Редакция таңдауы

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – азаматтық белсенділікті арттырудың амалы

Қазіргі таңда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, яғни, азаматтарды өздерінің тұрғылықты жерінде қабылданған шешімдерге немқұрайлы қарамай, белсенді түрде қатысуын қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Шынтуайтында, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, айналамызда орын алып жатқан жәйттарға, мәселелерге жете көңіл бөле бермейтініміз рас. Ал, бұл өз кезегінде қоршаған ортаның дамуына кері әсер етеді. Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған «Shymkent Azamattyq basqaru» жобасы осындай олқылықтармен күреспек.

«Shymkent Azamattyq basqaru» жобасының жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлының баяндауынша, жаңа жоба азаматтарды өзін-өзі басқаруға белсенді түрде қатыстыра отырып, жергілікті жердегі мәселелерге қатысты оң шешім қабылдау процесіне әсер етуді көздейді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел тұрғындарының мүдделерін толық¬қанды іске асыруға бағыт¬талған жер-гілікті өзін өзі бас¬қару жүйесі жайлы айтқан болатын. Президенттің тапсырмасына орай еліміздің барлық аймағында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге арналған іс-шаралар қолға алынуда.
Айталық, Шымкентте іске асырылып жатқан «Shymkent Azamattyq basqaru» жобасы арқылы біз өз тарапымыздан Шымкент қаласында тұрғындардың белсенділігін арттыруға және оларды жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешуге атсалысуға бағытталған іс-шаралар жоспарын жасаған болатынбыз. Сонымен қатар, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қала жастарының басым бөлігінің жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысудың маңыздылығын сезінбейтінін және азамат ретіндегі құқықтарын толық білмейтінін анықтадық. Осыған байланысты бүгінде жастармен жиі кездесулер ұйымдастырып, олардың өз қаласын басқаруға қалай қатысатынын және шешім қабылдауға әсер ете алатынын түсіндірудеміз. Соның нәтижесінде тұрғындар елді мекендерді абаттандыру, құрылыс жобаларын жоспарлау және өмір сүру сапасын арттыру сияқты жергілікті мәселелерді шешуге, халық қатысатын бюджет жобасының іске асырылуына атсалыса бастады, — дейді жоба жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы.
Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару – қоғамды демократияландырудың маңызды аспектілерінің бірі. Дегенмен, оның халық арасында насихатталуы әлі де кемшін. Сондықтан, аталмыш жоба ұйымдастырушылары Шымкент қаласының тұрғындарына жергілікті өзін-өзі басқаруға қатыса алатынын және олардың қабылданған шешімдерге өз көзқарасын білдіруге құқылы екенін түсіндіруде.
– Қазір Шымкентте жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органы ретінде қала мәслихаты жұмыс істейді. Мәслихаттың құзыреті заңмен бекітілген. Депутаттар – халықтың өкілі. Халықтың құқығын қорғап, қажетін атқарушы билікке жеткізеді. Соңғы шақырылым құрамында кәсіби мамандардың үлесі басым. Бұл елді мекеннің түйткілді мәселелерін шешуде өте қажет дүние деп білемін.
Қазақ қоғамында билер институты да құқықтық және әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарған. Сондықтан, қазір жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне билер институтын да тарту көзделіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде билер институтына халық үніне құлақ түретін, пікірін ескеретін, әділеттілікке негізделген жергілікті өзін-өзі басқарудың заманауи моделіне ықпал ете алатын жақсы бір бастама ретінде қарауға болады. Ал, болашақта ол өзін-өзі басқару органдарының бір бөлігі ретінде әрекет ететін, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді және азаматтық істерді бейбіт жолмен шешуге көмектесетін беделді органға айналуы тиіс, — дейді Марғұлан Ермағанбетұлы.
Әрине, ол үшін билердің құрамында ауылдың көпті көрген, көнекөз ақсақалдары мен өмірлік тәжірибесі мол беделді азаматтары болуы керек. Сосын олардың құқықтық сауаты болуы қажет. Бұл олардың қазіргі заманның құқықтық жүйесімен үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді және әділетті шешімдер қабылдауына жағдай жасайды.
Мұнымен қоса, билер қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен бірлікті сақтауға ықпал етеді. Осы мақсатта билер жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына еніп, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Билердің қоғамдағы рөлін күшейтіп, беделін арттыру үшін ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында билер институтының тарихи рөлі мен маңызы туралы арнайы курстар енгізудің де маңызы орасан зор.
– Мәслихат пен қоғамдық кеңес бар кезде «бұған қажеттілік туа қоймас» деген пікірлер айтылуы мүмкін. Кезінде «қоғамдық кеңестерді де қажет емес» деген сарапшылар кездескен. Сондықтан, мұндай эксперименттен қорықпау қажет. Керісінше, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып көрген абзал. Айта кету керек, жастар да – азаматтық қоғамның болашағы және өзгерістердің драйвері бола алады. Өскелең ұрпақты өзін-өзі басқаруға тәрбиелеу үшін кездесулер мен іс-шараларды көбірек ұйымдастыру қажет деп ойлаймын.
Жалпы, «Жергілікті өзін-өзі басқару» заңының 39-7 бабында қарастырылған жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестерін құру қажеттілігі туып отыр. Қазір біз осы бағытта «ShymkentBasQaru» ақпараттық ресурсын жасап, оны аудандардағы қоғам белсенділері мен билер кеңесінің талқылауына ұсындық, — дейді жоба жетекшісі.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар