Көктемнің басталуымен ұйқыдан оянған барлық тіршілік иелері белсенді өмір сүре бастайды. Әр ауланы, іргелес аумақты және үй шаруашылығын тазалап, қоқыстан тазарту қажет.
Кене маусымы көктемнен күзге дейін созылатыны белгілі.
Кене буынаяқтылар класына жатады, сырт пішіні кішкентай қоңызға ұқсайды, денесінің ұзындығы небәрі 4 мм, 4 жұп аяғы бар. Өте ұсақ болғандықтан, адамға арнайы құрылғыларсыз басы мен сорғышын көру өте қиын. Кененің көзі жоқ, иіс сезуі жақсы дамығандықтан, жәбірленушіні 10 метр қашықтықтан сезеді. Еркек кененің денесі ұрғашысына қарағанда кішірек. Ұрғашы кененің өлшемі 2 см-ге дейін жетеді, ол өз салмағынан 10 есе көп қан ішуге қабілетті. Аш иксодидті кененің салмағы 2-15 мг-ға дейін болса, қан сорғаннан кейінгі салмағы 200-1200 мг-ға дейін жетеді. Бір рет жабысқан кезінде кене 1000 мг-ға дейін қан сорып алады. Аш кененің өлшемі 4 мм-ден аспайды, ал қан сорып, тойынған кене 3 см-ге жетіп, жүгерінің тұқымына ұқсас болады. Қан сорғаннан кейін кене өсіп, көбейеді. Кенелер қан сорып, ұрпақтарын қалдырады.
Кене жерден 50 см-ден жоғары көтерілмейді. Олар шөпте немесе бұталы аймақта жылықандыны күтеді, олар 20 метр қашықтықта жылықандылардан инфрақызыл сәулелерді сезінеді. Жылықандыға жақындағанда, ол алдыңғы аяқтарын көтеріп, жабысып тез жорғалайды. Кенелердің аяқтарынан анестезиялық сұйықтық бөлінетіндіктен, адам денесіндегі өрмелеуді сезінбейді. Паразит жәбірленушінің денесін аралап, өзі үшін ең ыңғайлы жерді таңдайды (көбінесе іш, мойын, құлақ, қолтық аймақтары). Мұндай орынды тапқаннан кейін паразит теріге еніп, оны сорғышымен тесіп, қанды сорады. Кене бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін қан сорады, содан кейін ол түсіп қалады. Ал, ұрғашылар жәбірленушінің денесінде ұзағырақ болады. Егер адамның аллергиясы болмаса, адам денесіндегі кене шаққан орын 1 см кішкентай қызыл дақ түрінде қалады.
Жәбірленушінің жағдайы шағу саны мен денесіне байланысты болады. Ауыр аллергиясы бар қарттар, балалардың төзуі қиын. Алғашқы белгілер 2-3 сағаттан кейін терінің қызаруы, қышуы, дене температурасының жоғарылауы, бас ауруы, терідегі бөртпелердің пайда болуы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік сезімі түрінде көрінеді.
Кененің шағуы адамдар үшін қауіпті, өйткені олар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті, Лайма ауруы, Боррелиоз деп аталатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың тікелей қоздырғышы. Шаққан кененің жұқпалы ауруды тасымалдаушы екенін өз бетінше анықтау мүмкін емес. Кененің сыртқы түрі мен түсі оның жұқтырғанына немесе жұқтырмағанына байланысты емес.
Егер адамның үстінде кене жорғаласа, оны дереу қағып тастау керек. Егер кене жабысып, қан сорса, оны мүмкіндігінше тезірек алып тастау керек және оны басып, езуге болмайды. Буынаяқтылар жылықандыға қатты жабысады, өйткені паразиттің сілекейінің нығайтқыш әсері бар. Кененің сорғышы тері астына терең енеді, сондықтан кенені алуда өте мұқият болу керек. Сағат тілінің бағытына қарсы айналдырып, ақырын қимылмен, бұранданы бұрап алғандай, пинцет немесе жіппен теріден шығарады. Кененің басы қалып қоймауын мұқият қадағалау керек. Кененің басын сорғышымен тері бетіне жақын жерін жіппен байлап, жеңіл қозғалтумен шығарады. Алғаннан кейін кененің тұтастығына көз жеткізіп, оны инфекцияларға зерттеу және диагностикалау мақсатында зертханаға тірі жеткізу үшін мақта немесе шөптермен ыдысқа салып тапсырады. Теріде кене тістеген орында кішкентай жара қалады, егер кене жұқпалы ауруды тасымалдаушы болмаса, жәбірленуші тез сауығып кетеді. Жараны антисептикпен емдеу керек. Егер аллергия белгілері байқалса, тістеген жердің қатты қызаруы және ісінуі мүмкін. Мұндай жағдайда тез арада жәбірленушіге аллергияға қарсы дәрі беру керек.
Адамдар көбінесе кенені теріден маймен, керосинмен, бензинмен және басқа сұйықтықтармен өздігінен шығаруға кеңес береді. Мұндай әрекет қате, себебі бұл жағдайда кене тері астына одан да тереңірек енуге тырысады. Мұндай тәсілмен алынған кенені зертханада зерттеуге болмайды.
Егер кененің басы абайсызда терінің астында қалып қойса, инені спиртпен немесе отта дезинфекциялап терідегі қалдықты алып тастау керек. Терідегі кененің қалдығы ештеңе етпейді деген немқұрайдылыққа салуға болмайды. Өйткені тері кененің қалдығынан іріңдеп, қабынады.
Кене шағудың алдын алу үшін, әдетте орманға немесе табиғатқа демалуға барудан алдын кене кіре алмайтындай, дененің көп бөлігін қорғайтын, аяқ пен қол білектерін жабатын киім кию ұсынылады. Басына қалпақ немесе басқа бас киім қажет. Кенелер оңай көрінуі үшін киімнің ашық және бір түсті болғаны жақсы.
Табиғатқа демалуға баратын кезде кенелерге қарсы репеллентті қолдану керек. Серуендеуден кейін әр адам бірін-бірі денесінде кененің жоқтығын қарап-тексеру керек.
Кене шаққан жағдайда уақтылы медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Шымкент қаласы
СЭБД басшысы Сермаңизов Талғат Құттыбайұлы