Сарапшылардың айтуынша, инфляциялық қысым әзірге жоғары деңгейде сақталады. Дегенмен, жоғары пайыздық мөлшерлемелердің арқасында теңгедегі депозиттер жинақ құралы ретінде анағұрлым тиімді көрінеді.
Атап айтқанда, Еуразиялық даму банкі орташа жылдық айырбас бағамын 1 доллар үшін 535 теңге деңгейінде болжайды. Ал Қаржыгерлер қауымдастығы мен Халықаралық валюта қоры теңгенің әлсіреуі 560 теңге шегінде болуы мүмкін деп есептейді. Бұл жағдайда қазіргі шамамен 515 теңгеден доллар сатып алып, оны ұзақ мерзімге сақтаудың тиімділігі төмен.
Сарапшылар қазіргі экономикалық жағдайда ең ұтымды нұсқа – теңгедегі депозиттер екенін айтады. Валюталық депозиттердің табыстылығы айтарлықтай төмен.
Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов бұл жөнінде былай дейді:
«Теңгедегі депозиттердің табыстылығы 15-20% аралығында. Ал валюталық депозиттер шамамен 1% ғана береді. Айырмашылық өте үлкен. Девальвациялық тәуекелдердің өзі 10%-дан аспайды. Келесі жылға болжам бойынша айырбас бағамы қазіргі деңгейден 6,3%-ға ғана жоғары. Яғни теңгенің 20%-ға әлсіреуін ешкім күтіп отырған жоқ. Егер жинағыңыз аз болса, оны толықтай депозитте ұстауға болады. Ал қаражат көлемі үлкен болса, әртараптандыру орынды».
Сонымен бірге сарапшылар әмбебап шешім жоқ екенін ескертеді. Әр адамның жинақ көлемі, мақсаты мен тәуекелге дайындығы әртүрлі. Сондықтан қаражатты орналастыру тәсілі де жеке таңдалуы тиіс.
Экономист Марат Абдурахманов нақты активтерге инвестиция салуға кеңес береді.
«Ең дұрыс шешім – материалдық активтерге салым жасау. Тұрақсыз кезеңде инфляция тек теңгеде емес, долларда да, басқа валюталарда да болады. Өткен жылы, шартты түрде айтқанда, екі сиырға инвестиция салғандар депозит пайызынан да көп пайда тапты. Сондықтан адам өзі жақсы білетін, түсінетін салаға ғана қаржы салуы керек», деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы жинақтарды басқаруда теңге, депозиттер және ақылға қонымды әртараптандыру негізгі стратегия ретінде қала береді.
