Редакция таңдауы

Шымкенттің өнеркәсібінде өрлеу бар

Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов мәлім етті.

Былтырғы жұмыстың қорытындысын және биылғы жоспарды баяндаған ол қаланың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 2024 жылы жалпы 4 нысаналы индикатор белгіленгенін жеткізді. Бұған сәйкес, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1 триллион 17,7 млрд теңгені құраған. Бұл оның арғы жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Жалпы сауда айналымының көлемі 3 триллион 79 млрд. теңгеге жеткен. Сондай-ақ экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі былтыр 9 айда 8,9 пайызды құрапты.

Қазір шаһарда өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 998 өнеркәсіп кәсіпорны бар. Соның ішінде 19 – ірі, 47 – орта және 932 – шағын өндіріс. Былтыр қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 триллион 157,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өнім көлемін 3 пайызға арттырған.

Басқарма өкілінің сөзіне сүйенсек, қалада жалпы аумағы 1 276 гектар 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінде 670,1 млрд теңгеге 427 жоба іске асырылып жатыр. Айталық, «Оңтүстік» индустриялық аймағында 130 млрд теңгеге 3 064 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 96 жоба жүзеге асқан. Қазір соның 82-і толық іске қосылған. Нәтижесінде 3 085 жұмыс орны ашылып, 120 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Былтыр 68 жаңа жұмыс орны құрылып, 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба іске асқан. Биыл да 39 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл тағы 951 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ермек Тұрманов былтыр Шымкент қаласының экономикасына 766,1 млрд. теңге тікелей инвестиция тартылғанын, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға артқанын айтты. Мәселен мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 198,7 млрд, ал, жекеменшік инвестиция 567,4 млрд. теңгеге жеткен. Оның айтуынша, биыл 842,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артпақ. Сонымен қатар басқарма өз алдына осы жылы 71,4 млрд теңгеге 1280 жаңа жұмыс орнын құрумен 22 инвестициялық жобаны іске асыруды межелеген. Қала аумағында былтыр қаңтар-желтоқсан айларында 137,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш арғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға өскені анықталыпты.

Бұдан басқа, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр 23,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Республикалық бюджеттен – 18,4 млрд, ал жергілікті бюджеттен – 5,3 млрд. теңге қарастырылған. Биыл шаһардағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 6%-ға арттыру, яғни 137,1 мыңнан 145 мыңға жеткізу жоспарланған. Егер көзделген меже ойдағыдай жүзеге асса, Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 243 мыңды құрайтын болады.

Өндірілген өнім көлемі де 3,7 трлн теңгені құраған. Биыл жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 46,3%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, былтырғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысына сүйенсек, қаланың бөлшек сауда көлемі 1064 млрд. теңгеге жетті. Биыл басқарма бұл санды 1 290 млрд теңгеге дейін жеткізуді қолға алуды көздеп отыр. Ал бұл көрсеткішке жаңадан ашылатын сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелері және базарларды модернизациялау жүргізу есебінен қол жеткізілмек.

Ж.Тұрсынәліқызы

Соңғы жаңалықтар