Редакция таңдауы

Мегаполистің дамуы: мүмкіндіктер мен мәселелер

Былтыр ел ішіндегі көші-қон статистикасы жылдағы есепті көрсетті. Өңіраралық көші-қонға зер салсақ, төрт өңірге қоныс аударушылар көп. Әдеттегідей көштің басын Астана қаласы бастаған. Елордаға – 73238, Алматыға – 36061, Шымкентке – 9361 адам көшіп келген екен. Сондай-ақ, Алматы облысына 2639 адам қоныс тепкен. Бұған қоса, Шымкент пен Түркістан облысы республикадағы демографиялық өсімде де көш алда келе жатыр. Мәселен, былтыр туудың ең жоғары деңгейі Түркістан мен Маңғыстау облыстарында болса, қалалар арасында табиғи өсім бойынша көшбасшылық Шымкент қаласына тиесілі. Он екі айда шаһардағы туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 23,68 ді көрсеткен.

Өркениетті өзгерткен көш

Соңғы жылдары ауыл халқы күрт азайып, елдегі мегаполис қалаларға қоныс тебушілердің саны артып келеді. Өйткені ауыл мен қала инфрақұрылымындағы айырмашылық тұрғындардың да тұрмыс салтына сілкініс алып келді. Жұмыссыздық, білім сапасы, денсаулықты қорғау саласындағы қызмет көрсеткіші ішкі көші-қонға айтарлықтай әсер етері ақиқат. Қарап тұрсаңыз, шалғай ауылдан екі қолға бір күрек таппағандардың ертең қалада да күнкөрісі қиындауы мүмкін. Себебі мұнда оларды тұрақты жұмыспен қамтып, ай сайын алақанына ақша салып отыратын жұмыс берушілер көп деу қиын. Шындығы сол, қала арасындағы халық санының ала-құла болуы бүгін болмаса да алдағы жылдарда ауыртпалығын әкелетіні рас. Мамандардың сөзінше, бұл қала инфрақұрылымына ғана емес, табиғи ресурстарға да белгілі бір деңгейде ауыртпалығын тигізеді.

Көптеген шетелдік тәжірибеге зер салсақ, ішкі көші-қонның салдарынан қала инфрақұрылымы құлдырап кеткен мысалдар бар. Айталық, Бейжің, Дели немесе Джакартада халық саны артқан сайын экологиялық проблемалар да күшейе түскен. Көлік саны көбейгеннен ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мен зиянды заттар артса, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен жою бас ауруға айнала бастаған. Бұл ғана емес, тұрғын үй, жол және өндірістік нысандар көбейгенімен жасыл желектер қысқара бастады. Екіншіден, халық санының артуы энергияға, суға және басқа да коммуналдық қызметтерге сұранысты күшейтті. Мысалы Лос-Анджелес пен Токио сияқты қалаларда халық саны артқанымен электр қуатына деген қажеттілік те ұлғайып, энергетикалық дағдарыстар туындаған. Жол кептелісі күшейіп, көлік қозғалысы қиындаған Нью-Йорк, Бангкок, Мехико қалаларында да қазір көлік қозғалысын реттеу үлкен мәселеге айналды. Қазір шаһардағы кептеліс адамдардың қатынау уақытын бірнеше есеге ұзартып отыр. Сайып келгенде көліктердің артуы уақытты ғана емес, жол сапасының нашарлауына да әсерін тигізеді екен. Үшінші – халық саны жергілікті жердегі білім беру мен денсаулық сақтау саласына әсерін тигізеді. Мысалы халық саны көбейгеннен мектептер мен балабақшаларға, денсаулық сақтау мекемелеріне түсетін жүктеме артады. Бүгінде бұл жағдайды бастан кешіріп отырған Үндістан мен Қытайдың кейбір қалаларында оқушылар саны тым көп болғандықтан, сыныптардағы бала саны 50-60-қа дейін жеткен. Ал бұл бала болашағына балта шабумен тең. Өйткені білім беру мекемесін көбейткенмен, сапалы білім беретін әрі тұрғындардың денсаулығын қорғай алатын кадр жасақтау біздің елде қазірдің өзінде бар мәселе. Демек демографиялық өсім қала үшін үлкен мүмкіндік әрі сын-қатер. Өйткені халықтың өсімі қаланы экономикалық тұрғыдан күшейтіп, жаңа еңбек нарықтарын ашуға жол ашуға септігін тигізгенімен, дұрыс басқарылмаса, экология, энергетика, көлік және білім беру, денсаулық сақтау салаларында күрделі мәселелерді туындатуы мүмкін.

Демографиялық өсімнен зардап шеккен қалалардың мысалы көп. Өркендеу кезеңінде Рим халқының шамадан тыс көбеюі тұрғын үй, санитария және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін туындатқан. Индустриялық революция кезінде Лондон халқы тез өсіп, салдарынан кедей аудандар пайда болды, қоршаған орта ластанды, түрлі ауру кең тарады. Мехико халқының да демографиялық дүмпуі көлік, су ресурстары және экология мәселелеріне әкелді.

Демографиялық дамудың сыны мен сынағы

Көріп отырғандай, бүгінде Шымкент қаласы жақын өңірден көшіп келушілерді бауырына басып жатыр. Айталық, 2019 жылдан бері қала халқы 22,8%-ға өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр алғашқы жартыжылдықта қалаға 31,1 мың адам басқа өңірлерден қоныс аударған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 84,7%-ға көп. Көші-қон негізінен Түркістан облысынан келушілер есебінен артып отыр. Былтыр жарты жылда олардың үлесі 69,7%-ды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Шаһарға қоныс тепкен шетелдіктер де өсіп келеді. Соның ішінде бір жылда уақытша тіркеу алғандардың өзі 42 654 адамға жеткен. Қала құрылысы жоспарын жасаушылардың есептеуінше, 2035 жылға қарай мегаполистің тұрғындары 58%-ға артып, шамамен 1,9 миллион адамға жетуі мүмкін.

Жасыратыны жоқ, бүгінде халық саны артып келе жатқан кез келген өңірде жұмыссыздықпен күрес жүріп жатыр. Алайда бұл толық шешімін тауып отыр деуге тағы келмейді. Мәселен Шымкентте де жұмыссыздық 5,1%-дан 4,9%-ға төмендегенімен, әлі де елдегі орташа деңгейден жоғары. Сонымен қатар өзге мегаполистердегідей мұнда да екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті. 2019 жылы Шымкенттің қолданыстағы тұрғын үй қорындағы пәтерлерді орташа есеппен 1 шаршы метрге 218,2 мың теңге сатып алуға болса, қазір мұндай баға табу мүмкін емес. Қазір елдегі ірі қалалардағы екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы жаңа құрылыстардың құнына жақындады. Тіпті бағаның айтарлықтай өсуі жалға беру нарығында да байқалып келеді. Былтыр шаһардағы жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы 1 шаршы метрге 3,4 мың теңгені құраса, 2019 жылы бұл 1,5 мың теңге болатын.

Шымкенттің демографиялық даму сценарийі Алматы мен Астананың урбанизациялық үдерісімен ұқсас. Халық санының артуы қалаға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, инфрақұрылым мен әлеуметтік жүйенің уақытылы дамымауы бірқатар проблемаларға алып келіп отыр. Сондықтан қала халқының көбеюі тарихи тұрғыда күрделі инфрақұрылымдық мәселелермен қатар жүріп келеді. 2021–2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының даму жоспарының мәліметтеріне сәйкес, мегаполистің коммуналдық жүйелері жоғары деңгейде тозған. Мысалы сумен жабдықтау жүйесі – 47,2%, электрмен жабдықтау – 49,6%, кәріз жүйесі – 73%. Сондай-ақ Шымкентте кәріз жүйелері өте аз екенін мамандардың өзі айтып келеді, ал бұл мегаполис үшін үлкен мәселе. Қаланың су бұру жүйесімен қамтылған аудандарының үлесін арттыру да алдыңғы қатардағы тапсырмаға айналды. Бұдан бөлек, жергілікті билік қаладағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда шешімін табуға тиіс бірнеше мәселені күн тәртібіне шығарып келеді. Соның ішінде мектеп пен ауруханалардың тапшылығы, жаңа тұрғын үй алу кезегінің ұзақтығы, жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, атмосфералық ауаның ластануы, қала шетіндегі аудандарда орталықтандырылған қоқыс шығару қызметінің жоқтығы, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің көбейгені де жұмысты көбейтіп отыр. Бұл шаһар әкімшілігін инфрақұрылымды жедел түрде дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кешенді шаралар қабылдауға итермелейтіні түсінікті.

Сарапшылардың пікірінше, көші-қон үдерісін тиімді реттеу үшін жүйелі экономикалық және әлеуметтік саясат қажет. Бұл қоныс аударушылар мен жергілікті халық үшін де қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өйткені урбанизация – табиғи үдеріс. Сол себепті урбанизациядан қашу ұтымды, ал ауылдан қалаға қоныс аударуды шектеу ең тиімді шешімге айналмайды. Керісінше сарапшылар қалалық инфрақұрылымды дамытуға күш салу қажеттігін айтады. Қалалық ортаның сапасы тек қоғамдық кеңістіктер мен аумақтарды абаттандырумен ғана шектелмейді. Болмаса білім мен денсаулық сақтау ұйымдарын арттырумен біте қоймайды. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, көлік қатынасы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электр, экология, байланыс мәселелерін де қамтиды. Демек сарапшылар қаладағы адам санының өсуі ел экономикасын арттыруға мол мүмкіндік ретінде қарауға болатынын жеткізеді. Мысалға Нобель сыйлығының лауреаты Пол Ромер «Халық санының өсуі экономикалық даму үшін маңызды, бірақ адам капиталын дамыту қажет» десе, Колумбия университетінің профессоры Джеффри Сакс «Тұрақты даму – халық санының көбеюімен байланысты мәселелерді шешудің кілті» деп топшылайды.

Тұрғындар санына тұрақты назар аудармау түрлі қауіптің туындауына да алып келуі мүмкін екен. Америкалық әлеуметтанушы Дэниэл Беллдің тұжырымына сүйенсек, урбанизация қоғамның әлеуметтік құрылымын өзгертіп, жаңа топтар мен мүдде қайшылықтарын тудырады. Бұл мысал Қаңтар оқиғасы кезінде біздің елімізде де көрініс тапқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Өмір сапасын ойламай, жоспарды орындау қиын

Отандық сарапшылар да қаланың даму стратегиясын дұрыс жоспарлау және инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігін алға тартып отыр. Қала әкімшілігінің жүйелі шешімдері ғана халықтың өмір сүру сапасын арттырып, Шымкентті заманауи әрі жайлы мегаполиске айналдыруға мүмкіндік береді.

Урбанист Әлихан Күшербаев оңтүстік өңір – еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймағы екенін айтады. «Алайда урбанизация деңгейі қазіргі 50%-дан 2050 жылға қарай 70%-ға дейін артады. Бұл өте жылдам қарқын. Шымкент қаласының әкімдігі мен үкіметтің көзқарасына сәйкес, қала халқының 1 900 000 адамға дейін өсуі бүкіл қаланың және өңірдің инфрақұрылымына үлкен әсер етеді. Бұл мәселені тереңірек қарастыратын болсақ, Қазақстанға қалалардың дамуын тек халық санының өсуімен бағалауды тоқтататын уақыт келді. Бұл модель әрдайым тиімді бола бермейді. Себебі коммуналдық шаруашылық, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы ресурстар қолданыстағы өндірістік қуаттарға сәйкес жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұдан бөлек бұл құбылыс аудан орталықтары мен ауылдардан қалаларға үлкен ресурстардың ағылуына әкеледі», дейді ол.

Оның айтуынша, бұл мәселе тек Шымкент қаласының әкімдігіне ғана емес, жалпы өңірлік саясатқа да қатысты. Сондықтан урбанист ауыл жастары мен ауыл өмірінің негізгі элементтерін қолдауға назар аударып отырудың маңыздылығына тоқтала келе: «Мемлекет ең алдымен ауылдарда қолайлы, жайлы орта қалыптастыруға көңіл бөлу қажет. Содан кейін ғана қалаларды дамыту туралы ойлаған жөн. Сондай-ақ қалалық ортаның сапасы туралы терең ойлануымыз қажет. Қазір елімізде балалар, мүгедектігі бар адамдар және әлеуметтік осал топтар үшін шынымен қауіпсіз қолайлы қала немесе аудан жоқ. Жаппай урбанизация мен халықтың шоғырлануының кесірінен тұрақты көлік жүйесін қалыптастыра алмай отырмыз. Елімізде сапалы және ыңғайлы трамвай желісі, дамыған BRT немесе LRT жүйесі бар бірде-бір қала жоқ. Себебі тұрғындардың өмір сүру сапасын қалай жақсарту керектігіне қатысты нақты көзқарас қалыптаспаған. Біз адамды басымдыққа қоймайынша, өмір сапасы туралы ойламайынша, ешбір қала құрылысы, жоспары шынайы табысқа жете алмайды» деп отыр.

Оның сөзінше, бүгіннің өзінде мегаполис тұрғындары күн сайын кептелістерде 1, 2, кейде 3 сағат жоғалтады. Бұл – үлкен адами шығындар. Сондықтан көлік жүйесіне назар аударып, ыңғайлы қозғалыс бағыттарын, автобус маршруттарын дамыту қажет. Қоғамдық көліктер мен велосипедтерді пайдалануды жеке автокөлікке қарағанда тиімді әрі ыңғайлы ету маңызды. Өйткені автомобильдендіру қалалардың көлік байланысын әлсіретіп үлгерді. Айналдырған аз ғана уақыттың ішінде Астана кептелістен көз ашпайды, ал егер қазіргі жұмыс тәсілі өзгермесе, басқа қалалардың да болашағы осындай болмақ.

Ал урбанист Рабиға Кенжебайдың сөзінше, қала тұрғындарының өсуі «Жабайы» урбанизация процесін бастан кешіруге әкеліп жатыр. Салдарынан қаланың инфрақұрылымдық дамуында кемшіліктер болып жатқаны рас. «Жоспарсыз салынған үйлер қала көркіне кері әсер етіп жатыр. Су, электр желісі, жол мәселесін туындатты. Жер мәселесіне қатысты да заңсыздықтар болды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, бұл мәселе уақыт өте келе реттеліп, былтырғы көрсеткіште бір арнаға түскен. Егер қала халқы жедел өссе, бұл проблема қайтадан туындауы мүмкін», дейді ол. Сонымен қатар электр энергиясы мен таза ауыз су мәселесі туындайтыны хақ. Өйткені бұл мәселе тек облыста емес, республика деңгейіндегі өткір проблемаға айналып отыр. Егер баламалы энергетика көздеріне жүгінбесек, су қоймасын салу мәселесін қолға алмасақ, болашақта бұл проблемамен де бетпе-бет келу қаупі басым. Экологиялық мәселенің шеті көріне бастады. Қалада ағыл-тегіл ағылған көліктің ішінде түтінін будақтатқан ескі көліктер де бар. Бұған қоса өнеркәсіп орындарының артуы мен қала маңына салынған жылыжайлар да өз себін тигізеді. Бұдан кейін ішкі және сыртқы миграциялық үрдістер қатаң қадағалануға тиіс. Себебі заңсыз көші-қон адам құқығының бұзылуына, соңы қылмыспен аяқталып жатқан мысалдар бар. Жұмыссыздықпен күресте жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жүйелі түрде жүргізілуі керек. Сондай-ақ урбанист білім мен денсаулық сақтау саласындағы жұмысты мейлінше жандандырудың маңыздылығын жеткізді. Себебі соңғы жылдары ашылып жатқан жекеменшік мектептер, олардың материалдық-техникалық базасы мен мамандардың білім сапасы алаңдатарлық мәселеге айналған. Денсаулық сақтау саласы мамандарының да біліктілігі, әсіресе емханалардағы базалардың дұрыс жұмыс істемеуі де халық саны артқан сайын ушығары сөзсіз.

Энергия үнемдеу мен экологиялық жауапкершілік керек

Тұрғындардың тұрақты өсімі энергетика саласына тапшылықты тудырады. Энергетик Нұрсұлтан Файздың айтуынша, мемлекет бұл мәселені назарға алып отырғаны қуантады. Тек қана үкімет емес, бизнес өкілдерінің тарапынан да энергетика саласын дамытуға ден қойылып отыр. «Шымкент қаласында қазірдің өзінде жаңадан салынған қосалқы стансалар жаңадан бой көтеріп жатқан моноқалаға қарасты елді мекендерді толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл тек қана таратушы және үлестіруші құрал ретінде қарастырылады. Алдағы уақытта электр энергиясын өндіру мәселесі алдағы дефицитке алып келуі мүмкін. Себебі халық санының өсуі, жер көлемінің ұлғаюы электр энергиясының тапшылығын тудырады», дейді ол.

Сол үшін маман электр энергетикасына деген көзқарасты қалыптастыруда көңіл аударатын бірнеше мысалды алға тартты. Біріншіден, гибридті электроэнергетикалық жүйелерді әрі қарай әртараптандыруға көңіл бөліну керек. Қазір жылу электр стансасынан электр энергиясын алып отырмыз. Бірақ бұл толық қуатта электр энергиясымен қамтамасыз еткенімен, қаланы толығымен электр энергиясын игеруге мүмкіндік бермейді. Бұдан бөлек, бүгінде баламалы энергия көздерін дамыту қолға алынған. «Шымкент қаласында 12 айдың 10 айында күн потенциалынан энергия алуға мүмкіндігіміз бар. Электр стансасын салу барысында толығымен күн энергиясын игеру мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ жел электр стансаларын жаңғыртуға көңіл бөлінгені дұрыс. Атом электр стансасы да электр энергиясына деген тапшылықты жоюға септігін тигізе алады. Бұдан бөлек, энергияны тұтыну мәселесі де қолға алынуы қажет. Себебі өнеркәсіп және ірі өндіріс орындарында заманауи технологияларды қолдана отырып электр энергиясын үнемдеуге басымдық берілгені жөн. Энергияны тұтыну мен өндіру арасындағы балансты, яғни теңгерімділікті толығымен қамтамасыз ете алсақ, шаһардағы электр энергиясын дамытуға мүмкіндік туар еді», дейді энергетика маманы. Сонымен бірге ол Сайрам ауданында салынуға тиіс электр стансасы іске қосылып, жаңғыртылған энергия көздері толығымен игерілетін болса, энергетикаға тапшылықты алдын алуға болатынын жеткізді. Дегенмен Нұрсұлтан Файз алдыңғы кезекте гибридті электр энергиясын дамыту мәселесі өзекті екенін айта келіп: «Күн және жел электр стансалары қосалқы стансаға қосылуы қажет. Бұдан басқа, жаңғыртылған энергия көздерін салуға мүмкіндік бар аймақтарға геоақпараттық талдау жасау да күн тәртібіне шыққаны дұрыс» дейді.

Демографиялық дүмпу өзге салалар секілді экологияға да айтарлықтай өзгеріс алып келді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Экология кафедрасының профессоры Ғани Ізтілеуов транспорт жүйесі мен тұрмыстық қалдықтар, энергетика көзін көбірек тұтыну қала экологиясына қатер төндіріп отырғанын жасырмайды.

«Халық санының тез өсуі тұрмыстық қалдықтың көп шығуына алып келді. Қоршаған ортаға зиянын төмендету үшін осы қалдықтарды қайта өңдеуді қолға алу қажет. Әсіресе пластикалық қалдықтар адам қолымен жасалған, табиғат өңдей алмайтын зат. Бұдан кейін тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигон жетпейді. Сондықтан қазірден бастап полигон санын көбейтіп, ондағы қалдықтар сортталып қайта балқытуға жіберілгені жөн. Ал тамақ қалдықтарын тыңайтқыш ретінде пайдаға асырудың жолдарын іздеген дұрыс. Бұл болмаса, қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын алуға болады» дейді эколог.

Бүгінде көлік алу қолжетімді бола түсті. Мәселен қазір бір отбасында бірнеше көлік бар. Ал бұдан көлік кептелісін және қоршаған ортаға бөлінетін улы газдар, соның ішінде күкірт пен азот, көміртек оксидтерінің зияны артады. Сондықтан бүгіннен бастап Астана мен Алматы қаласындағыдай метро немесе ЛРТ құрылысы қолға алынған абзал болатынын жеткізген Ғани Ізтілеуов «Балаларға арналған темір жол стансасының орнына тоқпен жүретін транспортты дамыту керек. Қаланың шетінен орталыққа дейін он минутта жетуге болатын осындай қатынас құралын іске қосса, халық та біртіндеп жеңіл көліктен бас тартып, қоғамдық көліктерді пайдалануға қызығатын болады. Себебі жол жүрісі арзанға түседі және кептеліс азаяды, ауа тазарады. Ал қазір тұрғындар Тұран шағын ауданынан қала орталығына жету үшін таңғы сағат сегізде бір сағат, кей кезде қырық минут уақытын кетіреді. Сондықтан урбанизация үдерісін қазірден қолға алу үшін жасыл энергия көздерін тиімді пайдалануға көшуге басымдық берілген жөн. Мысалы Түркияның Измир қаласы – күн энергиясын алуға бағытталған бағдарламасы бар қала. Бізге де жасыл технология арқылы үй салуға көшетін уақыт келді», деп отыр.

Сондай-ақ эколог бұрынғы ірі өндіріс ошақтары қала аумағының кеңеюіне байланысты елді мекендердің ішінде орналасып кетті. Бұлардың барлығы қазір қоршаған ортаға да, тұрғындарға да зиян келтіретінін айтып отыр. Өкінішке қарай, экологиялық ережені елеп-ескеріп отырған ешкім жоқ. Оның айтуынша, осы ережеге сәйкес кез келген өндірістің айналасында санитарлық қорғау аймағы болуға тиіс. Бұл дегеніміз қорғау аймақтары жекеменшік үйлер өндіріс ошақтарына жақын салынбауы керек. Сондықтан қазіргі жағдайда қала ортасында қалып қойған осы ірі өндіріс ошақтары қала сырта көшірілгені құба-құп. Себебі өндіріс ошақтарындағы әртүрлі апаттың салдары экологияға кері әсерін тигізеді, адам денсаулығына орасан зиян алып келеді. Бұған дейін өндіріс орындарындағы экологиялық талаптарды күшейтіп, бөлінетін зиянды заттардың, соның ішінде улы газдарды тазартуға қолданылатын сүзгілердің санын көбейту керек. Сонымен қатар эколог маман қажет болса қала ішіндегі мәдени орталықтар мен университеттердің кампустарын да шаһардан шалғай орналастырудың маңыздылығын жеткізді. Өйткені бұл халық саны жыл санап өсіп келе жатқан қала тіршілігін біршама жеңілдетіп, экологияны алдын алуға әрі ел экономикасын пайдасын әкелеріне кәміл сенімді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, көштің қарқыны – болашаққа деген болжам. Бұл жаңа еңбек нарықтарын ашуға, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Бірақ урбанизация үдерісін тиімді басқару үшін әділ билік, білікті мамандар мен талапшыл қоғам бірлесе отырып, кешенді саясат жүргізуі керек. Әйтпесе урбанизацияның реттелмеуі әлеуметтік шиеленістерге, экологиялық проблемаларға және экономикалық дисбаланстарға әкелуі мүмкін.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар