Редакция таңдауы

Қош келдің, Әз-Наурыз!

Биыл Шымкентке көктем ерте келді. Байтақ даламыз бен әсем қаламызға күн шуағы мейірлене төгіліп, айналамыз нұрға бөленіп тұр. Аз күнде қыстың тоңы еріп, жердің бойы бусанып, Табиғат-Анамыз құлпырып сала берді. Аспан шайдай ашық, күннің жылы болған соң шымкенттіктердің Әз-Наурызды шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алып, бар сән-салтанатымен думандатып тойлап жатыр.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда айтқандай, Ұлттық бірегейлігімізді нығайту мен төл мәдениетімізді сақтап, оны айдай әлемге паш етуде Наурыз мерекесінің орны бөлек. Сол себепті, елімізде Наурызнама тұжырымдамасы әзірленіп, еліміз Ұлыстың Ұлы күнін 14 наурыздан, яғни, Амал күнінен бастап, он күн бойы тойлап жатыр.
Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыздың шырайлы Шымкентте қалай тойланып жатқанын тілшілеріміз әзірлеген материалдар топтамасынан оқи аласыздар.

Қос өңірді қауыштырған «Көрісу»

Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімшілік шекарамен бөлінгенімен, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан, тыныс-тіршілігі бір-бірімен біте қайнасқан өңірлер екені баршаға аян. Соның бір айғағы ретінде Көрісу күні – Амал мерекесін қос өңір бірге тойлады. Түркістан мен Шымкенттің зиялы қауымы мен мәдениет қызметкерлері Темірландағы «Шәмші» аллеясында бас қосып, көрісу рәсімін өткізді.

Алдымен ұлттық киім киініп, ұлттық мерекеге сай сәнденген шымкенттік делегация наурыз шуаққа шомылып Ордабасы ауданына табан тіреді. Мұнда күнгейліктерді түркістандықтар жоғары дайындықпен тағатсыздана тосып тұр еді. Көрісу салты бойынша екі өңір өкілдері емен-жарқын есендесіп, құшақтасып сәлемдесті. Риясыз көңілмен, ақжарма жүрекпен иықтасып, көрісті. Екі жақтың да жүзінен нұр шашып, Наурыз келді дегендегі ғажап көңілді байқамау мүмкін емес. Ақсақалдар жағы сәлем-сауқат сұрасса, әжелер жағы ақтарыла құшақтасты. Ордабасының төрінде түркістандықтар аналардың иығына ақ орамал жауып, ізгі тілегін арнап жатты.

Осылайша «Шәмші» аллеясы әп-сәтте мәре-сәре, шат-шадыман күйге орана кетті. Бір сәтте ұлан-асыр салтанатты концерт басталды. Екі өңірдің маңдайалды ақындары Аян Ниязбек (Түркістан) пен Мейіржан Жақып (Шымкент) жарасымды жастар айтысын көрсетті. Қос өңірдің әншілері әннен шашу шашса, биден жақұт төкті. Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі “Ыңғайтөк” пен “Көңілашарды” нақышына келтіріп орындады. “Шымкент-Концерт” концерттік ұйымының “Қазына” би ансамблі “Думанды көктем” биін тарту етті.

Мерекеде түркістандықтар шымкенттіктерге «Тайқазан» кәдесыйын сыйласа, шымқалалықтар сый-сыяпатқа толы 4 бірдей қоржынды тарту етті. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, жөн-жоралғы ұлықталған Амал мерекесін қос өңір осылайша енші бөліспей атап өтті.

Ұлттық бірліктің символы – Амал мерекесі

Амал мерекесінде таң атысымен Шымкенттің көшелерінде мерекелік көңіл-күй орнады. Қоғамдық көліктерде дәстүрлі әндер шырқалып, жолаушыларға дәстүрлі музыка мен халық әндері ұсынылса, қаланың қапасы саналатын әуежай мен темір жол вокзалы маңы да ән-жырға бөленді.

Көрісу жоралғысы – Астана алаңында да өтті. Мұнда мәдениет және өнер өкілдері арнайы қойылымдар ұйымдастырып, қала тұрғындарына ізгі тілектерін арнады. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, Өзбек театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Жастар театры, Әл-Фараби атындағы кітапхана және «Шымкент концерт» ұйымының өкілдері қазақ халқының берекелі дәстүрлерін дәріптеп, күннің шырайын ашты.

Қала тұрғындары мен қонақтарының көп жиналатын орындары – сауда орталықтарында да Көрісу рәсімдері өтті.

Қошқар ата сейілі – Шымкентті думанға бөлеген шара

Шымкент – қайнаған тіршілігі мен ерекше дәстүрлерін сақтаған көне шаһар. Қаланың өзіне тән мәдениеті мен салт-дәстүрі бар, соның ішінде жыл сайын көктемнің лебін ала келетін «Қошқар ата сейілі» мерекесі. Бұл – ұлттық рухты жаңғыртып, ата-бабадан мирас болған дәстүрлерді дәріптейтін ерекше күн. Биыл да көне дәстүр жалғасын тауып, мейрам кең көлемде ұйымдастырылды. Қошқар ата өзені жағасында ұйымдастырылған шарада ұлттық құндылықтар насихатталып, мерекелік концерт қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қошқар ата өзені бойына арнайы келіп, құран оқылып, қошқар құрбандыққа шалынды. Сондай-ақ, шаһар басшысы «Тұсаукесер» рәсіміне қатысып, бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақжолтай тілегін арнады. Бұдан кейін қонақтар ұлттық өнерден сыр шертетін «Қош келдің, Көктем!» этно-фольклорлық концертін тамашалады.

Ұлттық тағамдар дайындалып, қонақтар Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм татып, алты қанатты киіз үйлерде құтты қонақ болып жайғасты. Бұдан бөлек, «Құтты қонақ келді, ауылға» бөлімінде қазақтың тұрмыстық-салт дәстүрлерінің жоралғылары көрсетілсе, «Ер қанаты – Тұлпар» алаңында ұлттық қолөнер шеберлері ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Ал «Ақ Дастархан» бөлімінде қазан көтіріліп, жеті түрлі дәмнен Наурыз көже әзірленді. Ақ жаулықты аналарымыз ауылдың дәмі болған таба нанды пісіріп, көпшілікке ұсынды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар ғасырлардан сыр шертетін дәстүрлі егін және аң шаруашылық алаңында ұмыт қалдырмаған. Ол жерде шаруашылықтың дамуы қолөнерлер арқылы көрініс тапты. Ал «Саят құру» алаңында ұлттық спорт түрлерінен «Жекпе-жек» сайыстары өтіп, халқымыздың аңшылық өнері көрсетілді.

Шара барысында Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясының кәсіпкерлері Қошқар ата сейілінде қала тұрғындары мен қонақтарына жүн түту, ою салу, құрақ кесу техникаларын көрсетіп, құрақ тігу, киіз басу, кілем, гобелен тоқу бойынша шеберлік сағаттарын жүргізді. Шеберлік сағатта дайындалған 100-ден аса құрақ сейілге қатысушыларға «Наурыз тарту» етіп таратылды. Бұл шара тұрғындардың отандық өнімге деген қызығушылығын арттыруға және қолөнершілердің шығармашылық әлеуетін көрсетуге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған.

Наурыздың көркі – ән мен жыр

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында қала әкімдігінің қолдауымен «Күміс қалам» және «Күміс көмей» республикалық байқаулары өтті. Поэзия әлеміне қадам басқан жас таланттарды қолдау мақсатында өткізіліп отырған «Күміс қалам» байқауы биыл қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Өтебай Тұрманжанұлының 120 жылдығына арналды.

–«Күміс қалам» – жалаң жарыс емес, руханияттың шырағын жағар әдеби алаң. Байқаудың басты мақсаты – жастар арасындағы поэзияға деген қызығушылықты оятып, олардың шығармашылық әлеуетін ашу. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысты, – дейді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің басшысы, жобаның белгілі айтыскер ақын Біржан Байтуов.

Ал, «Күміс көмей» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы Қазақстанның халық әртістері Үрия Тұрдықұлова мен Жамал Омарованы еске алуға арналды. Байқауға еліміздің әр өңірінен 16 өнерпаз қатысты.

Байқауда сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек:
«Бүгін Шырайлы Шымкент қаласы ән салып тұрғандай көрінеді. Бұл – ата-бабаларымыз арман еткен егемендігіміздің арқасы екендігін ерекше атап өтуіміз керек. Әлемдік музыкада классика деп саналатын қандай әуендер екендігі бәріңізге белгілі. Ал қазақ халқы үшін нағыз классика – дәстүрлі ән. Бүгін сол саф өнердің шырқау биікте самғап тұрғанын көзімізбен көрдік. Бұл байқауды көрген де арманда, көрмеген де арманда», деді.

Үш кезеңнен тұратын ән байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде 1 миллион жүлде қорымен Шымкент қаласының күміс көмей әншісі Оразалы Жаңабайға табысталды.

Ұлттық киім – ұлттың айнасы

Наурыз тойы – ата-бабамыздың бай дәстүрі мен ұлттық мәдениетінің жаңғырып, бірлік пен берекенің жарқырай көрінетін мерейлі кезі. Бұл күндері ақ түйенің қарны жарылып, қала тұрғындары үшін ерекше сезім, ұлттық рух оянып, мәре-сәре күй кешеді.

Шымкенттегі «Көрме орталығында» Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған ұлттық киімдер көрсетілімі де нағыз өнер мен мәдениеттің мерекесі болды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген дизайнерлер қатысып, қазақтың ұлттық киімін заманауи үлгіде ұсынып, жаңаша сипат берді. Бұл сән көрсетіліміне Шымкенттің өзімен қатар, Алматы, Астана, Түркістан қалаларынан келген шеберлер қатысты. Олар күнделікті киюге лайықталған ұлттық нақыштағы киімдерден бастап қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі, кимешек және камзол үлгілерін ұсынды. Әрбір туынды ұлттық дәстүр мен заманауи трендтердің үйлесімін көрсетті.

Көрсетілім барысында күнделікті киюге арналған заманауи үлгідегі камзолдар, жібек матадан тігілген ұзын көйлектер, сәнді бешпенттер ерекше сұранысқа ие болды. Сонымен қатар, жас жұбайларға арналған киім үлгілері де көрерменнің қызығушылығын тудырды. Дизайнерлер дәстүрлі қазақи үлгіні сақтай отырып, оны қазіргі заманғы сән ағымына сай етіп жаңартқаны да орынды көрінді.

P.S.

Иә, Көрісу күнінен басталған Наурыз мерекесі осылайша әлі де жалғасып жатыр. Сейсенбіде Ұлттық киім күні, кеше Жаңару күні аталып өтсе, бүгін – Ұлттық спорт күні. Ал, ертең Ұлыстың Ұлы күнінде Астана алаңында халқымыздың тұрмысы мен салт-дәстүрін дәріптейтін этноауыл жасақталып, шаһардың барлық аудандарында мәдени-бұқаралық іс-шаралар, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен жәрмеңкелер өтеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, осы күндері Шымкенттің аспанында ән мен күй шалықтап, мерекелік көңіл-күй салтанат құрып тұр.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА, Жадыра МҮСІЛІМ,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар