Қазақ – тумысынан табиғатты қадірлеген, тіршілігі қоршаған ортамен біте қайнасқан халық. Дархан даланың төсін ен жайлаған бабаларымыз сылдырап аққан бұлақтың, жайқалып өскен ағаштың, тіпті, бір түп жусанның да қадірін біліп, өзін сол табиғаттың бір бөлшегі деп санаған. Заман өзгеріп, қазақ қалалық ұлтқа айналған осы күндері халқымыздың сол игі дәстүрін сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды міндет болып отыр.
Бүгінде Шымкент қаласында экологиялық жағдайды жақсарту, жасыл белдеуді кеңейту және қаланы көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Өткен жылы осы бағытта бірнеше маңызды бастамалар жүзеге асты. Бұл бастамалар табиғатты қорғау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман қорын молайту және қаланы экологиялық жағынан жақсартуға бағытталды.
Шымкентте «Жасыл белдеу» деген коммуналдық мемлекеттік мекеме бар. Ол қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарайды. Иелігінде 3 220 гектар жері бар. Оның 753 гектары мемлекеттік орман қорына жатады. Сол орманды алқапты өрттен қорғау үшін 157 шақырым минералды жолақтарға күтім жасалады. Сонымен қатар Қайнарбұлақ аумағында орналасқан 976 гектар алқапта 5 шақырым жер жыртылып, өртке қарсы қауіпсіздік жолағы жасалған.
– Мекемеде өрт қауіпті маусымында қажетті техникалар жеткілікті, 2 дана АЦ ЗИЛ автокөлігі, соқасы мен тіркемелі цистернасы бар 2 дана МТЗ-1221 тракторы өрт сөндіруге бекітілген. Сонымен қатар, 2000 литр жанар-жағармай қоры жасақталып, орман күзеті қызметкерлері арнайы радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілді, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар.
Сондай-ақ, 2024 жылы орман-дала өрттерін сөндіру кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылдарын пысықтау мақсатында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде «Жасыл белдеу» мекемесінің орман қоры жерінде қалалық төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен өрт-тактикалық оқу жаттығу жұмыстары өткізіліп, іс шараға азаматтық қорғау қызметінен жалпы 297 адам және 79 бірлік техника қатысқан.
Мекеменің орман тұқымбағында 17 түрлі ағаш-бұта көшеттерінің 713 мың түбі өсірілуде. Сондай-ақ, 1200 келі тұқым жиналып, себіліп жатыр. Орман тұқымбағын дамыту мақсатында жол салу, су жүйелерін жүргізу, тамшылатып суару және бейнебақылау орнатуға 127 миллион теңге бөлінген.
Ақжар орманшылығында көктемде 24 гектар жерге, ал, күзде 30 гектарға көшет отырғызылды. 2021-2023 жылдары 281 гектар аумақта 350 мыңнан астам ағаш отырғызылып, олар күтіп-бапталған еді. Осы бағыттағы жұмыс қала әкімдігінің қатаң бақылауында екен. Көшет отырғызылған жерді уақтылы суғару, қатар аралығын дискілеу, культивациялау дейтін жұмыстар да толығымен орындалыпты.
– Шымкент қаласының микроклиматын жақсарту мақсатында Жаңа шек каналы арқылы Аймауытов, Ақпан батыр, Қазыбек би, Дулати, Толстой, Адырбеков, Тәуке хан, Желтоқсан көшелері бойымен су жүргізіліп, қаланың ауасын ылғалдандыру жұмыстары атқарылды. Су жүйелерін жақсарту үшін «Шымкент сушар» мекемесі «ҚазСушар» және «Су метрология» мекемелерімен келісімшарт жасасып, 103,6 миллион текше метр ағын суды бұрып алды. 518 шаруа қожалығы мен 4 500 үй іргелік жер ағын сумен қамтамасыз етілді. Полигон аумағында жол сапасын жақсарту үшін 2500 текше метр тас төселіп, бейнебақылау жүйелері орнатылды. Қалдықтарды қабылдау жүйесі автоматтандырылып, ай сайын 10 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық қабылдау үшін Kaspi QR жүйесі енгізілді, – дейді басқарма басшысы.
Былтыр 214 мың тонна қалдық қабылданса, күн сайын орта есеппен 700-800 тонна, ай сайын 22 мың тонна қалдық қабылданады екен. Қабылданған қоқыстан ай сайын 270 тонна сұрыптау жұмысы жүргізіледі. Сұрыптау процесінде картон, макулатура, пластик, полиэтилен, алюминий банкалары, темір және әйнек сынықтары бөлініп шығарылады. Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпорын сонымен қатар экологиялық шығындарды өтеу үшін әр тоқсан сайын 33 000 000 теңге көлемінде эмиссиялық төлемдер жасайды екен.
Былтырдан бері Шымкент қаласының жүрегінде орналасқан А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына ерекше назар аударып, табиғи қорларды қорғау мен қалалық экологияны жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізіле бастады. Басқарманың басты назарында ағаштардың жай-күйін күтіп-баптау және гендік қорды молайту сияқты мәселелер тұр. Осы жұмыстарға атсалысып жүрген 182 қызметкер – әкімшілік және басшылық құрамнан бастап, ғылым, шаруашылық және қорғау бөлімдерінің мамандарына дейін өз еңбектерімен табиғаттың әсемдігін сақтап, келешек ұрпаққа аманат етуге атсалысып жатыр.
– Бірінші кезекте, ағаштардың жағдайын жақсарту мақсатында кешенді күтім шаралары жүзеге асырылды. Дендрологиялық саябақ аумағында ағаштардың дұрыс өсуі мен дамуы үшін арнайы агротехникалық әдістер қолданылып, санитарлық кесу мен зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстары ай сайын екі рет жүргізіледі. Бұл шаралар қураған ағаштар мен бұталардың зиянды әсерін азайтуға және табиғи балансты сақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, саябақтың гендік қоры мол және алуан түрлі. Ағымдағы уақытта жалпы 74 560 түп ағаш пен 4 615 түп бұтаның гендік қорында 214 түр қамтылған. Гендік қорды молайту және ағаштардың түрлік алуан түрлілігін арттыру мақсатында жаңа ағаштар отырғызу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бос жатқан жерлерді көгалдандыру мақсатында 100 түп каштан, 50 түп катальпа, 300 түп биота, 38 түп можжевельник сияқты ағаштар отырғызылып, көктем мезгілінде 25 000 түп қызғалдақ және 20 000 түп бір жылдық сәндік бархатцы гүлдері салынды. Сонымен бірге, тұқымбаққа жеміс ағаштары, арония, барбарис, гортензия, дуб, лаванда сияқты 30 түрлі ағаш-бұтадан 346 түп отырғызылды. Ғылыми ынтымақтастық аясында гендік қорды молайту және дамыту үшін Өзбекстанның Ташкент қаласы, Астана, Алматы және Щучинск қалаларындағы ботаникалық бақтармен өзара тиімді меморандумдарға қол қойылды. Осы келісім-шарттар аясында тәжірибе алмасу, іс-сапарлар ұйымдастыру және бірлесе жұмыс істеу жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар, 132 түрлі ағаш-бұта тұқымдары мен 36 түрлі ағаш көшеттері әкелініп, өсіру жұмыстары басталды. Бұл шаралар табиғи мұраны қорғап, жаңа буын ағаштардың экожүйеге қосылуын қамтамасыз етеді, – дейді Әбілқайыр Бақытқалиұлы.
Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің гендік қорын толықтыру да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Демеушілер есебінен Сайрам-Өгем МҰТП және Ақсу-Жабағылы қорларынан алынған 20 түп кәдімгі өрік, 60 түп зеравшан аршасы, 14 түп қызыл қайың, сондай-ақ сирек кездесетін тобылғы, қызыл барбарис, үлкен жемісті итмұрын, облепиха және Облепиха Херго түрлері саябақтың гендік қорының молдығы мен әртүрлілігін арттыруға зор үлес қосып отыр. Саябақта орналасқан жылыжай аумағында да молайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мұнда 30 түрлі ағаш-бұта түрлерінің тұқымдары мен қаламшалары негізінде көбейту жұмыстары атқарылып, гинко, каркас, эводия, анар, лапина, хилокатальпа, барбарис, ленкоран альбициясы, қызыл арша және басқа да экзотикалық түрлер өсірілуде.
Сәуір мен қырқүйек айлары аралығында зиянкестерге қарсы айына екі рет дәрілеу жұмыстары атқарылады, ал зиянды ағаштар мен бұталар санитарлық кесу арқылы тазартылып, табиғи ортада зиянды факторлардың азаюы қамтамасыз етілді.
А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында 74 560 түп ағаш, 4 615 түп бұта өсіп тұр. 2024 жылы 100 түп каштан, 50 түп катальпа, 300 түп биота, 38 түп можжевельник және басқа да ағаш түрлері отырғызылды. Сонымен қатар, 25 000 түп қызғалдақ және 20 000 түп бір жылдық сәндік гүлдер егілді.
Саябақтың ғылыми аймағында жылыжайда 30 түрлі ағаш-бұта тұқымынан көбею жұмыстары жүргізілуде. Саябақтың гендік қорын арттыру мақсатында Өзбекстан, Астана, Алматы, Щучинск қалаларының ботаникалық бақтарымен меморандумдар жасалып, 132 түрлі ағаш-бұта тұқымдары мен 36 түрлі көшеттер әкелінді. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер қатарын көбейту үшін демеушілер есебінен 20 түп кәдімгі өрік, 60 түп зеравшан аршасы, 14 түп қызыл қайың, сирек кездесетін тобылғы, барбарис, үлкен жемісті итмұрын және басқа да өсімдіктер отырғызылған.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА