Редакция таңдауы

Педикулез ауруының алдын алу

Педикулез – адам денесінде оның қанымен қоректенетін паразиттердің (биттер) болуымен жүретін паразиттік аурушаңдық.

Педикулез ауруының таралуына көп жағдайда әлеуметтік факторлардың маңызы әсер етеді. Битті жұқтыру қарым-қатынас кезінде, ұжымда, балалар мекемесінде, қоғамдық көлік ішінде, жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда, яғни киім-кешек пен төсек орындарын, тарақты ортақ пайдаланған жағдайда жұғады.

Бит денені қышытып мазасыздандыруымен қатар, терінің әртүрлі іріңді ауруларының пайда болу қаупін тудырады және аса қауіпті жұқпалы аурулардың (бөртпе, сүзек) қоздырғыштарын таратады.

Биттің 3 түрде кездеседі: шашта, шапта, киімде.

1. Бастағы биттер. Адамнан адамға тікелей қатынас арқылы немесе киім, тарақ, орамалды (сүлгі) ортақ пайдаланғанда беріледі. Бас биті 40 күнге дейін өмір сүреді. Жұмыртқасы сұр, ақ түсті, шашқа жабысып орналасады. Шаштан бөлек қаста, мұртта кездеседі. Бит шаққан кезде сілекейіндегі ферменттер қатты қышуды шақырады.

2. Шаптағы биттер. Негізінен шаптың аймағына орналасады. Кейде бит терінің шашты бөліктеріне, кеуде, іш, сан, қолтық астына, қасқа, кірпікке таралуы мүмкін.

3. Киім биттері бастың битінен үлкенірек, олар көйлектің, іш киімнің қатпарларында, тігістерінде орналасады. Қанмен қоректенеді, биттің шағуы қатты қышынуды шақырып мойын, жауырын, белдің тері қабаттарын зақымдайды. Ұзақ уақытқа созылған педикулез терінің құрғауына, түлеуіне, қалыңдауына және кір-сұр пигментацияның, тыртықтың дамуына әкеледі.

Инкубациялық кезең 6-12 күнді құрайды. Тістелген жер сілекей безінің секрециясымен қосылып қышыну сезімін шақырады. Қышынудың үдемелілігі қасыну орындары, қабынудың таралуымен және жара, қабыршақ, терінің түлеуімен көрінеді.

Педикулездің алдын алу іс-шаралары:
— жеке бас гигиенасын сақтау;
— шашты жиі және күнделікті тарау;
— денені ыстық сумен және сабынмен үнемі жуу, іш киімді ауыстыру;
— киімді жоғары температурада жуу;
— сыртқы киімді, төсек-орын жабдықтарын жүйелі түрде тазалау және оларды таза ұстау;
— киім мен төсек-орындарды үтіктеу;
— төсек жабдықтарын уақтылы (аптасына кемінде 1 рет) ауыстыру;
— жеке төсек-орын жабдықтарын, киімдерін және жеке гигиена заттарын пайдалану;
— бассейнде шашты қорғау үшін арнайы бас киімді пайдалану.
Тазалық – денсаулық кепілі!

Шымкент қаласы
СЭБД басшысы Сермаңизов Талғат Құттыбайұлы

Соңғы жаңалықтар