Редакция таңдауы

Мақсат – халыққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру

Кеше Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті баспасөз конференциясын өткізді. Бұл жолы ресми өкіл тікелей эфир арқылы тұрғындарға шаһардың дамуы, соның ішінде қалалық жайлы ортаны қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде қала аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральдық көшені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 мердігер мекеме санитарлық қызмет көрсетіп, абаттандырады. Бұдан бөлек, шаһарда қазір 12 саябақ бар. Осы саябақтар пен 44 гүлзарды күтіп ұстау жұмыстарын «РСП Эталон» ЖШС-і атқарып отыр. Ал негізгі көшелерді тазалауға мердігерлер тарапынан 2000 жұмысшы және 189 арнайы техника жұмылдырылған. Былтыр қыста қала көшелеріндегі мұз қатуын болдырмау үшін реагенттер қоры 31 594 текше метр құм мен 13 200 тонна тұз жұмсалған екен.

Былтыр күзде Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы қала аумағын көркейту мақсатында 108 орынға 220 741 дана көпжылдық раушан гүлін еккен. Бұл гүлдер биыл мамыр айынан бастап гүлдей бастайды. Сондай-ақ 40 мың шаршы метр аумаққа 1,3 млн дана қызғалдақ отырғызылған. Соның ішінде 700 мың дана қызғалдақ демеушілер есебінен егіліпті. Ал қызғалдақ гүлдеуі аяқталғаннан кейін сол аумақтарға әртүрлі біржылдық гүлдер отырғызылады. Себебі қызғалдақтардың ғұмыры қысқа. Сол үшін оның артынан бір жылдық гүлдер отырғызылатын болады. Ресми өкілдің сөзінше, экономикалық жағынан алған кезде шаһар үшін көп жылдық роза гүлдерін отырғызу әлдеқайда тиімді. Дегенмен шаһардың шырайы қызғалдақтар екені ескеріліп, қала символы және ресми логотипі қызғалдақ екенін есепке алынғандықтан, гүл егу жұмысы ары қарай жалғасын табады. Мәселен биыл да ұзындығы 54,2 шақырымдық 24 магистралды көшеде көгалдандыру, яғни газон мен суғару жүйесін жаңарту жұмысы жүргізілмек. Сондай-ақ, «Абай», «Металлург», «Алатау» саябақтарында 123 млн теңгеге балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр. Бұған қатысты қазір мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпазы анықталған.

Бұдан бөлек, микроклимат құруға қатысты жұмыстарға тоқталған Сәрсен Абайұлы Қаратау ауданы, «БМК» каналынан 250 л/сек ағын су алынып, «Шымкент» каналы арқылы «Жаңа шек» каналымен Аймауытов, Ақпан батыр, Қазыбек би, Дулати, Толстой, Иляев, Адырбеков, Тауке хан, Желтоқсан, Бейбітшілік, Колхозная, Асқаров, Темірлан тас жолы көшелерінің жиегі арқылы су жіберілетінін жеткізді. Биыл Шымкент каналы арқылы су жіберу жоспарланған.

Сондай-ақ, ол «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ағаш бұта тұқымдарын алмастыру мақсатында көшет түрлері 214-тен 251-ге дейін ұлғаяды. Ағаш-бұта тұқым түрлерін өсіретін болсақ, дендросаябақтың гендік қоры 383 түрге жеткізіледі. 2025 жылы 132 ағаш-бұта тұқым түрлерін өсіру жоспарда бар. Осылайша Дендрологиялық саябақтың гендік қоры 383 түрге жеткізіледі. Жоспар — 560 ағаш-бұта тұқым түрлерге жеткізу. Саябақта қазір 74 мыңнан астам ағаш бар. Осының барлығы жоспарлы түрде толыққанды жүзеге асырылатын болады», деді.

Бұдан кейін ресми өкіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қала аумағындағы жүзеге асырылу барысын баяндады. Оның сөзінше, акция басталғаннан бері шаһарда 317 мыңға жуық адам, 2 301 өндірістік және кәсіпкерлік, 687 әлеуметтік нысан қатысып, 10 145 бірлік техника жұмылдырылған. 24 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, былтыр 200 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылған. Биыл да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып, наурыз айынан бастап жыл соңына дейін апта сайын жалпыға бірдей сенбілік жұмыстары өткізілмек. Осы жұмыстарға күнделікті 2000-нан аса жұмысшы, 150 арнайы техника жұмылдырылады.

Осы қоғамдық жұмысқа бүгінде қала тұрғындары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мекеме қызметкерлері және ерікті жастар белсене атсалысып жатқанын айтқан ол: «Жоспарға сәйкес, биыл қала аумағында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында ауқымды «Таза аула», World clean-up day сияқты тазалық іс-шараларын өткізу, 220 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызу, 24 көшені көгалдандыру жоспарланған. Қала тұрғындарының тазалыққа қатысты ұсынысы мен шағымын қабылдайтын телеграм желісіндегі TazaQazBot платформасы іске қосылғаннан бастап бүгінге дейін жалпы саны 212 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 164 өтінімге қатысты тиісті жұмыстар толық орындалып, 8 өтінім бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың нақты мәселелерді көрсетпеуі немесе мекенжайларды белгілемеуі себебінен 40 өтінімнен бас тартылды», – деді.

Айта кететін жайт, акция аясында отырғызылған ағаштардың дені Президент тапсырмасына сәйкес, қала сыртындағы жасыл белдеу аймағына отырғызылады. Өйткені үлкен қалаларда әртүрлі өндірістік орындар бар. Мәселен, биыл тағы да 220 мың көшет бөлінсе, соның ішінде 200 мыңнан астамы осы жасыл белдеу аймағына отырғызылады.

Ал қазір қалада Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты жалпы ұзындығы 339,1 шақырымды құрайтын 34 канал және 2 өзен бар. Осы каналдар мен өзендерді күтіп ұстау жұмыстарымен «Телқоңыр» ЖШС-і айналысады. Былтыр «Бадам» өзеніне тиесілі Еңбекші ауданы Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас тұрғын алабтары, Абай, Тұран аудандарындағы 3 учаскеде арнаны түзету және нығайту жұмыстары атқарылды. Тұрғындардың өтінішімен қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, демеушілер есебінен Маятас тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпір және ойын алаңшасы салынса, Қызылжар тұрғын алабында аспалы көпір салынып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа «Бадам» өзенінің ең қауіпті 9 шақырымының монолитті темірбетон беткейлері жаңарған. Биыл «Бадам» өзенінің қауіпті саналатын Абай, Тұран аудандары аумағындағы ұзындығы 6,7 шақырымға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, «Қошқар-ата» өзенінің жағалауын абаттандыруда жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сондай-ақ, Сәрсен Құранбек Нұрсәт шағын ауданындағы нөсер суы салдарынан көшелердің су басуы жиі көтерілетін мәселе екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Кәусар көшесі жанынан ирригациялық лоток салынады. Сонымен бірге Забадам шағын ауданы аумағындағы «Ақсай-Қарабастау» каналын, Ақжар су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланып отыр.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар