Редакция таңдауы

Бұхарбай парманов – қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің ІV шақырылымдағы 1-ші отырысы өтті. Алғашқы жиында жаңа мүшелерге куәлік және төсбелгі табысталып, Кеңестің ережесі бекітілді.

 Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы  Бахадыр Нарымбетов жаңа құрамның жұмысына сәттілік тілеп, төсбелгілерді табыс етті. Мәслихат төрағасы азаматтардың 70 пайыздан астамы Кеңеске бірінші рет кіріп отырғанын атап өтті.
– Жаңадан құрылған Қоғамдық кеңес құрамында үшінші шақырылымнан қалған азаматтар да бар. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өздеріңізбен әрі қарай үйлесімді жұмыс істеуге септігін тигізеді деп білеміз. Қазір өте жауапты кезең. Қала қарқынды дамып келеді. Осындай кезеңде сіздерге халықтың үнін, пікірін, халыққа қолайлы шешімдерді жоғарыға жеткізе білуде зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жемісті жұмыс жасаңыздар. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді мәслихат төрағасы.
Кеңестің жаңа құрамын қалыптастыруда комиссия өз жұмысын тиянақты атқарды. Жаңа кеңестің құрамына 29 азамат кірді. Оның ішінде, 12-і азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет, білім, медицина саласынан – 6 адам, кәсіпкерлік саласынан – 7 адам, 2 заңгер, 2 журналист тізімге енген.
Жиында кеңес мүшелері жаңа төраға лауазымына жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызмет атқарған Бұхарбай Пармановты ұсынды. Көпшіліктің дауысымен Бұхарбай Рысқұлұлы ІV шақырылымдағы Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ, жиын соңында Қоғамдық кеңестің ережесі бекітілді.
Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар