Шымкент қаласындағы аумағы, халық саны жағынан ең үлкен Әл-Фараби ауданы бүгінде өндірісі өркендеген өңірлердің қатарында. Бүгінгі күні аудан аумағында 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. Инфрақұрылым жүйесіне кіретін ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Аудан әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аудан әкімдігі тарапынан 66 балалар ойын алаңшасы, 4 ашық спорт алаңшасы, 3 аумаққа гүлзар және 114 камера орнатылады.
Аудан аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру және балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 1 млрд 717 млн 971 мың теңге қаржы қаралған. Халық қатысатын бюджет жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында 78,3 пайызға, 2025-2026 жылы 100 пайызға жетуді жоспарлаудамыз, – дейді Рашид Мамытұлы.
Аудан әкімінің тұрғындарымен кездесуінде көтерілетін мәселелердің бірі – көшелердің толықтай жарықшаммен қамтылуы. Қазіргі таңда Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан аудан аумағындағы 118 көшеге жарықшам бағаналары орнатылып, шамдар іске қосылған. Сондай-ақ, аталған басқармаға қосымша демеушілер есебінен түнгі жарықшам бағаналарын орнатуға 50 көше ұсынылған. Бүгінге дейін 22 көшеде жарық орнатылып, қалған көшелердегі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.
Ағымдағы жылы жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу мақсатында 32 көшеге асфальт қабатын салу жұмыстары жүргізілген. Яғни, орталықтағы 19 көшенің асфальт қабаты жаңартылған. Жалпы, 2024 жылға асфальтталған 366 көше, 94 пайызды құрайды. Тұрғындар қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Ауданда 41 (13 271м2) ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқ жол салу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігін көруде. Қазіргі таңда, 26 мекен-жайда аяқжол салынған, жұмыстар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта тұрғындардың талап-тілегі бойынша, жоспарлы кесте жалғасады, дейді аудан әкімі.
Қаланы көріктендіру, тұрғындарға жағымды көңіл күй сыйлау мақсатында 16 көпқабатты үйдің қасбеті жарықтандырылып, 8 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетіне мурал салынған. Қазақ дәстүріне сай ұлттық өнер туындылары тұрғын-үйлердің қасбеттерінде көрініс тапқан. Осы жұмыстар арқылы қала қонақтары да, туристер де өздерінің оң көзқарастарын білдіруде. Аудан әкімі аппараты ұлттық құндылықты сақтай отырып, қаланың көркеюіне үлес қосуды осылай мақсат етіпті. Қыстың көзі қырауда кейбір көшелерде су басып, құбырлардың жарылып жатқанын көреміз. Бұның себебі – уақытында ирригациялық арық жүйелерінің тазаланбауынан.
– Әл-Фараби ауданында ирригация жүйесі орнатылған жалпы 190 көше 173,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде басты 109 көшенің 69 көшесінде және ішкі орам 281 көшенің 121 көшесінде ирригация жүйесі бар. 2024 жылға аудан бойынша 20 мекен-жайда, жалпы 3,36 шақырым ирригация жүйесін жүргізу жоспарланып, қаржы қаралды. 2024 жылдың 11 шілдедегі 19/161-VIII қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, аталған жұмыстар Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жүргізілуде. Қазіргі таңда «Химфарм» шағынауданы Жағалау, А.Маметов көшелерінің бойына ирригациялық арық жүйесі орнатылып, Сәуле шағынауданы Қазығұрт көшесінде жұмыстар жалғасуда, – дейді Рашид Мамытұлы.
Тұрмыстық қатты қалдық алаңшалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі. Қала орталығында орналасқан аудан болғандықтан, қоқыс жәшігі әр 100 метр сайын орналастырылған. Бұл ретте биылғы жылы орталық көшелерге көлемі үлкен 657 дана темір қоқыс жәшігін орнату жұмыстары жүргізілген. Мердігер компания «Global Business Construction» ЖШС-і жеңімпаз атанып, 680 дана қоқыс контейнерін жеткізіп беру бойынша келісім шарт жасалған. Мердігер мекеме тарапынан бүгінгі таңға дейін 497 қоқыс контейнері жеткізіліп жаңартылды. Жыл соңына дейін, бұл жұмыстар 100 пайыз аяқталады деп күтілуде.
Қазір көпқабатты тұрғын үйлерге, ғимараттарға жылу берілген. Қыстың қатты борандарына жылу құбырлары төтеп беру үшін, тиісті басқармалармен бірлесе отырып дайындық жоғары деңгейде жүргізгенін айтты.
– Жылу-электр стансалары дайын, жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылды. Барлық жұмыс белгіленген мерзімге сай атқарылып келеді. Жалпы елімізде жылыту маусымы әлеуметтік инфрақұрылым үшін 1 қазанда, тұрғын үйлер үшін 15 қазанда басталды. Жылу беру әлеуметтік инфрақұрылым үшін 25 сәуірде, тұрғын үйлер үшін 15 сәуірде тоқтатылады. Әл-Фараби ауданы аумағында 928 көпқабатты тұрғын үйдің 859-ы орталықтандырылған жылу қабылдайды. Оның ішінде 854 тұрғын үйдің қысқы жылу маусымына қарай орталық жылуға қосылған көрсеткіші 99,4 пайызын құрап отыр, — дейді аудан әкімі.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ