Редакция таңдауы

Qamqor – баспаналы боламын дегендерге зор қолдау

Өткен жылы Шымкентте тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде  өңірлік Qamqor бағдарламасы іске қосылған еді. Оның аясында түрлі саланың өкілдері, жалпы 150 отбасы баспаналы болды. Бағдарламаны қолдау бағытында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы көп отбасылардың пәтерлі болуына септігін тигізіп жатыр.

Жаңа бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, ЖОО және колледж оқытушылары, мәдениет, спорт саласы қызметкерлері, шығармашылық одақтың мүшелері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, ТЖМ қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады.

Шымкент қаласының тұрғындарына арналған «Qamqor» өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінім беру биыл 30 қыркүйектен басталған болатын.  Қабылдау 28 қарашаға дейін жалғасады.

«Qamqor» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының басталуы, шарттары жөніндегі баспасөз брифингінде Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Төлебаев, «Отбасы Банкі» АҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев толығырақ баяндап өтті. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биылға «Қамқор» өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд, Отбасы банкінен 3 млрд, жалпы 8 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 3 млрд теңге бөлініп, 150 отбасы баспаналы болды.

Жұмыс істейтін тұрғындардың өңірлік бағдарлама бойынша жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алу мүмкіндігі бар. Берілетін заемның ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Кредит мөлшерлемесі 6 пайыз, алғашқы жарна 10 пайыз.

– Бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексеріледі. Қатысушының жасы өтінім берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына қатысушының жасы, некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы, Отбасы банкіндегі депозиті әсер етеді, – дейді Еркін Бақытбекұлы.

Қазіргі таңда 2200-ден астам өтінім қабылданыпты. Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Яғни, бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жояды әрі ұпай санау уақытын айтарлықтай қысқартады. Қатысушылар пулына ең көп ұпай жинаған 400 адам кіреді.

Сонымен, биыл да қала тұрғындарына арналған тиімді бағдарлама бойынша 400-ден астам адам баспанаға қол жеткізбек.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар