Мақсат – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласында жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді және ұйымдарда процестерді цифрландыруды көздейтін инновациялық жүйе – «Цифрлық Комплаенс Ассистент» платформасы пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл жөнінде Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының 10 айлық есебінде айтылды.
Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы бірқатар ірі жобаларды іске асырып, болашаққа ауқымды жоспарлар ұсынып отыр. Бұл жобалар тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, заманауи технологияларды енгізу және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қаланың дамуына серпін беруде.
«Ақылды қалаға» қарай сенімді қадам
Шымкентте Smart City бағдарламасы аясында қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі бойынша қала аумағында орналасқан барлық 190 қиылыстағы бағдаршамдарды интеллек-туалды көлік жүйесіне қосу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда, интернет желісіне қосылып жатыр. Бұл жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Мамандар бұл бастама жол қауіпсіздігін арттырып, көлік қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін айтты. Қаланы көгалдандыру саласында да цифрлық жүйе енгізілуде. Қала аумағындағы магистралды көшелерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша, жасыл желектің санын анықтау, есебін жүргізу, заңсыз ағаш кесу фактілерін болдырмау мақсатында «zhasylshym.kz» платформасы әзірленді. Осының арқасында қазіргі таңда, 237 түрлі жасыл желектердің 841 012 данасы есептеліп, осы платформаға енгізілді. «Zhasylshym.kz» платформасы арқылы жасыл желектердің есебі жүргізіліп қана қоймай, олардың жай-күйі бақыланады. Бұл экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
IT саласындағы мүмкіндіктер
Қаланың цифрлық әлеуетін арттыруда Shymkent HUB орталығы ерекше рөл атқаруда. Мұнда IT-стартаптарды дамыту үшін түрлі іс-шаралар, мастер-класстар және оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып, жергілікті IT-қоғамдастықтың белсенділігі артты.
– Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын. Осыған орай, Shymkent Hub өңірлік технопаркі өз жұмысын бастады. Бұл бірігей кешен оңтүстіктегі ғана емес, тұтас еліміздегі IT саласын ілгерлетуге мүмкіндік беретін StartUp жобалардың ұйытқысы болмақ. Қазіргі таңда өздерінің болашағын IT саласымен байланыстырған жастар көп. IT саласын дәріптеу, одан әрі дамыту, жас мамандарға, ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүрген студенттерге өңірлік хабтың мүмкіндіктерімен, қолдау тетіктерімен таныстыру үшін түрлі шаралар өткізудеміз. Цифрландыру – кеңінен дамып келе жатқан сала. Қазір барлық жүйелер автоматтандыруды талап етеді. HUB-тың негізгі мақсаттарының бірі – келушілерге тегін жоғары интернет жылдамдығы бар жұмыс орнымен қамту және стартап жобалар бойынша консультация беру. Жастарға даму үшін осы хабта жиналып, тәжірибе алмасу, түрлі жаңалықтармен танысу мүмкіндігі бар. Коворкинг орталықтарының да сіздер үшін есігі әрдайым ашық, – деді басқарма басшысы Мұхит Кемелов.
Орталықта аптасына 1 рет ақпараттық технологиялар және байланыс саласында қарқынды дамып келе жатқан үздік мамандардың қатысуымен мастер-класстар өткізіліп тұрады. Бүгінде HUB-та IT-қауымдастықты дамытуға және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған 55-ке жуық іс-шара өткізіліп, 1559-ға жуық келуші тіркеліп үлгерген. Жақында «Shymkent HUB» ғимаратында еліміздегі ең ірі «Decentrathon 2.0» хакатоны өткен болатын. Хакатонға ІТ саласына қызығушылығы бар 2000-нан астам қатысушы тіркеліп, өңірімізден 80 адам мен 29 команда қатысты.
Шымкент қаласында цифрландыру саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі — «Alaqan» биометриялық экожүйесінің енгізілуі. Бұл жүйе адамдардың қол алақанының тамырлары бойынша жұмыс істейтін, патенттелген инновациялық технология. Оның негізгі мақсаты – бірыңғай қолжетімділік қағидатын қамтамасыз ету арқылы білім беру және қоғамдық қызметтерді оңтайландыру. «Alaqan» жүйесі әртүрлі салаларда кеңінен қолдануға болады. Әсіресе, ата-аналар, оқушылар және білім беру ұйымдары үшін тиімді болғалы тұр. Атап айтсақ, ата-аналарға арналған арнайы қосымша балаларының мектептегі әрекеттерін бақылауға мүмкіндік береді. Оқушылардың тамақтануын бақылау және төлем жасау үдерісін жеңілдету үшін. Кітапханадағы биометриялық билет арқылы кітап алмасу процесін жеңілдететін инновациялық шешім. Сабаққа қатысуды бақылай алу, оқушылардың сабаққа келу-кетуін автоматты түрде тіркеу. Әлеуметтік топтағы балалардың тамақтануын қадағалауға арналған арнайы жүйе. Сондай-ақ, жүйе арқылы мекемелердің қауіпсіздігін күшейтуге және қызметкерлердің жұмыс уақытын тиімді есепке алуға болады. Мысалы, «Alaqan» сканерлері арқылы ғимаратқа кіріп-шығу жүйесін оңтайландыру. Кіру және шығу туралы деректер ата-аналар мен ұйымдарға жылдам хабарланады.
– Экожүйе деректердің максималды қорғалуын қамтамасыз етеді. Қол алақан тамырларының суреті арнайы кодпен шифрланады, бұл жүйені қауіпсіз әрі сенімді етеді. Цифрландыру басқармасы мен «Alaqan Technologies» компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, экожүйені пилоттық жоба ретінде іске қосты. Әзірге Шымкент қалалық әкімдік ғимаратында, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы жіне «Shymkent HUB» ғимаратында жүйе сәтті жұмыс істеп тұр. «Alaqan» жүйесі қаладағы цифрландыру үдерісіне жаңа серпін береді. Білім беру саласында, қоғамдық орындарда және мемлекеттік мекемелерде қауіпсіздікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартады. Бұл Шымкент қаласының заманауи технологиялар орталығына айналуына ықпал ететін маңызды қадам болады деп күтеміз, — дейді басқарма басшысы.
Пилоттық жоба нәтижелері
Smart City концепциясы аясында Шымкент қаласында «Цифрлы контейнер» жобасы қаладағы қоқыс алаңшаларын басқаруды оңтайландыру мақсатында пилоттық жоба ретінде қолға алынып, алғашқы нәтижелерін көрсеткен.
Қоқыс алаңшаларына талдау жүргізілгеннен кейін, жеке компания тарапынан Желтоқсан көшесі №88 мекенжайында орналасқан қоқыс алаңына бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жүйе бейнебақылау арқылы аналитика жасай алады. Қоқыс алаңдарының толуы, заңсыз көліктердің келуі және басқа да мәселелерді нақты тіркеп отырады. Сонымен қатар QR код тақтайшалары арқылы қала тұрғындары 109-Бірыңғай байланыс орталығының WhatsApp мессенджеріне тікелей өтініш жолдай алады. Бейнебақылау жүйесінің енгізілуі нәтижесін бірден көрсетті. Осы уақытқа дейін қоқыс алаңшасының 52 рет толуы тіркелген. 164 заңсыз көлік құралы анықталса, 1 жану фактісі тіркеліп, шара қолданылды. Сонымен қатар, Желтоқсан көшесі №88, Мангельдина көшесіндегі №44 үй маңындағы алаң, Арай-2 азық-түлік дүкені жаны және Измир көшесіндегі аллея маңына QR-код тақтайшалары орнатылған. Орнатылған QR-кодтар арқылы қала тұрғындары мәселелерін оңай және жылдам жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл жүйе 109-Бірыңғай байланыс орталығына өтініш беруді едәуір жеңілдетті. Пилоттық жоба аясында қала тұрғындарынан барлығы 14 өтініш түскен.
Басқарма есебінде тағы бір көңіл аудартқан жоба денсаулық сақтау саласында кадрлық басқаруды жаңғырту мақсатында енгізіліп жатқан «HR-process» жүйесі. Бұл жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына арналған кадрлық іс жүргізуді оңтайландыруға бағытталған инновациялық шешім болып табылады.
– HR-process жүйесін енгізу арқылы келесідей маңызды мәселелер шешімін табады. Кадрлық ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз ету, барлық мәліметтердің дұрыстығын бақылау. Құжат айналымының нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі, жүйе қызметкерлердің біліктілігіне қарамастан, заңнама талаптарын сақтауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен «КДС Франчайзинг» компаниясы арасында HR-process пилоттық жобасын іске қосу және ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандумға қол қойылды. Жоба денсаулық сақтау ұйымдарында кадрлық процестерді автоматтандыруға бағытталып отыр. Пилоттық жобаның аясында Шымкент қаласының №2 қалалық емханасының үш корпусына планшеттер орнатылды. Жүйе арқылы мекеме қызметкерлеріне жұмыс процесін тиімді басқару, жалақыны есептеу, кадрлық мәліметтерді бақылау сияқты маңызды функциялар ұсынылды. Сонымен қатар, қызметкерлерге жүйені қалай қолдану керектігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, — дейді Мұхит Кемелов.
HR-process жүйесі нәтижелі болса, Шымкент қаласының кадрлық басқару саласындағы цифрлық трансформацияның маңызды бөлігі болмақ.
Тағы бір пилоттық жоба «Цифрлық комплаенс ассистент» платформасы. Аталған жоба аясында Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, «Куатжылуорталык-3» МКК және «Prime Source» ЖШС арасында 4 жақты меморандумға қол қойылып, пилоттық жоба ретінде «Куатжылуорталык-3» мекемесінде «Цифрлық Комплаенс Ассистент» жүйесі орнатылған. Платформаны сынақтан өткізу нәтижесінде 63 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар жасалды.
– Платформа жемқорлық тәуекелдерін басқарудың жаңа әдістемелері мен құралдарының арқасында өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Бұл жүйе ұйымдарға ашықтықты арттырып, бюджеттік шығындарды оңтайландыруға көмектеседі. Алдағы уақытта «Цифрлық Комплаенс Ассистент» платформасын Шымкент қаласының басқа да салалық басқармалар мен мекемелерге енгізу жоспарлануда. Бұл қадам сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, бюджеттік шығындарды оңтайландыруға және басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді, — дейді басқарма басшысы.
Цифрлық технологияларды қолдану арқылы Шымкент қаласы заманауи және ыңғайлы инфрақұрылымды дамытуда маңызды қадам жасауда. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қаланы таза әрі жайлы мекенге айналдыруға бағытталған.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА