Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков нәзікжандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Іс-шараға әр салада еңбек етіп жүрген әйелдерге құрмет көрсетілді.
Шаһар басшысы мерекелік жиында қоғамның дамуы жолында еңбек етіп жүрген бір топ әйелдерді Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалармен. сондай-ақ, Алғыс хатпен марапаттады. Қала әкімі құттықтау сөзінде қазіргі уақытта елімізде нәзікжандылар үшін жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылғанын атап өтті. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Өйткені әйел бақытты болса, әлем бақытты.
– Қадірлі арулар, аяулы аналар! Қаламыздың гүлденіп, көркеюіне және мерейінің үстем болуына сіздердің қосып отырған қажырлы еңбектеріңіз бен қарымды үлестеріңіз орасан. Бүгінгі бейбіт заманда әрбіріміздің жүрегімізден орын алып, көңілімізді нұрландырған әйелдер қауымы ең үлкен құрметке лайық. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысынан марапат алғандардың қатарында біздің әріптесіміз, «Панорама Шымкента» газетінің тілшісі Галина Хан да бар. 8 наурыз халықаралық күні қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков оған жоғарғы марапат – «Құрмет» орденін табыс етті. Галина Григорьевна «Панорама Шымкента» газетінде 20 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі – 40 жыл.
Оның қатысуымен 1990 жылы «Панорама Шымкента» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Оның терең сараптама, қызықты репортаждары мен эксклюзивті мақалаларынсыз «Панорама Шымкента» газетін елестету қиын. Әріптесіміздің осындай марапатқа ие болуы қос басылым үшін де зор мәртебе.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ