Редакция таңдауы

Халық сенімі – әділ сайлаудың басты көрсеткіші

Мемлекет басшысы айтқандай, демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Соңғы жылдары енгізілген елдегі саяси науқан сайлау жүйесін жетілдіруге негіз болды. Соның аясында аудан мен ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Алдағы уақытта да демократиялық үрдіс жалғасын таба береді. Десе де сайлаушылар тарапынан да тұрақты сауал туындап отыр. Сол үшін Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевты аз-кем әңгімеге тарттық.

– Қайырбек Көбекұлы, әңгімемізді қоғамдағы өзгерістерге байланысты сайлау жүйесіндегі енгізілген ауқымды реформалардан бастасақ. Қазір бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Расында қазіргі қоғамдық өзгеріс саясаттың да заман үдерісіне сай жаңашылдыққа аяқ басуына жол ашты. Мемлекет басшысы да сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс» деп атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс ешқашан тоқтап қалмақ емес.

Биыл 6 ақпанда Бүкілдүниежүзілік сайлау күніне орай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлының Qazaqstan арнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында Мемлекет басшысының бастамасымен сайлау процесінде ауқымды реформалар іске асып жатқанына ерекше тоқталды. 2022 жылғы маусымдағы Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі Референдумда бекітілген реформаларға сәйкес, Президенттің бір мерзімге сайлануы, Парламент депутаттарын сайлауда мажоритарлық жүйенің қайтып келуі, аудан, қала, ауыл әкімдерін халықтың өзі таңдауы билікке деген бұрынғы көзқарасты өзгертіп жатыр. Елімізде 2021 жылдан бері екі жарым мыңға жуық әкімнің 94 пайызын тұрғындар өздері сайлады. Ал бұл екіжақты жауапкершілікті арттырып отыр. Демек Мемлекет басшысының қолға алған реформалары жемісін беріп келеді деуге болады.

Сайлаудағы ең басты талап – реформалардың сәтті өтіп, халықтың қолдауына ие болуы ғана емес, сайлау науқанының заңға сәйкес өтуі, әділ әрі ашықтығы. Осы мақсатта еліміздегі сайлау жүйесі үлкен трансформацияны бастан кешіріп жатыр. Біздің қызмет те осы талаптың үдесінен шығу екенін білесіздер. Қандай сайлаудың болсын әділ өтуі жергілікті сайлау комиссияларына байланысты болады. Шымкент қаласындағы аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамы қалалық мәслихат сессиясында бекітіліп, былтыр қаңтар айынан бастап өз қызметін атқарып келеді.

– Шымкент қаласы облыстан бөлінбей тұрғанда сайлаушылардың белсенділігі Алматы, Астана қалаларынан ғана жоғары тұратын кезеңдер болды. Қазір өзгеріс бар ма? Мегаполис болғалы тұрғындардың саяси науқанға бару деңгейі қалай? Жалпы сайлаушыларды ынталандыру жұмысы жүргізіле ме?

– Өздеріңізге белгілі, сайлауға қатысты барлық мәселе нақты сандарға сүйенеді. Биылғы жағдаймен айтсақ, Шымкент қаласының сайлаушылар саны 673 372 адамды құраған екен. Бұл нені көрсетеді? Яғни осыдан алты жылдан аса уақыт бұрын облыс құрамынан бөлініп шығып, еліміздің дербес он жетінші құрамдас бірлігі ретінде бекітілген республикалық маңызы бар қала атануы сайлаушыларға да өзгеше жауапкершілік жүктегенін айғақтап отыр. Атап айтар болсақ, алдыңғы сайлауларда тұрғындардың белсенділігі отыз пайыз төңірегінде болса, 2022 жылғы Республикалық референдумда 72,53 пайыз, 2023 жылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында бұл көрсеткіш 45,5 пайызды құраған. Ал , былтыр ел үшін маңызды шешім қабылдайтын АЭС салуға арналған референдумда тұрғындардың 70,2 пайызы учаскелерге келіп, өз таңдауын жасаған.

Көріп отырғандарыңыздай, тұрғындардың сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық ұстанымын білдірудегі белсенділігі жыл сайын артып келеді. Біз де бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы халықты ынталандыру мақсатында сайлау учаскелерінде сайлаушылар үшін музыкалық іс-шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толған алғаш рет дауыс беруші жастар мен сол күні ең бірінші келген сайлаушыларға, ең қарт сайлаушыға арнайы сыйлықтар тапсырылады.

Соңғы сайлауларда тұрғындарды ел үшін маңызды науқандарға шақыру үшін түрлі форматта ақпараттық жұмыстарды үйлестірдік. Әрбір таңдаушыға ерекше үлгіде Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген А4 форматта және ОR коды бар шақыру қағаздары дайындалып, қолма-қол тапсырылды. Бұдан басқа 109 біріңғай call орталығы, дауыс беру учаскесін білу туралы арнайы байланыс орталығы дайындалды. Сонымен қатар, дауыс беру учаскенің нөмерін және мекенжайын білуге арнайы QR кодты іске қостық. Сайтта және телеграмм қосымшасы арқылы мәлімет алуға болатын жұмыстар ұйымдастырылды.

– Шаһарымызда аудан әкімдерін сайлау болмайтыны туралы айтылып жүр. Бұл мегаполистегі аудан әкімдерінің статусы басқа аудан, қала әкімдерінен өзгеше болғаны ма?

– Соңғы жылдары жергілікті басқару жүйесіне де үлкен реформалар іске асып отыр. Бұл мәселелер де қоғамда жан-жақты талқыланып келеді. 2021 жылдан бастау алған ауыл округі әкімдерін сайлауларынан кейін биылдан бастап облыстық маңызы бар аудан және қала әкімдерін де тікелей сайлау енгізілді. Бұл ретте республикалық маңызы бар қалалар мен сол қалалардағы аудандардың әкімдерін сайлау мәселесі әзірге ашық тұр.

Бұл орайда республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы аудан әкімдері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 32-2 бабының 2-тармағында көрсетілген ережемен бекітіледі. Яғни олар республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының келісімімен лауазымға тағайындайды. Бұған сәйкес оларды республикалық маңызы бар қала және астана әкімі өкілеттігін тоқтатып, лауазымынан босатуға құқығы бар.

– Бүгінде мүгедектігі бар сайлаушылар қоғамның белсенді мүшесі ретінде елдегі кез келген өзгеріске қатысып келеді. Демек оларға дауыс беру үшін ерекше жағдай жасау керектігі айтпаса да белгілі. Кедергісіз орта қалыптастыру тікелей міндеттеріңіз екенін ескерсек, қазіргі ахуал қалай?

– Дұрыс айтасыз, қалада барлығы 41479 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Соның ішінде ерекше жағдайлар қажет ететін мүгедектігі бар сайлаушылар саны 3615 адамды құрайды. Барлық сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы кабинкалар қарастырылған. Тактилді жолақтар орнатылған, ақпаратты стендтер тиісті биіктікте орналасқан. Сайлау күндері тірек қимылы бұзылған арбаға таңылған азаматтарға 28 дана инватакси және 65 сурдо аудармашының қызмет көрсетуі қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бейімделген форматтағы мониторы бар компьютерлер, құлаққаптар, брайль шрифтімен орындалған таңдау туралы ақпараты бар папкалар, қосымша жарықтандыру шамдары, үлкейткіштер (лупа), жалпы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп отырамыз.

– Өзіңіз айтып өткендей, соңғы жылдары қаламыздағы аумақтық және учаскелік комиссия мүшелерінің құрамы жаңадан жасақталды. Комиссия мүшелерінің сандық, сапалық құрамына қалай іріктеледі? Олардың білімі мен біліктілігін арттыруға қаншалықты мән берілген?

– Шымкент қаласындағы сайлау жүйесінде 2824 комиссия мүшесі жұмыс істейді. 344 учаскеде 2692 комиссия мүшесі қызмет атқарады. 18 округтік комиссияда 90 мүше бар. Ал аумақтық сайлау комиссияларында 42 маман қызмет етіп жүр. Сайлау туралы Конституциялық заңның 10-бабына сәйкес, комиссиялар 5 жыл мерзімге сайланды. Сондықтан комиссия мүшелігіне енер алдында олардың білім деңгейіне, кәсіби біліктілігіне аса мән беріледі. Орталық сайлау комиссиясының аппараты өңірлерге инспекторлық сапарлар жасап, комиссия құрамындағы мүшелерге оқу-әдістемелік көмектер беріп келеді.

Барлық деңгейдегі комиссия мүшелеріне каскадтық әдіспен оқыту семинарлары ұйымдастырылып, бірнеше кезеңді қамтитын оқуға 2739 комиссия мүшесі оқытылып, біліктілік деңгейін анықтайтын тестілеуден өтті. Мәселен былтыр күзде қаламызда Жамбыл және Түркістан облысының комиссия мүшелерімен бірлескен көшпелі оқыту ұйымдастырылды. Онда аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялардың 48 мүшесі қамтылды.

Қазір қаладағы барлық 2 824 комиссия мүшесінің біліктілік сертификаты бар. Сондай-ақ арнайы жаттықтырушы сертификатқа ие 17 тұрақты комиссия мүшесі спикерлер пулының құрамына енді. Оқыту семинарлары іскерлік ойын арқылы негізделіп, комиссия мүшелерінің тиімді жолмен практикалық кейстерді талқылауы және қолданыстағы заңнамалардың сақталуына бағытталған. Комиссия мүшелерінің білім деңгейін жетілдіруге арналған оқыту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Өйткен әділдік пен ашықтыққа ұмтылыс алдымен комиссия мүшелерінің өздерінен басталуға тиіс. Сонда ғана халық сайлауға сенеді, сенімге ие болған әкім жұртына жақын болады.

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар