Шымкент қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға шаһардағы үш жүзге жуық жұмыс берушілер қатысты. Ал олардың ұсынып отырған жұмыс орындарына қызығушылық білдіргендердің де қатары қалың. Ең маңыздысы, жәрмеңкеге келген кез келген жастағы тұрғын мемлекеттік бағдарлама аясында өз мүмкіндігі мен айлығына қарап жұмыс таңдауына да мол мүмкіндік алып отыр.
Еңбек мобилділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаевтың айтуынша, жәрмеңке Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысымен ұйымдастырылған. «Жәрмеңкеге 283 мекемеден 1230 тұрақты жұмыс орны ұсынылып отыр. Бұған қосымша 1400 мекемеден 2500 жуық бос жұмыс орны ұсынылады. Сондай-ақ уақытша жұмыс орындары бар. Бұл дегеніміз мемлекет тарапынан субсидия алатын жұмыс орындары. Сның ішінде «Қоғамдық жұмыс орындары», «Күміс жас» және «Жастар практикасы» жобасы бар. Осындай алты бағдарламаға сәйкес ұсынылатын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі биыл екінші рет өткізіліп жатыр. Біріншісі, ақпан айында өткізілген. Сол жәрмеңкеде 200-ге жуық адам жұмысқа жолдама алған болатын», дейді ол. Сонымен бірге ол басқа облыстан қоныс аударған тұрғындарға да түрлі ұсыныс жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Бүгінде «Шымкент цирк» мекемесіне дәрігерлер қажет. Алайда мұндағы терапевтердің жиырма бес жылдық жұмыс өтілі болуға тиіс. Өйткені әртістер әртүрлі қимыл жасап жатқан кезде денсаулығы сыр беріп, жарақат алып қалуы мүмкін. Сол кезде алғашқы көмекті мекеменің білікті дәрігерлері жасау міндеттеледі екен. Ал мекемеде зоотехник мамандары қат. Олардың жұмысы сол, жан-жануарлардың тамағын уақытылы реттеп, жем-шөптерін есеппен беріп отыруға тиіс болады. Бірақ мекеме өкілдері осы мамандыққа бос жұмыс орындарына тек Алматы қаласында оқу бітірген мамандарды сұратып отыр. Сол себепті бұл жұмысқа маман таңдау қиындық тудырып жатады. Сондай-ақ цирк әртістерінің де бос орындары бар. Бұл орынға талантты, өз ісіне жауапты, секіретін, ұшатын нөмірлерді орындайтын жасы отыз бес жасқа дейінгі өнер иелері қабылданады. Мұндағы жұмысшы мамандарының барлығы таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Соның ішінде дәрігердің айлығы жүз отыз, зоотехник жүз қырық алса, цирк әртісінің қолына отыз бес пайызын қосқанда жүз сексен мың айлық алады.
Ал қаладағы екінші ауруханада бейінді дәрігерлер мен медбикелерге, тазалықшылар тапшы. Сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесінің дәрігер мамандарының көптеген орны бос тұр. Бүгін жәрмеңкеде жұмыс іздегендердің көбі осы мекеменің ұсынған орындарына қызығушылық танытқан. Көбінесе тазалықшы мен электриктер ауруханада жұмыс істегісі келетіндерін жеткізді. Алайда науқаспен тікелей қарым-қатынас жасайтын болғандықтан мұндағы мамандар жұмыс орнында ұзақ қалмайды екен. Оның үстіне жұмыс іздеп келушілер айлық пен жұмыстың ауырлығына шыдамайды. Ауруханада ұзақ жұмыс істейтіндердің дені орта жастағы әйел адамдар екенін аурухана өкілі де мойындап отыр.
Ал қаладағы «Балпанай» бөбекжай балабақшасына тәрбиешілер аса қажет. Сондай-ақ, мекемеде музыканттардың да орны бос тұр. Балабақша өкілінің сөзінше, тәрбиешілерге қолға ұсынылатын айлық тоқсан мың. Мұнда «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Қоғамдық практика» бағдарламасына сәйкес жұмысқа тұрғысы келетіндердің көптігін байқадық. Қоғамдағы жұмыссыздықты жою мақсатында ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің артықшылығы көп. Өйткені мұнда жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандарды тапса, жұмыс іздеушілер екі қолға бір күрек табуға тамаша мүмкіндік.
Жадыра МҮСІЛІМ