып, АИТВ-инфекциясына қан алу барысында жиі орын алатын кемшіліктерге талдау жасап, 2030 жылға қарай «95-95-95» стратегиясына қол жеткізу үшін нақты бағыттарды айқындады.

Қалалық қан орталығының трансфузиолог-дәрігері Г.Үкібаева «Трансфузиологиялық көмектің өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша жасаған баяндамасында донорлық қан үлгілерін АИТВ-1/2, ВВГ, СВГ, мерез маркерлеріне зертханалық зерттеу жабық үлгідегі автоматты анализаторларда екі кезеңмен жүзеге асырылатынын түсіндіріп, қанмен байланысты медициналық ұйымдар анализатормен қамтылуы қажеттілігін атап өтті.
– «АИТВ инфекциясының гемотрансфузиялық жолмен таралуының алдын алу – ЖИТС-орталығы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл өзекті мәселеде тек ЖИТС және қан орталықтары ғана емес, сонымен қатар барлық стационарлық және емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың өзара үйлесімді әрекеттесуі қажет, — деді ЖИТС орталығының бас дәрігері Б.Сырбек.

Семинар барысында қанды және оның компоненттерінің құю алдында міндетті тексерулер, трансфузиядан кейінгі гемолитикалық асқынулардың белгілерін уақытылы анықтау үшін жасалатын шаралар, қан компоненттерін тасымалдауға қойылатын талаптар, медициналық ұйымдардағы трансфузиология бөлімшелерінің негізгі міндеттері мен қызмет бағыттары, Донорлық қан үлгілеріндегі гемотрансмиссивтік инфекциялар маркерлеріне зертеу, қан мен оның компоненттерін донация алдында донордың міндетті медициналық зерттеп-қараудан өту тәртібі т.б. жайттар қарастырылды.

Қ.МАШИРОВ,
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы
бас дәрігерінің орынбасары

Соңғы жаңалықтар