М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Еңбек мобильділігі орталығы және AMANAT партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Жұмысшы жас – ел болашағы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға қаладағы ЖОО мен колледждердің бітіруші курс студенттері қатысты.
Жәрмеңкеге 32 жұмыс беруші қатысып, мемлекеттік мекемелер мен индустриалды аймақтардағы кәсіпорындар тарапынан 455 тұрақты және 2 мыңнан астам уақытша жұмыс орны ұсынылды. Түлектер жұмыс берушілерден кеңес пен олардың мекемелері жайлы толық ақпарат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарды жұмыспен қамту мен тәжірибе алмасуды арттыру мақсатында алдағы уақытта ірі компаниялардың Жастар кеңестерімен ынтымақтастық орнату жоспарлануда. Мұндай өзара әрекеттестік жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескеруге және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Жастар өз мамандығына сай тұрақты жұмыс табу, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату және қажетті кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. 2024 жылы Шымкентте жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендегенін ескерсек, бұл жәрмеңке аймақтағы еңбек нарығының тұрақты дамуына ықпал етті.
– Жастарды жұмысқа орналастыру мен тәжірибе алмасу үшін алдағы уақытта ірі компаниялардың Жастар кеңестерімен ынтымақтастықты ұйымдастыру көзделуде. Мұндай өзара әрекеттестік, жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескеруге және жұмыспен қамтудың тиімді механизмдерін әзірлеуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, кәсіпорындарда экскурсия және өндірістік практика ұйымдастыру, 17 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар 3 қалада жұмысқа орналастыру және білім беру курстарынан өту мәселелері жөнінде көшпелі кеңес беру қызметтерін көрсету жоспарда бар, – деді AMANAT партиясының «Жастар Рухы» ұйымы төрағасы Ақерке Искандерова.
Сонымен қатар, менторлық сессияда жұмысқа орналасу, тұлғалық даму, маркетингтік стратегиялар, Қазақстандағы жастар саясатының қазіргі жағдайы сынды тақырыптар бойынша оқыту ұйымдастырылды. Жастар сарапшылардан өз салаларында табысқа жету жолдары туралы маңызды ақпарат алды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкентте соңғы 5 жылда IT, инженерия және өндірістік мамандықтар бойынша жұмыс орындарының саны 15%-ға артқан. Бұл жастарға өз кәсібін тауып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман болуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде жұмысшы мамандықтары еңбек нарығында сұранысқа ие. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, механик, аспаз, тігінші, ағаш шебері сияқты кәсіп иелері – өндіріс пен қызмет көрсету саласының ажырамас бөлігі. Ал өз ісін жетік меңгерген маманға қай кезде де сұраныс жоғары. Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы жастарды жұмыспен қамту шараларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламалары өз нәтижесін беруде. Былтыр 2456 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен, 1274 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы еңбек жолын бастады. Биыл 2 251 жас маманды «Жастар практикасы» бағдарламасына бағыттап, 1 164 жасқа «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы жұмыс табуға көмектесуді көздеп отырмыз. Жұмысшы мамандықтары – тек еңбек ету ғана емес, табысты мансап құрудың, өз ісіңді дамытудың, кәсіпкерлікке қадам басудың үлкен мүмкіндігі. Мемлекет жастарға қолдау көрсетіп отыр, ендігі кезекте жастар өз мүмкіндігін жіберіп алмауы керек, — деді жиында баяндама оқыған Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА