Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханада журналист Үмітхан Алтаеваның «Үміт» кітабының тұсау кесері өтті. Өкініштісі, әріптесіміз сонау ауыр уақыт, пандемияның кезінде келместің кемесіне мініп кеткен болатын.
Жан дүниесі кіршіксіз таза, мынау дүниеге адамдарға жақсылық жасауға келген жандардың санатынан еді. Шығармашылығы да бір керім.
Кітапты баспаға әзірлеген, құрастырған өз шәкірттері. Шыны керек, қоғам таза журналистерді қатты қадірлейді екен. Оңтүстіктің қалам ұстаған ағайынының дені келді. Әлеуметтік желіден көріп қалып келдік дегендер де жетеді. Көріп жүрміз ғой, кей жиындарға мектептерге, ұжымдарға адам салығын салатынын. Сүйтіп қатарын көбейтетінін . Модератор-шәкірті Лаура Тастанбек. Нәзгүл Назарбек, Дилара Бименова және Дәмира Молданазарова, қызы Жанерке Жүсіпбекова секілді шәкірттері кештің әсерлі өтеуіне дем беріп жүр. Төрге «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Иса Омар мен бізді, Шымкенттің ақ мылтық журналистері Асхан Майлыбаева мен Суханберді Оразалыны шақырған екен. Әріптесіміз туралы айттық. Кітаптың тұсауын кестік. Оңтүстік журналистикасының қабырғалы қаламгері Қуандық Оразбекұлы бастап, бір қауым жұрт Үмітхан Рзуанқызы туралы естеліктер айтты.
Әл-Фараби кітапханасының директоры, арқалы ақын, бүгінде үлкен ғалым Анар Жапарқұлова өз естелігінде мынаны айтты. «Айтысқа шыққанда көзімізбен Үмітхан апайды бағар едік. Сөз, ой қайталамауға тырысатынбыз. Қатты талдайтынын білеміз. Ақының бәрі бірдей емес. Дайындап келгенін, бұрынғы ұйқастарына салатындар бар. Соның бірі туралы «Мына ақын былтырғы қоржынын көтеріп келіпті ғой» деп жазғаны бар. Білдік кім екенін. Өзіне айттық. Үмітхан Алтаева шын мәнінде мықты журналист болатын. Әдебиетті талдағанда әдебиетші, мәдениетті талдағанда мәдениеттанушыма деп қалар едік. Білімі мол, дайындығы жеткілікті, тақырыбын біліп жазатын қаламгер еді» деді.
Міне, осыдан-ақ жұрт іздеп келіп, естелігін айтуға асыққан әріптесіміздің тұлғасын тани беріңіз.
Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде үш жылдан астам директор-бас редактор қызметінде болдым. Ұжымның ауызбіршілігі өте жақсы. Аға буын мен жас буынның арасында нағыз шынайы, шығармашылық байланыс болды. Міне, осында жақсы қасиетке Асхан Майлыбаева, Ертай Бекқұлов, Шойбек Орынбай, Жеңіс Баһадүр, Атанбек Наурыз және Үмітхан Алтаева, Серікқали Жексенбай сияқты тісқаққан, үйретері бар үлкендердің алқауымен жеттік.
Оқырмандар газетті мақтай бастады. Өзіміз де керегін беруге қатты іздендік. Жас журналистер сақа аға-әпкелерінен қалысқан жоқ. Жарысып, өндіріп, талғаммен жазады. Дүйсенбі күнгі лездемеде өткір талқыланады. Ауыр сында айтылады. Бірақ, ешбірінде өкпе жоқ.
Бәрі ортақ мәселе, оқырман талғамы екендігін ұғады.
Соның ішінде Үмітхан Алтаева ерек көрінді. Керемет адамдармен керемет сұхбат жасайды. Мінезі жайлы болғанымен әділетсіздікке қас. Әділін жазады. Кейіпкерін толық ашады.
Жазылған тау-тау дүниелерін алдыма үйіп тастадйы. Ақылдасамыз. Оңтүстікті қойып, Алматы, Астанадағы мықтылардан сұхбат алады. Маған кісілер шығады. Әдебиет, өнер адамдары.
«Менен интервьюді Үмітхан Алтаева алсыншы».
Жүсіпбековтер отбасымен, жары Алтаймен ағайындай араласып кеттік. Ұлының, қызының тойының бел ортасында жүрдік. Оңтүстікте аса қадірлі Дүйсенкүл Бопова деген апайымыз өмір сүрді. Партия, комсомол ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған. Сырты суық болғанымен іші жылы осы апайымыз сұхбат беруге жоқ. Үмекең тілін тауып, екі бетке сұхбатын әкелді. Ішіндегісін жасыра алмайтын әріптесіміз Бопованың тұрмыс-тіршілігіне таң қалып келді. Қосарлап он үй салып аламын десе де қолынан келетін, үлкен қызметтер атқарған апамыз аскеттік өмір сүрер екен. Жиһаз, жасау кеңестік. Жарқыраған дүние жоқ.
Ары, жаны таза, бар ісін халыққа арнаған аяулы апамыз тағлымды, мәнді ойлар айтыпты.
Ерғали Оразымбетов. Көрнекті режиссер. Барған байқауларда ол басқарған театр, ұжым Гран Присіз қайтпайды. Таланттардың өмірі қиын, мінезі кіді. Басшыларға бағынғысы келмейді. Өктем сөйлейді.
Осы кісінің де көңілін тауып әдемі сұхбат әкелді Үмітхан.
Екі мысал ғана айттым. Жалпы, байқағаным жан дүниесі айнадай көрініп, жан жағына жылы шуағын шашып тұратын журналист Үмітхан Алтаеваға еш кейіпкері жоқ дей алмайды екен.
Әр жұма сайын Алтаеваның оқырмандарды еріксіз өзіне тартатын, оқыттырмай қоймайтын дүниелерімен ажарланып тұрды облыстың бас басылымы. Біз бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай еңбек еттік.
P.S. «Үміт» кітабының демеушісі қазақ руханиятына қалтықсыз жұмыс істеп келе жатқан, ҚР Парламентінің депутаты Қайрат Балабиев екен.
Бүгінде кітап шығару оңай емес. Қайрат Рақымұлына ешкім өкпе айта алмас деп ойлаймыз. Өйткені, көмек, демеуші болуды сұрайтындар көп. «Үміт» кітабының таралымы аздау екен. Ал, мындай қаламгерлердің жан дүниесінен туған дүниелер жас журналистерге әбден керек.
Кеште сөз алған «Шымкент Ақпарат» ЖШС-і директоры, Шымкент қалалық журналистер одағының төрағасы, қаламдастар арасында сақы атанған Уәли Қыдыр ұйым есебінен 100 дана қосымша кітап шығарып беретіндігін айтты. Үмітханмен қанаттасып жүрген, отбасымен тонның ішкі бауындай болып кеткен кәсіпкер Ақылбек Оразов 100 дана кітаптың қаржысын көтермек.
Яғни, жақсы кітап оқырмандарына жетеді. Үмітхан Алтаева-мықты ақын. Әсерлі кеште Ө.Жәнібеков атындағы пединституттың шәкірттері ақынныңөлең шумақтарын оқыды. Үмітхан ақынның сөзіне жазылған ән орындалды.
Сүйікті жардан айырылу ауыр қайғы. Жан жары Алтайдың кештегі күйзелісінен осыны ұқтық. Соңында Жүсіпбековтер әулеті ас беріп құран оқытты.Үмітхан ұмытылмапты. Арамызда жүр екен. Жақсылар мәңгі жасай береді.
Бақтияр ТАЙЖАН