Ел құрметіне бөленіп елу жасқа толып отырған белгілі журналист Ғалымжан Елшібайды ең алғашқыда «Жас Алаш» газеті арқылы таныдым. Мақалалары сұмдық өткір болатын. Әрине, «Жас Алаштың» да дүрілдеп тұрған кезі ғой. Бүгінгідей ақпаратты әп-сәтте жұртқа жеткізіп, астына аймандай қып коммент жазып, ақ тер, көк тер болып талқылап отыратын әлеуметтік желі, сайт дегендер мүлдем жоқ. Елдің бәрі газетке шұқшияды, теледидарға үңіледі.
Жасыратыны жоқ, Ғалекеңнің әр мақаласы жергілікті биліктің төбесінен найзағай ойнатты. Тақырыбының өзі қандай керемет десеңші… Әр мақаласы шыққан сайын әкімдік бір сілкінетін. Қазір ғой, газетке бір тілшінің сын мақаласы шықса жергілікті билік екі-үш абзацтан тұратын жауап жазады да соңында «назарға алынды» деп қоя салады. Ал, Ғалымжанның «Жас Алашта» жұмыс істеген жылдары әр сын мақаласын облыс басшысының өзі оқып, сол мақалада жазылған кемшіліктерді түзеп, оң нәтиже шығаруға тырысатын. Өйткені шыны керек, Ғалымжан Елшібайдың жазғандарын билік мойындайтын. Ғалекеңнің кемшілікті көре білетінін, мәселені өткір көтеріп, оны биліктің алдына батыл түрде қоя білетінін мойындайтын.
Осылайша ол «Жас Алаш» газетінің бетінде ұлттың мәселесін, қоғамның проблемасын батыл жазып, тіл, дін, идеология, ұлттық болмыс, ұлттық рух тақырыптарын жиі қозғады. Содан болар Оңтүстіктің қалың оқырманы «Жас Алаштың» әр нөмірін, Ғалымжан Елшібайдың әр мақаласын асыға күтетін. Оның ішінде өзім де бармын.
Міне, осындай жанкешті еңбектің арқасында және Ғалымжанның қаламының қуатының арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында «Жас Алаш» газетінің тараламы күрт өсіп, 20 мыңға жуықтады. «Ойбай, «Жас Алаштың» тілшісі Ғалымжан Елшібайдың мақаласын оқыдым. Мәселені өте өткір көтеріпті. Және өте орынды жазған» деп оның сыртынан сүйсініп жүрген жандардың талайын көрдім.
Кейін жұмыс барысымен Ғалымжанның өзімен де таныстым. Өткір мінезінен бөлек әңгімеге де, әзілге де жүйрік екен. Бірден араласып кеттік. Адам көзқарасымен құнды, көзқарасымен танылады емес пе? Оның көзқарасы, ұстанымы ұнады. Оқығаны да көп, жас болса да өмірден түйген-білгені көп. Журналисттің мақаласы өз мінезінен көрініс береді ғой. Ғалекең де өте орынды сөйлейді және тауып айтады, батыл айтады, өз ойын іркіп қалмайды. Бұл оның өмірлік стилі сияқты.
Содан беріде 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Біздің о бастағы тыныс-білістігіміз ағалық-інілік сыйластыққа ұласты. Отбасымызбен араластық. Балаларымыз да бір-бірлерін жақсы таниды. Отбасының қуанышында, қиыншылығында бірге болдық.
Жалпы мен адаммен араласқанда оның кәсібилігін емес, оның адамгершілік қасиетін бірінші орынға қоямын. Қызмет деген біреуде бар, біреуде жоқ. Алланың бұйырған күні өседі, бұйырған күні қызметінен кетеді. Егер қызметіне, оның ықпалдылығына, байлығына қарай аралассаң, ол ұзаққа бармайды. Міндетті түрде бір күні шорт үзіледі. Ғалымжан ініммен бізді қызмет байланыстырған жоқ. Болмаса мен оған күнім түскеннен немесе кәсібіме байланысты керек болғаннан араласқаным жоқ.
Ғалымжанның досқа адалдығы, өмірге деген көзқарасы, әділдігі, шынайылығы, принципшілдігі, қажет кезде мейірімділік, жанашырлық таныта білуі бізді тіптен жақындата түсті. Оның кейбір араздасып жүрген азаматтардың арасын жақындатып, жарастырып жіберген сәттерінің куәсі болдым. Осы қасиеттерін құрмет тұтып оны інімдей, бауырымдай көрдім. Аллаға шүкіршілік, достық, бауырлық қарым-қатынасымызға ешқашан сызат түскен емес.
Отбасы — өмірдің тұтқасы. Үй-ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы бауырмалдық, береке-бірлікке байланысты. Ғалымжанның әкесі-шешесі – Қамытбек ата мен Күлпаршын апамыздың да қолынан талай рет дәм таттық. Қос қарияның жүздерінен жылылық есіп, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін. Әрбір ата-ана перзентімен мақтанады емес пе? Ғалекең жақсы перзент бола білді. Тіпті Ғалымжан інімді бұл жағынан үнемі өзгелерге үлгі тұтып жүремін. Қартайған әке-шешесінің бар жағдайын жасап, оларға бар шуағын төкті. Қашан көрсең, Ғалекең ата-анасын шипажайға апарып жатады. Ауыра қалса, адамның қолы оңайлықпен жетпейтін әйгілі дәрігерлерге жол тауып, ата-анасын көрсетіп жатады. Былайша айтқанда Қамытбек атамыз бен Күлпаршын апамызды қолынан келгенше мәпеледі. Алла тағалам қос қарияның о дүниелерін берсін!
Ол бауырларына да әрдайым жанашыр. Отбасымызбен жақын араласқаннан кейін жақсы білемін, бұл әулеттің барлығы Ғалымжанды арқа тұтады. Қандай мәселесі болса да алдымен шапқылап осы Ғалекеңе келеді, сонымен ақылдасады. Ал, ол ешқашан да көмек қолын созудан қашқан емес.
Міне, бір кездері ата-анасы мақтанып жүретін Ғалымжан Елшібаймен бүгінде елі мақтанады. Туған елі осындай жанашыр, қамқор, іскер азаматқа сенім артып екі рет облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлады. Бүгінде халық қалаулысы ретінде елдің талап-тілегін мәслихаттың мінберінен көтеріп, сенімге селкеу түсірмей келеді.
Ал, сенім алға жетелейді. Иә, ақбас Алатаудың етегіндегі Қасқасу ауылы Ғалымжандай перзентімен мақтанады. Қаламы жүйрік журналист ретінде де, жанашыр депутат ретінде де осы ауылдың тыныс-тіршілігінің жақсаруына бар күш-жігерін салып келеді. Бір Қасқасу ғана емес, мектеп, жол, аурухана салу, ауыз су мәселесі төңірегінде қаншама елді мекендердің проблемасын көтеріп, биліктің назарын аударып, оң шешілуіне ықпал етті.
Тәрбие – отбасының үзілмейтін желісі. Асқар тау әкенің, алтын бұлақ ананың ізгі қасиеттерінен нәр алған Ғалымжан өз отбасында жақсы әке бола білді. Зайыбы Раушан екеуі бар бітім-болмысымен, мінез-құлқымен, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-білігімен ұл-қызына үлгі болып, қос перзентінің тірегі мен жүрегі болып жүр. Ғалекеңнің перзенттерінің тәрбиесіне, сабағына өте қатты мән беретіні, қанша жерден жұмысы тығыз болса да Іңкәрі мен Заңғарын мектепке апарып алып келуге міндетті түрде уақыт табатыны достары арасында мақтанышпен айтылады. Тіпті «Осындай досымыз бар» деп басқаларға үлгі ретінде айтамыз.
Бүгінде Іңкәр Назарбаев интеллектуалдық мектебін бітіріп ары қарай білімін Назарбаев университетінде жалғастырып жатса, Заңғар да әпкесінің жетістігін қайталап, Назарбаев мектебінде білім алып жүр. Заңғар спортқа әуес, шахматтан біраз жетістікке қол жеткізді.
Шырайлы Шымкент қаласы өз алдына отау тіккелі бері шырайы тіптен ашылды, нағыз даму жолына түсті. Ғалымжан Елшібайдың осы шаһардың дамуына да қосқан үлесі зор деп білемін. Аудандық «Төлеби туынан» басталған еңбек жолы «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде жалғасып, соңғы жылдары қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, көшбасшы басылым — «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеп келе жатқан кезінде мегаполистің ажарын ашу, тынысын кеңейтіп, тіршілігін өрістету бағытында қаншама дүниелер жазды, орынды мәселелер көтерді, талай рет билікке ой салды, қозғау салды.
Ол өзін тек жақсы журналист емес, жақсы ұйымдастырушы, медиаменеджер ретінде де көрсете білді. Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалын бес жылдан аса біліктілікпен басқарды. Қазір «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде медиа кеңістікте менеджерлік жұмыстарын сәтті жалғастыруда. Түркістан төрінде өткен Медиакраттар медиафорумына қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, республикалық БАҚ басшылары арнайы қатысуы осының айғағы. Өзім де ақпарат саласында басшылық қызметтер атқардым ғой. Жыл сайын дүрілдеп өтетін Журналистер мерекесінде Ғалымжан Елшібайдың бақилық болған қаламгер ағаларын, ұстаздарын ұмытпай, әруақтарға құрмет көрсетіп, әрқайсысының атынан арнайы номинация тағайындап, жас журналистерге сыйлық беруді дәстүрге айналдырғанын жақсы білемін. Өмір жолы өзгелерге үлгі болған Төрекелді Байтасов, Оразхан Жарқынбек, Сәділ Кәдеев, Қалыбек Атжан, Ертай Бекқұлов, Кеңес Исмайылов, Талғат Орманов, Алмас Ақылбек сынды тағы басқа да танымал журналистердің атынан берілген сыйлықтар қаншама жас тілшілерге күш-қуат, жігер, қуаныш, үміт сыйлағаны анық. Былтыр бақилық болған әріптестерінің бәрін бөле жармай 40 шақты танымал журналистің атын атап, Құран бағыштаған, 200-ден аса адам қатысқан ауызашарды өзінің отбасы атынан өткізуі де өнегелі тірлік.
Ғалымжанды классик жазушы Мархабат Байғұт ұстазымыз ерекше жақсы көрді, қасына жиі ертіп жүрді. Даңқты қаламгердің 75 жасқа толған мерейтойына орай бес бірдей мемлекеттің зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері қатысқан халықаралық конференция ұйымдастырылып әйгілі «Түркілер төрі-Түркістан» кітабының тұсауы кесілгенде сол алқалы жиынның тізігінін Ғалекең ұстады. Биыл тірі болса Махаң 80 жасқа толар еді. Ұстазына, рухани әкесіне деген құрметі зор Ғалымжан Елшібай «Мархабат Байғұттың туғанына – 80 жыл» жобасының жетекшісі ретінде біршама ауқымды шаруаларды атқарып жүр. Былтыр Түкістандағы «Фараб» облыстық әмбебап кітапханасынан әкімдіктің қолдауымен Мархабат Байғұт атындағы зәулім зал ашылғанда өзім де арнайы барып қатыстым. Ал жыл басынан бері ақпарат айдынында «Мархабат» журналы жарық көруіне бастамашы болуы әдебиетсүйер қауымды бір қуантып тастады. Жаңа журналдың таныстырылымына бардым, таралымын арттыруға да атсалыстым.
Әлі есімде, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген кезімде Журналистер одағы екіге бөлініп, қалам ұстаған ағайындардың арасына жік түсіп, жұмысынан береке қашты. Ішкі саясат басқармасы ақпарат саласына тікелей жауап беретін болғандықтан бұл дау бізге де біраз салмақ түсірді.
Міне, осындай сын сәтте Ғалымжан Елшібай Оңтүстік журналистерінің басын қосып, бірлікке шақырып, осы ұйымның жұмысының бір ізге түсуіне белсене атсалысты.
Қалай айтсақ та «Ұлан-ғайыр жерің болса мақтан, көш бастайтын ерің болса мақтан» дегендей, бүгінгі Оңтүстікте біз мақтан тұтар жандар аз емес. Соның ішінде ел үшін адал еңбек етуді басты мақсаты тұтқан Ғалымжан Елшібай көпке үлгі тұтатын ерлердің бірі екені анық. Туған жері-Төлеби ауданының құрметті азаматы. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілген. Өңірде «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын» сияқты номинацияларды бірнеше дүркін иеленген. Ақпарат саласының үздігі. Республикалық деңгейде де топ жарып Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атануы жеке басы үшін ғана емес, тұтас оңтүстікке ортақ үлкен олжа.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қалалық
мәслихатының төрағасы