Шымкент қаласында жұмысшы жастарға арналған кәсіби бағдарлау шарасы өтті. «BIR TOLQYNDA: ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» атты форум аясында ұйымдастырылған шара жастарға өндірістік саланың қыр-сырын таныстырып, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын көрсетуге бағытталды.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асырылып отыр. Шараның басты мақсаты – жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды өндіріс саласына тарту. Форум аясында қатысушылар өңірдегі ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өндіріс орындарын аралады. Форумға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, сондай-ақ «Balabi Текстиль» ЖШС директорының орынбасары Ғалымжан Кибатов қатысты. Сонымен қатар, форумға қаланың ірі кәсіпорын өкілдері, мәслихат депутаттары, спортшылар мен белсенді жастар және жұмысшы мамандық иелері жиылды. Жастар BAL Textile, AZALA Textile және Shymkent Qagazy кәсіпорындарына барып, өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Олар өндіріс процестерін көріп, зауыттардың заманауи технологиялармен жабдықталғанына куә болды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшыларға жасалған жағдайларға ерекше назар аударды.
Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Бұл жыл жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды кезең болмақ. Мемлекеттік қолдау мен кәсіби бағдар беру жұмыстарын тиімді жүргізу арқылы біз жас ұрпақтың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, олардың еңбекке деген жауапкершілігін күшейтетін боламыз. Қала әкімдігі мен AMANAT партиясы бірлесіп, жастардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, оқу орындарымен байланыс орнату және кәсіпкерлікті қолдау бағытында маңызды бастамалар көтерді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде көптеген жас мамандар өз қабілеттерін шыңдап, қоғамға қызмет көрсетуге дайын,-дейді Айдын Мейрамбекұлы.
Қазіргі өндіріс орындары технологиялық тұрғыдан жоғары деңгейде дамыған. Мұнда білікті мамандар қажет. Егер жастар жұмысшы мамандықтарға қызығушылық танытып, осы салада біліктілігін арттырса, болашақта тұрақты жұмыс таба алады. Жиынға келген қатысушылар дәл осы сөздің куәсі болды.
– Жұмысшы мамандықтар – әрқашан сұранысқа ие. Өндіріс орындары білікті мамандарды қажет етеді. Егер өз ісіңді жақсы көрсең, еңбекқор болсаң, бұл салада әрқашан табысқа жетуге болады, – деді Balabi текстиль ЖШС директорының орынбасары Ғалымжан Кибатов.
Кәсіби бағдарлау шарасы жастарға өз мүмкіндіктерін бағалауға, жұмысшы мамандықтардың болашағы туралы нақты түсінік алуға көмектесті. Шара барысында қатысушылар кәсіпорын қызметкерлеріне сұрақ қойып, олардың еңбек жолы мен жұмыс ерекшеліктері туралы ақпарат алды.
Форум барысында ұйымдастырушылар «Жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту – басты міндеттердің бірі» екенін атап өтті. «Біз жастарға тек бағыт-бағдар беріп қоймай, оларды өндірістік салаларға баулуға, кәсіпорындармен байланысты күшейтуге мүдделіміз», – деді AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Төрағасы Мұрат Жаңабайұлы.
Жастар еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныстың артып келе жатқанын түсініп, бұл бағытта дамуға деген қызығушылықтарын білдірді. Форум соңында қатысушылар арнайы бейнеролик тамашалады. Сондай-ақ, кәсіпорындағы үздік жұмысшы жастар марапатталды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ