Шымкент қаласында цифрландыру саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, “Ақылды қалалар” эталондық стандартының көрсеткіші 2022 жылы 55%-ды құраса, 2023 жылы 61%-ға дейін өскен. Биыл бұл көрсеткішті 75%-ға жеткізу жоспарланған көрінеді.
Қалада цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында “Shymkent IT HUB” орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылған. “Astana Hub” халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша құрылған бұл орталық өңірдегі IT-қоғамдастықты дамытуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.
“Shymkent IT HUB” базасында бүгінге дейін 72 іс-шара ұйымдастырылып, 2000-ға жуық адам қатысқан. Орталықта IT саласының үздік мамандарының қатысуымен тұрақты түрде мастер-класстар өткізіледі.
Сондай-ақ, 20 қазанда еліміздегі ең ірі “Decentrathon 2.0” хакатоны өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2000-нан астам қатысушы тіркелді. Шымкент қаласынан 80 адам мен 29 команда жарысқа қатысып, жасанды интеллект, блокчейн, ойын индустриясы және Telegram шағын қосымшалары бағыттарында өз жобаларын ұсынған.
Бұдан бөлек, 7 қарашада “Shymkent HUB – мүмкіндіктер алаңы” атты форум ұйымдастырылса, 8 қарашада “Цифрлық драйвер” форумы өтті. Бұл шаралар аймақтағы IT саласын дамытуға және стартап жобаларды қолдауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Мұхит Кемеловтің айтуынша, цифрландыру саласындағы бастамалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге бағытталған. Алдағы уақытта “Ақылды қала” концепциясы аясында жаңа жобалар жүзеге асырылып, IT саласына қызығушылығы бар жастарды қолдау шаралары күшейтілетін болады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ