Редакция таңдауы

Жаңа инвестициялық жобалар шаһар экономикасына серпін береді

Шымкент қаласындағы “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында 2024 жылы 5 инвест жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өндірістік аймақта биыл іске қосылған инвестициялық жобаларды кеңірек таныстыру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.

Іс-шарада Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов іске асырылып жатқан жаңа жобалар және кәсіпкерлерді қолдау шаралары жөнінде кеңірек мағлұмат берді.
2010 жылдан бері іске қосылған арнайы экономикалық аймағының аумағы 225 га құрайды. Мұнда тоқыма өнеркәсібі, химия, мұнай химиясы және ішінара машина жасау саласындағы жобаларды іске асыру мақсатында инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етілген.
Биыл жаңадан іске қосылған жобаның бірі — Dapter line ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында басталып, қыркүйек айында аяқталды. Кеңсе заттары өндірісінде бүгінде 25 адам жұмыс істеуде. Кәсіпорын келесі жылдың қаңтар айынан бастап толық қуатпен іске қосылмақ. Жеке инвестор тағы да 500 млн теңге жеке қаржысын құйып, өндірісті кеңейтпек ниетте. Үш түрлі дәптерлер шығаратын жаңа өндірістің жалпы құны — 340 миллион теңге. Өндіріс қуаты — жылына 70 миллион дәптер өнімін шығаратын мүмкіндікке ие.
Сондай-ақ, аймақта еліміздің экологиялық өнеркәсіп саласын дамыту бағытында «EKOHIM» ЖШС-ның ток шығарушы, дизелді генератор өндіретін өндірістік жобасы іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 440 миллион теңге. Кәсіпорын жылына 350 дана өнім өндіру қуаттылығына ие. Өндіріс 0,4 гектар аумақта орналасқан және 5 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жеке инвестор өз өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстанға экспортқа шығармақ.
– Арнайы экономикалық аймақтағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіпті дамыту, экономиканың басым секторындағы өндірісті ұлғайту мақсатында енді дамып келе жатқан өндіріс орындарын әрі қарай ынталандырып, әрі қарай дамыту. Мұндағы негізгі қолдау түрі – салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылыммен қамтыған дайын жер телімдерін ұсыну.
Жалпы 60 млрд теңгеге 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл 8,2 млрд теңгеге 5 инвест жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда 500 млн теңгеге 2 жоба іске қосылды. Сынақ режимінде өнімдерді шығара бастады. Қалған жобалар пайдалану актісін әзірлеуде, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Әр жобаның құрылыс кестесіне сәйкес, келесі жылы аталған өндірістік аймақта тағы 5 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Айта кетсек, бүгінде Шымкенттегі индустриялық аймақтардың жалпы саны 7-ге жетті. Осы аймақтарда іске асырылған 293 жоба бойынша қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар