Редакция таңдауы

Академиялық музыканың қос асқары немесе композиторлардың анасымен сыр-сұхбат

«Әндеріміздің қазақы бояуы солғындағаны рас. Көбі түріктің немесе өзбектің әуеніне ұқсайды. Олардың дені ырғақты, билеуге ыңғайлы. Кейде радио-телевидениеден рейтингі жоғары деп осындай жеңіл-желпі әуендер орындалады. Сазы мен сөзі үндескен ұлттық әніміз тасада қалды. Түсінген адамға ән деген – идеология. Біздің алдымыздағы ағаларымыздың қазақылығы мықты болды. Олар сөздің дәмін сезетін. Айталық, Шәмші ағамыздың әндері ғана емес, сөздері де қандай, төгіліп тұр. Жаһанданудың әсері ме, бізге де әлемдік музыканың жақсысы да, жаманы да келіп жатыр. Соның ішінен бағалысын таңдауға да талғам қажет».

Бұл Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Шымкент қаласынан түлеп ұшқан үлкен өнер иесі – Серікжан Құттымбетұлы Әбдінұровтың осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан оймақтай ойы екен. Мынау жаһандану дәуірінде қазақ музыка өнерінің өзіндік өрнегін сақтап қалып, оның мәртебесін биіктету жолында еңбек етіп жүрген осындай азаматтың біздің жерлесіміз екенін біреу білсе, екеу білмейтіні анық.

Иә, академиялық музыкада қазір қазақтың маңдайына біткен санаулы ғана композиторларымыз бар. Солардың қатарында Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың алар орны ерекше. Бұл ағайынды сазгерлердің анасы Рая Әбдінұрова бүгінде Шымкент қаласы Нұрсәт шағынауданында тұрып жатыр. Орайы келгенде Рая апаны біз де әңгімеге тартқан едік.

– Серікжанды алғаш рет музыкаға баулыған әкесі Құттымбет еді. Ол кісі өнерге ерекше құштар болды. Кейде балаларымыздың елге белгілі композитор болғаны оның орындалмай кеткен арманы шығар деп ойлаймын. Жолдасым Ташкенттегі политехникалық институтта оқыды. Өзінің айтуынша, оқуға бара жатқанда консерваторияның жанынан өтеді екен. Сол ғимараттың терезесінен сыртқа шығып жатқан әуезді үнді естігенде өзге әлемнің ішіне қалай еніп кеткенін білмей, сабағынан қалып қоятын болыпты.

Біз шаңырақ көтергеннен кейін Төлеби ауданы Ақбастау ауылында тұрдық. Мен сондағы емханада акушер, ал ол кісі Цемент зауыттың тау-кен цехында инженер болып жұмыс істеді. Әкемнің үйінде баян болатын. Бір барғанымызда әкем оны бізге беріп жіберді. Серікжан әлгіні күндіз-түні қолынан тастамай шиқылдатып тартып отырып, үйреніп алды. Бұл кезде екінші сыныпта оқитын. Ауылымыздағы жалғыз балабақшада концерт қойып, бәрін таң-тамаша қалдырды. Ұлымның музыкадағы алғашқы қадамы осылай басталған еді.

Содан бір күні «Рая, біз балаларымыздың болашағы үшін қалаға көшуіміз керек» деді. Көп ұзамай Шымкентке қоныс аудардық. Әуелі тұңғышымыз Айжанды өзіміз тұратын көпқабатты үйдің төменгі қабатында орналасқан музыкалық студияға бердік. Оған фортепиано сатып әпердік. Одан кейін дүниеге келген төрт ұлымның ішінде Серікжан өнерге жақын болған соң оны музыкалық мектепке апардық. Әкелері олардың барлығының да шығармашылықпен айналысқанын қалады. Ол үшін балалардың әрқайсысында жеке бөлме болуы керек дейтін. Және сондай жағдай жасауға тырысты, – дейді Рая апа.

Сонда қарап отырсақ, бұл отбасыда музыкамен кәсіби тұрғыда айналысқан үш адам болды. Айжан апай бухгалтерлік саланы таңдап, сол бағыт бойынша кеткеннен кейін музыкадан біржола қол үзіпті. Кішкентайынан өнерге жаны жақын болған Серікжан аға музыкалық мектепті бітіргеннен соң 1983 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға оқуға түседі. Сол жерде Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құдыс Қожамияров, Еркеғали Рахмадиев және Төлеген Мұхамеджанов секілді бірегей тұлғалардан тәлім алып, олардың шапағатын көрді. Солардың ішінде Төлеген Мұхамеджанов Серікжан ағаның шығармашылық тұрғыдан дамуына өзінің үлесін қосып, ағалық қамқорлығын танытқан тұлғалардың бірі болыпты.

– Серікжан оқуын аяқтап келгеннен кейін Шымкенттегі музыкалық колледжде, одан кейін мәдениет институтында жұмыс істеді. Алайда, бұл жоғары оқу орны жабылғаннан кейін ол Астана қаласына қарай бет алды. Оның мұндай шешім қабылдауына қызым Айжан түрткі болды. «Астана – жас қала, сен сонымен бірге өсетін боласың» деп кеңес берді. Ол кезде Төлеген Мұхамеджанов қала әкімінің орынбасары еді. Ақмоланың атауы енді ғана Астана болып өзгертіліп, енді ғана Елорда ретінде қалыптаса бастаған-ды. Серікжанның бұл ұмтылысын ұстазы Төлеген Мұхамеджанов қуана құптайды. Міне, содан бері 25 жыл болды. Серікжан Астанада тұрып жатыр. Бұл қала Серікжанның екінші тынысын ашты. Ұлымның қанаты кеңге жайылып, республикалық және әлемдік деңгейдегі байқаулардың лауреаты атанды.

Серікжан студент кезден бастап өзінің жеке туындыларын жазып, танылды. 1987 жылы Мәскеудегі консерваторияда бүкілодақтық композиторлардың конкурсы өтті. Ұстазы Құдыс Қожамияров сол сайыста қазылар алқасының мүшесі болуға шақырылған екен. Содан ол кісі шәкірттерінің барлығының шығармаларын алып кетіпті. Ол кезде Серікжан екінші курста оқитын. Оның Естайдың «Құсни Қорлан» әнін дауыс пен фортепианоға лайықтап жазған шығармасы бірінші орын алып, бәрімізді қуантты. Содан кейін арада бір жыл өткенде «Жігер-88» республикалық жастар фестивалінде үзік атанды.

Серікжаным бала болып далада ойнаған емес. Ол бар уақытын фортепианоның алдында өткізетін. Шымкентке келгеннен кейін 5-6 отбасы жақын араласып тұрдық. Достарымызбен кейде таңды таңға ұрып әңгімелесетін едік. Сонда Серікжаным есіктен сығалап, мені қол бұлғап оңаша шақырып алып, «Қонақтар қашан қайтады? Мен дайындалуым керек» деп жүретін. Бүгінде өзі ата атанатын жасқа келсе де осы көрініс менің көз алдымда кешегідей қалып қойды, – дейді Рая апа.

Қазір Серікжан ағаның 350-ге жуық шығармасы бар. Оның музыкаға жан-тәнімен берілгені соншалық, ол музыканың барлық жанрын терең зерттеп, қамтыған. Шығармашылық қоржыны «Арыстанбаб», «Жер-Ана», «Мәңгілік күй», «Қожа Ахмет Иассауи», «Түркілер шеруі», «Ататүрік», «Фараб-Отырар», «Баласағұн», «Бозінген»,  «Қыпшақтар»,  «Балбал» секілді қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты болған шығармаларға бай. Композитордың інісі Әлібимен бірге жазған тарихи опералары мен «Көкбөрі» деп аталатын балеті біздің ұлттық жауһарларымызға айналып келеді. Елордаға тарту ретінде «өмірге келген» «Махаббатым менің» деген туындысымен қатар «Бақорда» деген мюзиклін де қалың көрермен жылы қабылдады. Ол бүгінде бірнеше симфонияның авторы. Сонымен қатар, балаларға арнап музыкалық шығармалар жазатын аздың бірі.

Жалпы, басқа өнер иелерінен композиторлардың болмысы бөлек, олар оңаша отырып, шығарма жазғанды ұнатады. Ырду-дырдудан бойын аулақ ұстайды. Содан да болар олардың қоғамда үні көп шыға қоймайды. Бірақ, бұл композиторлар ұлт руханияты үшін, қазақ өнерінің өркен жаюы үшін еңбек етіп жатқан жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, Серікжан Құттымбетұлы биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы. Ағамыз бұған дейін осы қоғамдық ұйымның Астана қалалық филиалына оншақты жыл жетекшілік жасаған екен. Одақ осыдан екі-үш жыл бұрын елордаға көшіп барғалы республикалық ұйымның жұмысын басқарып келеді.

Композиторлар одағы – қазақ кәсіби музыкасының тұрақтап дамуына арқау болып келе жатқан бірден бір ұйым. Тарихы еліміз бен халқымыздың өмірімен тығыз байланысты. Барлық қазақ музыкасының нотаға түсіріліп, сақталуы — осы ұйымның істеген ісі. Сондықтан бұл мерейтой — барлық классикалық қазақ музыкасының мерейтойы болып саналады. Классикалық музыка, басқа музыка жанрларына қарағанда бәсекеге қабілетті, сондықтан да оның өмірі мәңгілік бола бермек.

Одақ Астанаға көшіп барғалы да Серікжан ағаның жетекшілігімен біраз жұмыс істелген. Мәселен, екі-үш жыл бұрын көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 115 жыл толуына орай бірқатар іс-шара өткізілген. Одан бөлек Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толуына байланысты Талдықорғанда Қазақстан Композиторлар одағының республикалық фестивалі өтіпті. Сондай-ақ, Астанада композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына «Астана Опера» театрында «Жұбановтар әлемі» атты мазмұнды кеш ұйымдастырылса, Алматыда композитор Кенжебек Күмісбековтің 95 жылдығына арналған үлкен концерт өткен. Міне, осындай іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр екен.

Серікжан аға ұстаздық етуден де еш жалыққан емес. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын колледжде шәкірт тәрбиелеуден бастады. 1999 жылы Елордаға қоныс аударғаннан бүгінгі уақытқа дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ композиторларға дәріс беріп келеді. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің барлық аймағында еңбек етіп жүр. Олар да ұстаздары секілді республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары екенін мақтанышпен айта кетуге болады.

Дей тұрғанмен, Серікжан ағаның өмірдегі ең үлкен жобасы, ол – туған інісі Әліби екенін естен шығармаған абзал. Әлібиді студент кезінен қамқорлығына алып, өзі тәриелеп, өсірді.

– Серікжан әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғанда Әлібиім мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қарадомалақ бала еді. Әскерден бізге «Әлібиді музыкалық мектепке беріңдер. Мен әскерден келгеннен кейін оны өзіммен бірге Алматыға алып кетемін» деп хат жазды. Және дәл солай болды. Серікжан әскерге бірінші курс студенті кезінде кетті. Келгеннен кейін оқуын екінші курстан жалғастырды. Әліби Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектепке ауысты.

Бүгінде екеуміз оңаша әңгімелесе қалсақ: «Мама, мен сол кезде қандай батыл болғанмын. Кішкентай Әлібиді сіздің қойныңыздан жұлып алып сонау Алматыға алып кеттім ғой. Апта сайын интернаттан жатақханаға алып келіп, тамақтандырып, киімдерін жуатынмын, сабағын қадағалайтынмын. Қазір маған біреу «баламды тәрбиеле» десе ойланатын едім» дейді.

Өздеріңіз көріп жүрсіздер ғой, қазір кенжем Әліби ағасы Серікжанның өкшесін алып қалды. Екеуі бір оқу ғимаратында, бір кафедрада жұмыс істейді. Әлібидің де жетістіктері көп. Жақында ол Сәкен Сейфуллинге арнап опера жазды. Перзенттерімнің өмірде осындай жетістікке жеткені мен үшін үлкен бақыт. Серікжаннан кейін дүниеге келген Берік құқық қорғау саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Ал, Мәлік Шымкент қаласы әкімдігінде лауазымды қызмет атқарады, — деп әңгімесін аяқтады Рая апа.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар